Ерлігі ел есінде
Мінеки, бұл қаралы күнге де бір жыл болыпты. Қас пен көздің арасында мәрттік шешім қабылдап, елдің өмірін сақтап, өшпес ерлік жасаған қас батырды туған туыстары, аудан халқы еске алып, рухына дұға бағыштады. Жылдық асына жиналғандар тәжірибелі ұшқыш Маратқа мың тағзым жасады.
Марқұм М.Едігеевті еске алуға сонау Қарағанды қаласындағы 50185 әскери бөлімінен бірге істеген әріптесі, капитан Алмас Игіліков, Қостанайдан капитан Андрей Филипов, лейтенант Данияр Испутинов және Ербол Бекмырзалар арнайы келді.
Елі үшін өз ғұмырын құрбан еткен әуе күштерінің жетекшісінің ерлігін еске алып, сөз алған аудан әкімі Эльдар Күзенбаев оның артында қалған ағайын-туыстарына, ұрпақтарына жақсылық тіледі. Сондай-ақ, Қарағандыдан келген қонақ Алмас Игіліков және Соналы орта мектебінің директоры Қаду Сақауовтар да Марат Оразұлы хақында естеліктер айтты.
Иә, бейбіт заманның батырын тіпті, күн сайын еске алып, оның рухына тағзым жасасақ та еш артық етпейді. Өйткені, оның есімі – ел есінде.
Руслан
ӘЛКЕЙ
Сарыкөл ауданы.