Шағын несие – кәсіпке қолдау
“Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде қалаларда шағын несиелендіру жұмыстары ойдағыдай жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа 703,8 млн теңге қарастырылыпты. Ал, шағын несие алып, өз ісін бастап жатқандардың денін әйелдер құрап отырған көрінеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Горянная айтып берді.
-Ағымдағы жылдың сегіз айында екінші деңгейлі банктер шағын несиелендіру бойынша 594 млн теңгеге 50 жобаны мақұлдады. Шағын несиенің орташа чегі 12 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, 109,8 млн теңге сомасындағы қаражат қалдығына банктер де өтінім қабылдады. Тұтастай алғанда, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламаны іске асыру оң әлеуметтік-экономикалық нәтиже беруде, – дейді Р.Горянная.
2017 жылдан бастап облыс қалаларында шағын несие алушылар бюджетке 350 млн теңге салық аударымдарын аударған, сондай-ақ 670-тен астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Бұдан басқа шағын несиелеудің арқасында қалаларда 57 жаңа стартап-жоба, сонымен қатар 16 жас кәсіпкер жобасы іске қосылды. Айта кетер жәйт, әйелдер арасында шағын несиелеу белсенді жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңінде облыс қалаларында 93 жоба әйелдердің күшімен жүзеге асырылды, яғни бұл тұрғыдағы көрсеткіш 47 пайызды құрап отыр.
Брифингте сөз алған жеке кәсіпкер Наталья Тычина да аталмыш бағдарламаның арқасында өз жобасын жүзеге асырғандығын айтады. Ол өз кәсібін 2004 жылы киім дүкенін ашудан бастапты. Бірақ, ол кезде дәл бүгінгідей бәсекелестік бола қойған жоқ. Ал, қазір ондай сауда орындарын қаланың кез келген бұрышынан кездестіруге болады. Сондықтан, кәсіпкер келіншек тек сауда саласымен тоқтап қалмай, басқа да кәсіпті қолға алуды ойластырады.
-Әрине, кәсіп ашу оңай емес, қаншама төзімділікті, еңбекқорлықты қажет етеді. Бірақ, сауда саласын әбден меңгеріп алған маған екінші кәсіп ашу аса қиынға соқпады. Бәрін ойластыра келе, мен қоғамдық тамақтану орнын ашуды көздедім. Әрине, кез келген кәсіпкер үшін бір істі бастауда үлкен тәуекелге баруға тура келеді. Өйткені, жаңа идеяға өз қаражатын салу әрдайым ақтала бермейді. Оның үстіне, егер қаражат жеткіліксіз болса. Ондай жағдайда кәсіпкер мемлекеттік көмекке жүгінуге мәжбүр. Мен осылай жасадым. “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қорына жүгініп, “Еңбек” бағдарламасы арқылы шағын несиеге қол жеткізуге болатынын білдім. Осылайша, мен шағын несиеге қол жеткізіп, оған қажетті жабдықтар, тұрмыстық техника мен жиһаз сатып алуды жоспарладым. Банк-кредитор ретінде мен “Сбербанкті” таңдадым және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы менеджерлерінің жәрдемдесуінің арқасында мен қажетті құжаттар топтамасын тез жинадым. Сөйтіп, 15 млн теңге несиеге қол жеткізіп, өткен жылы қараша айында Жаңа қала шағын ауданында “Мани” деп аталатын Gastrobar-мейрамханасын аштым. Қазір кәсібімді дөңгелентіп отырмын. Сондықтан, кәсіп ашамын деген кез келген жанға айтарым, ешқашан бір істі бастаудан қорықпаңыз. Құдайға шүкір, қазір мемлекет тарапынан да кәсіп ашамын дегендерге көп жеңілдіктер жасалып жатыр. Осындай мүмкіндікті жіберіп алмау керек, – дейді іскер әйел Наталья Тычина.