Еңбекқор отбасы – тәуелсіз елдің тірегі
Отбасындағы тіршіліктің дұрыс ұйымдастырылуы балалардың еңбекқор болуын, әр нәрсеге жоғары жауапкершілік сезімімен қарауды, адамды құрметтеу сияқты адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына мүмкіндік туғызады.
Балаларын жастайынан еңбекқорлыққа баулып, маңдай терімен тапқан адал еңбектің қайырымы мол екендігін ұғына білген ауданымыздағы белді кәсіпкерлеріміздің бірі Бектан Хасен 1996 жылдан бері жеке кәсіппен айналысып, нарық заманның нарқын бағасына ырық бермей өз кәсібінен нәсіп тауып отырған жан.Бектан Сәкенұлы аудан орталығынан азық – түлік сататын екі дүкен ашып, тұтынушыларға тиімді бағада сатылуын қамтамасыз еткен. Сонымен қатар сегіз адамды жұмыспен қамтып, ауданның әлеуметтік – экономикасына мейлінше өз үлесін қосып отырған кәсіпкер.
Құдай қосқан қосағы Құндыз Қайырханқызы отағасының тапқан табысын үлгіртіп, өз отбасының игілік қуанышына ғана тұтынып қоймай, өзгелерге де көмек қолын созуға әзір. Сөзімізге дәлел ретінде тарқата айтсақ , артықшылығы бола қоймас. Бектан мен Құндыз әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үнемі азық – түлік жағынан көмектесіп отырады. Сонымен қатар “Оспан қожа әулие” мешітіне, жыл сайын “Мектепке жол” акциясына және спорт мектебіне жиі демеушілік жасап, қайырымды игі істің басы–қасында жүреді. Бала тәрбиесі олар үшін басты назарда. Отбасында үш ұл, екі қызы бар. Үлкені Шерхан балалар–жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Дзюдо мен қазақ күресіне машықтанып алғандығы сондай облыстық, республикалық жарыстарда ауданның намысын қорғап, жеңістің туын желбіретіп жүр. Кіші ұлы Мұстафа еркін күрестің ебі мен ыңғайын енді үйреніп жүрсе де оқушылар арасында өтетін спорттық сайыстарда топжарып жүр. Қызы Жібек Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің үлгілі оқушысы, пәнаралық олимпиадалардың жеңімпазы, мектеп мақтанышы. Ал Алпамыс биыл ғана алғаш мектеп табалдырығын аттап, 1- сыныпқа қабылданды.
Бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады.
Байбатыр Ахметбеков
Жанкелдин ауданы