Әлеуметтік жоба қорытындыланды
Ә. Боранбаев атындағы кинотетрда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдауы аясында бейбітшілік, этносаралық және дінаралық келісім құндылықтарын насихаттау, діни сауаттылықты арттыру, дін тақырыбындағы өзекті мәселелерге назар аудару, ағартушылық тәжірибе алмасудың жаңа тетіктерін әзірлеу, деструктивті идеялардың таралуының алдын алу мақсатында "Тарихи, мәдени және діни дәстүрлер – Қазақстан халқының рухани келісім негізі" атты конференция болып өтті.
Конференцияны облыстық "Деструктивті діни қозғалыстардан зардап шеккендерге көмек көрсету" орталығының директоры Ю. Калюжная жүргізіп, аталған орталықтың маманы Т. Нұғманов – "Қазақстан халықтарының рухани келісімнің негізі – дәстүрлі құндылықтар", А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылым магистрі Қ. Оралбай – "Дін және жастар", Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты ректорының кеңесшісі Қ. Ағуанов – "Бейбітшілік пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз", Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Н. Мұқанова – "Мемлекетті дамытудың ең маңызды шарты – бейбітшілік және келісім", Мұхтасиф Әлмұхамед молла атындағы Арқалық қалалық мешітінің бас имамы Б. Уәлиев – "Дін мен дәстүр сабақтастығы" тақырыптарында баяндама жасады.
– Биылғы жылы алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде: «Қазіргі діни ағымдардың қызметі туралы халықтың діни сауаттылығын арттыру» атты әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Бұл жоба облыстық «Тәжірибелі психологтар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі арқылы мақұлданып, таратылуда. Бүгінгі өтіп отырған конференция соның түйіні іспетті, – дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Айтмағанбетова.
Конференция соңы ұлттық шығармашылық ұжымдардың концертіне ұласты.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы