Қария неге ҚАМЫҚТЫ? немесе әкелі-балалы жандар жарты жыл бойы неге тіл табыса алмай жүр?

SAM_0445Жуырда  редакцияға жасы жетпіске таяған бір кісі келді. Бір қарағанда бойшаң, қапсағай денелі, аяқ-қолдары балғадай әлгі азаматты бірдеңеге мұқтаж жан екен деп ойламайсыз. Бірақ, тағдырдың тауқыметін тартқан ақсақал тілшілердің табалдырығын еріккеннен аттамапты. Қартайғанда жанына батқан мұңды сейілтуге бір  септігі тиер деген оймен келгенін жасырмады ол.
– Қарағым, менің есімім Сейілхан Аяпов. Жасым 69-ға таяды. Осы жас-қа келгенше біреудің артынан сөз айтқан иә болмаса кісінің сыртынан домалақ арыз жазған  жан емес едім. Алайда, мына бір жағдай жаныма әбден батқан соң, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым. Ертеде шау тартқан шағында жүріп-тұруы мұң болған бір үлкен кісі "быламық ішейін деген асым ба еді, тоқсан көрейін деген жасым ба еді", – деп налыған екен, сол айтпақшы, өзім дүниеге келтірген балаларымның үстінен арыз айтайын деген ойым жоқ еді, – деп екі иығы селкілдеп, көз жасына ерік берді зейнеткер (1-ші суретте).
Жасы ұлғайған кісінің жылағаны қиын екен. Тіпті, Сейілхан ағаға не деп басу айтарымды білмей дал болдым. Көмейіне өксік тығылып, біразға дейін томаға тұйық отырған ақсақал әңгіменің тоқ етеріне көшті.
– 2005 жылы 34 жыл отасқан жарым о дүниелік болды. Ол кісі өзінің бар саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған  жан  еді. Кемпірім өмірден озған соң, маған енді дүниенің керегі не деп меншігімдегі бір емес, екі  үйді  қызым Айсұлудың атына жазғыздым. Үш ұлдың ортасында өскен жалғыз қыз ғой деп үстінен құс ұшырмай, желкілдетіп-ақ өсіріп едім. Өзім Заречныйда, марқұм кемпірімнің құдашасымен екі жарты, бір бүтін болып, түтін түтетіп отырмыз. Балаларыммен арадағы бітіспес дау өткен жылы басталды. Айсұлу ортаншы ұлым Асқарға: "Үйіңді сат. Қымбат сұрама, үстінен мен ақша қосып, кеңірек үй алуға жәрдемдесемін", – депті. Осыған сенген Асқар өзі тұратын екі бөл-мелі пәтерін 750 мың теңгеге сауда-лаған. Алушы да көп кешіктірген жоқ. Ұлым сатып алушыға ақшаны алғандығы және үйді таяу күндері босататынын айтып қолхат беріпті. Мерзім-ді уақыты жеткенде үй алушылар ке-ліп, ортаншы ұлдан үйді босатуын талап етеді. Ал Айсұлу уәде еткен ақша жоқ. Екі арада әрі-сәрі күй кешіп, отбасымен далада қалу қаупі туғанда  ұлым бебеу қағып, маған телефон соқты. Содан Меңдіқараға барып, іс-тің анық-қанығына көз жеткізбек болдым. Бар кикілжің міне, осыдан туын-дады. Мен қызды үйден қуып шықтым. Ол ағасының үйіне қонып, келе-сі күні жанына учаскелік полиция қызметкерлерін ертіп келді. Солардың көзінше: "Ты мне больше не отец. Что у тебя есть, все заберу", – деп қоқан-лоқы көрсетті. Мені дымсыз қалдыратындай оларға не жаздым?!
Әңгімесіне қарағанда, Сейілхан аға кезінде абыройсыз болмапты. Меңдіқара ауданындағы автобазада табан аудармай қырық жылға жуық жұмыс істеген. Тұсында коммунистік еңбек екпіндісі де атаныпты. Жоғарыдағы аталған екі үйдің бірі оған мекеме арқылы берілген. Екіншісін ұзақ жыл бойы жиған-тергеніне сатып алған (Екі үйдің құжаттары да қолында бар-Ә.Ы).
– Маған енді дүние-мүліктің керегі шамалы. Қалған ғұмырымда осылай өтермін. Бар ойым екі үйдің бірін ұлыма бергізу еді, – деп қамығады С.Аяпов.
SAM_0380– Бұл әңгімені бүкіл аудан естіді. Жұрттан ұят өзі. Бәрінен бұрын әкемді аяймын. Бізді өмірге келтіріп, өсіріп-жеткізгенде көрсеткен жақсылығымыз осы ма деп қынжыламын. Бірақ, менің қолымда тұрған ештеңе жоқ қой. Абырой болғанда, үйімді саудалаған кісілер біздің жағдайымызды түсініп, баспанамды қайтарып берді. Әйтпесе, апама (Айсұлу Сейілханқызын айтады – Ә.Ы) сеніп, үйсіз қалады екенмін. Үйді сатқан ақшаға 1 000 000 теңге қосамын деген уәдесін орындаған жоқ. Жұмсап жібердім  дейді.  Бұдан кейін не айтасың ол кісіге, – деп қынжылады Сейілхан Аяповтың ортаншы ұлы Асқар (2-ші суретте).
Әкелі-балалы екеу осылай деген соң біз Айсұлу Аяпованы іздедік. Ол кісі  аудан орталығындағы Ғаббас Жұмабаев атындағы орта мектепте қызмет істейді екен. Мектеп директорының міндетін атқарушы оның жеке шаруамен кеткенін айтты.
– Айсұлу Сейілханқызы өз жұмысын біледі. Ұстаздар қауымымен тіл табыса білетін жан.Ол кісі туралы пікірім жақсы, – деді Күләш Кілетаева.
Біз  Айсұлумен Қостанай қаласында кездестік ( Ол өзін суретке түсіруге қарсы болды).
– Әкем анамыз қайтқан соң екі жылдай бізбен бірге тұрды. Содан Астанаға кетіп қалды. Сол жақта үйленді дегенді естідік. Бірақ, онда көп тұрақтамай, қайтып келіпті. Қазір Заречныйда тұрады. Алдында араласатынбыз. Бізге қол жұмсағаннан кейін әкеммен арадағы қатынасты үздік. Оны ешқашан кешірмейміз. Қит етсе балаларына қол көтереді. Әрі-беріден соң әкеміздің бізге көрсеткен өмір бойғы қорлығын сіз мүлде білмейсіз.
Бұған Сейілхан Омарұлының айтар өз уәжі бар:
– Иә, қол жұмсағанымды жасырмаймын. Себепсіз салдар болмайды. Ызалары өткен соң осылай істе-дім. Апыр-ау, ұрсам өз балаларым емес пе?! Ақыры шыдамым таусылған соң үйден киім-кешегімді алып, бір чемоданмен кеттім.
Ақсақалдың құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып, әділ-дік іздеп жүргеніне  жылға жуықтапты. Бұл уақытта отбасындағы қандай ұрыс-керістің де ұмытылары сөзсіз. Сонда бұл ұмытуға, кешіруге болмайтын қандай текетірес? Көкейі-міздегі осы бір сауал жауапсыз қалды.
"Әке-шешең жынды болса, байлап бақ" деген, жүз жерден әке жынды болса да, перзенттік парызды өтеу қайда қалады? Болмашы дау-дамайға бола қартайған әкені үйден бездіріп жіберетіндей не күн туды?!
 "Ниса" сүресінің 36-аятында: "Алла тағалаға құлшылық етіп, құл-шылықтарыңда Оған еш нәрсені ортақ етпеңдер. Әрі ата-анаңа жақсылық істеңдер" дейді.
Рас, Сейілхан Аяповтың әрекеті де заңға томпақ. Өйткені, ол үй-жайын кезінде қызының атына өз қолымен заңдастырып берді ғой.
– Заманында қатарымнан қалмаған азамат едім, қартайғанда көргенім осы болды. Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын мен. Бар уайым жанымды жегідей жеп барады. Қазір у ішкендей күйде жүрмін. Қызымның көрсеткен қорлығын ойласам, ұйқымнан шошып оянамын. Өзім аурушаңмын. Ота жасау керек дейді дәрігерлер. Емделейін десем, жиған-терген ақшам жоқ, – деп кемсеңдейді шарасыз қария.
Әлібек
      ЫБЫРАЙ
РЕДАКЦИЯДАН: Біз бұл мақаланы жазғанда әкелі-балалы жандардың бірін ақтап, бірін даттаудан бойымызды аулақ ұстауға тырыстық. Бірақ, таза моральдық-адамгершілік тұрғысынан алғанда мұндай қиямпұрыс пиғылдың біздің ұлтқа әсте жат екендігін еске салғымыз келеді. Ең бастысы, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасқа сызат түспесін деңіз…     
Сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Айтарыңыз болса, ірікпеңіз.
 

You may also like...

5 Responses

  1. Uekz айтты:

    Ақсақал өзі қинәлі.3 ұлдын біреунде неге отырмайды?

    Сұраққа жауап: Өзі баларын кішкентай кезеңнен урып соғып журди.Балаларында жек корінішті сезім туып тур. Бір жағынан ақсақал өзі кинәлі, екінші жақтан балалардын істери да дұрыс емес

    Бала тәрбиесі ата-ананың назарында болу керек.

  2. акикат айтты:

    расын айтсам, бул жерде барлыгы берген тарбиеге байланысты. арине, кинали… егер отбасына ол ози сыйлы болса, әкесин баласы сыртка тебеди ме?

  3. сырым айтты:

    балаларыныкы жарамаған екен де. макалада айтылғандай "Әке жынды болса байлап бағу керек"! толықтай қосыламын.

  4. НУРИ айтты:

    БҰЛ ЗАМАНДА  КІМДІ НЕ КҮТІП ТҰРҒАНЫНА КІМНІҢ КӨЗІ ЖЕТІП ТҰР? АРТЫҚ КЕТПЕҢІЗДЕР! ТӨРЕЛІГІН АЛЛА ТАҒАЛА ҒАНА  БІЛЕДІ  ЖӘНЕ ӨЗ ЖОЛЫМЕН ШЕШЕДІ!!!!!!!!!!!

  5. Раушан айтты:

    қызы мұғалім, педагог….. , ақсақалды аяймын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓