Қыс қамын жаз ойлаған…
Қостанай облысы әкімінің қатысуымен өткен аппарат жиынында Науырзым ауданының жылыту маусымындағы көрсеткіштері тыңдалды. Аудан әкімі Талғат Кәрбозовтың айтуынша, былтырғы жылыту маусымына 22032 тонна қатты отын түсірілген, соның ішінде 700 тонна «Науырзым сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, 7246 тонна бюджеттік мекемелерге және 14086 тонна аудан тұрғындарына үлестірілді. Қазіргі таңда бюджеттік мекемелердегі көмір қалдығы – 200 тонна.
– 2018 жылы «Науырзым сервис» ЖШС-де үш көп пәтерлі үйді жылытып отырған № 1 қазандығы жаңадан ауыстырылды. Сонымен қатар № 2 қазандықтың шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылыту маусымының барысында жылу беру объектілерінде төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Келе жатқан 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына іс-шаралар жоспарына сәйкес, 22032 тонна, оның ішінде бюджеттік мекемелерге және 7246 тонна, аудан халқына 14086 тонна және «Науырзым сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 700 тонна қатты отын түсіру қажет. Екі жылыту қазандығын және 49 автономды жылыту жүйелерін, 19 білім беру объектілерін, 9 бірлік денсаулық сақтау объектілерін және 33 әлеуметтік сала объектілерін дайындау жұмыстары тұр, – деді Талғат Тойшыбекұлы.
Жылыту нысандарын дайындау кезінде қазандық құрылғыларына ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстары (циркулярлық сорғылар, жапқыштар, мұржаларын ауыстыру, қазандықтарды жөндеу, сырлау, әктеу) жүргізілетін болады. Бюджеттік мекемелермен көмірді сатып алуға және жеткізуге байланысты келісімшарттар 100%-ға жасалды. Көмірді жеткізу шілде айынан басталады.
– Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында 2018 жылы «Науырзым ауданы Қарамеңді ауылында жылыту трассасы бар қазандықтың құрылысы» жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жобада халықты, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала объектілерін қосу көзделген. Жобаның сметалық құны 571,309 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік сараптамасы бар. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жобаны арзандату және оңтайландыру мақсатында түзетулер енгізілуде. Нәтижесінде, шамамен 114-120 млн теңге үнемдейміз, – деді аудан әкімі.
Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов алдағы жылыту маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды.
– Бүгіннен бастап 2019-2020 жылыту маусымына арналған арнайы штаб құрылады. Әр айда бір рет кездесіп, жылу нысандарының жай-күйі туралы есеп беріп отырасыздар. Биылғы қыс қатты болған жоқ, едәуір отын үнемдедік. Алдағыны болжау қиын. Сондықтан, бөлінген қаражатты ретімен жұмсаңыздар. Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспесін, – деп тапсырма берді Архимед Мұхамбетов аудан-қала әкімдеріне.