ЖОЛҒА ЖҰМСАЛҒАН ҚАРЖЫ ЖЕЛГЕ ҰШПАСЫН

Автокөлік жолдарының сапасы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Жол құрылысы мен жөндеуіне қомақты қаржы қарастырылса да, атқарылып жатқан іс мардымсыз, ал төселген жолдың сапасы төмен. Осы олқылықты жою мақсатында, биыл ел үкіметінің қаулысымен "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК құрылған еді. Оның мақсаты автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу кезіндегі жұмыстар мен қолданылатын материалдардың сапасына сараптама жүргізу.

Орталық жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ел көлемінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігімен бірлесіп, "Адалдық алаңы" жобасы аясында "Сапалы жол – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі құрылды. Бақылау ұйымының Тобыл өңірінде де жасақталғанын айта кеткен жөн.

"Қостанай – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі жол сапасының ұлттық орталығымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментімен және бірқатар қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, аудандық, жергілікті маңызы бар жол төсемі мен Қостанай облысының республикалық трассалары құрылысының сапасын бақылауға алды.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізудің сапасын бақылау және талдау мақсатында құрылған жұмыс тобы Қостанай облысының Федоров ауданындағы "Федоров – Первомайское" автожолын орташа жөндеу учаскесін назарға алды.

Инспекция барысында жұмыс жүргізу технологиясының, жол төсемінің орналастырылатын қабаттарының геометриялық параметрлерінің (ені, қалыңдығы), сондай-ақ асфальтбетонды төсеу қағидалардың сақталуы тексерілді.

Шара барысында төсемнің көлденең еңістерінің сәйкес келмеуі, жол жолақтарының рұқсат етілген нормадан асып кетуі,  жол жиектеріне қиыршық тас төселмей, негізгі инертті материалдың төселетіндігі анықталды. Осы тектес олқылықтардың салдарынан, жаңа төселген жол жарылып, кей жерлерде ойық пайда болған.

Жол төсемінің айтулы кемшіліктерін анықтаған жұмысшы тобы өз қорытындыларымен ауданның ТКШ-мен бөліспек ниетте. Осыдан кейін, жол жөндеуге жауапты тұлғалармен жұмыс жүргізу жоспарланған.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓