Жобаға бәрі жауапты
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының өңірдегі орындалу барысы туралы сөз болды. Алдымен облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру туралы баяндады.
Естеріңізде болса, үстіміздегі жылы Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру туралы айтқан еді. Жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі өмір сүру сапасын жақсарту, селолық округтердің әлеуметтік ортасын жаңғырту екендігі белгілі. Осы мақсаттарға 2019 жылы республикалық бюджеттен 30,0 млрд теңге бөлінді.
Басқарма басшысының айтуынша, жобаны жүзеге асырудың алғашқы жылында ірі елді мекендерге баса назар аударылған. Жобаға бес аудан орталығы қатысады. Атап айтқанда өңірдегі 548 ауылдың ішінде 41 мыңнан астам адам тұратын Әулиекөл, Қарасу, Боровской, Сарыкөл және Федоров ауылдары осы тізімге еніп отыр.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2,3 млрд теңгеге бағаланған 46 жоба жүзеге асырылады. Олар – мектептерді, мектеп жанындағы интернаттарды, балабақшаларды, қосымша білім беру ұйымдарын, мәдениет үйлерін, кітапханаларды, стадиондарды, аудандық ауруханалар мен емханаларды күрделі және ағымдағы жөндеу, сондай-ақ кентішілік жолдарды орташа жөндеу сияқты ауқымды жобалар.
Барлық жұмысты тамыз айынан қараша айына дейін аяқтау қарастырылған.15 жоба толығымен аяқталған. 31 жоба бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні 800,0 млн теңге немесе бөлінген қаражаттың 35% игерілген.
Әсіресе, Қарасу, Сарыкөл аудандарында тиісті қаржыны игеруге қатысты көрсеткіш төмен – 24,1% және 24,9%. Жекелеген аудандардағы білім ошақтарын күрделі жөндеуге қатысты жобалар ерекше назар аударуды талап етеді. Сарыкөл ауданындағы Ө.Сұлтанғазин атындағы орта мектеп, Қарасу орта мектебінің, «Достық» мәдениет үйінің ағымдағы жөндеу, Меңдіқара ауданындағы Шотаев атындағы орта мектепті ағамыдағы жөндеуден өткізу жұмыстары қараша айында аяқталады.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан басшыларына жұмыс қарқынын жеделдетіп, бөлінген қаржыны толық игеруді қатаң тапсырды.
Селокторлық жиында Сарыкөл, Қарасу, Меңдіқара аудандары әкімдерінің атқарылған жұмыс барысы туралы есептері тыңдалды.
Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты жаңа Жолдауына сәйкес, «Ауыл – ел Бесігі» арнайы жобасын іске асыру өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалғасады. 2024 жылға дейін республикалық бюджеттен алдағы үш жылға қосымша 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражатты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (сумен жабдықтау, кәріз, газ, жылу, электрмен жабдықтау нысандары), әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт нысандары), инженерлік-көліктік инфрақұрылымдарды күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (кентішілік және селодан тыс жолдар, кірме жолдар), су, жылу, газ, электрмен жабдықтау, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру жабдықтары мен желілерін тарту сияқты ауқымды жобаларға бөлу жоспарланған.
Облыс әкімі «Ауыл ел бесігі» жобасы шеңберіндегі іс-шаралар басқа мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын іс-шараларды қайталамауы тиіс екендігін қадап тапсырды.
– «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін ауылдарды іріктеу әкімшілік мәртебесіне, даму перспективасының болуына, халық санына, шекара маңындағы орналасуына және ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін сипаттайтын басқа да көрсеткіштерге сүйене отырып жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта 2020 жылға қатысу үшін өңірде жеті ауыл алдын ала анықталды. Олардың ішінде аудан орталықтары – Денисов, Қамысты, Қарабалық, Қарамеңді, Ұзынкөл, сондай-ақ, ірі тірек ауылдар– Силантьев және Тобыл кенттері бар,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Осыған байланысты өңір басшысы Денисов, Қамысты, Қарабалық, Науырзым, Алтынсарин, Бейімбет Майлин және Ұзынкөл аудандарының әкімдеріне бір апта ішінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тиісті нысаналы іс-шараларға және 2020 жылға жоспарланған жобаларға арналған құжаттаманы әзірлеп, тапсыруды міндеттеді.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.