Көп балалы отбасыны қамқорлыққа алды
«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Қостанай облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы 18 балаға оқу-құралдары мен киім-кешек алып берді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары бес бала тәрбиелеп отырған көп балалы отбасыны қамқорлыққа алды. Бұл туралы Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі хабарлайды.
Тәртіп сақшылары көмекке мұқтаж көп балалы анаға көмектесті. Қостанайлық ананың кәмелетке толмаған бес баласы бар. Үлкені 13 жаста, кішісі небары 8 айлық. Оның үшеуі биыл мектепке барады. Отбасы асыраушысынан айырылған. Сол себепті, жалғызбасты анаға жеткіншектерді мектепке дайындау қиынға соғып тұр.
"Әрине, бес бірдей баланы жалғыз бағып-қағу оңай емес, сондықтан мемлекеттік көмектен тыс, осындай игі шаралардың шарапаты мол. Тағдырдың жазмышына амал жоқ, әйтпесе, ешкімнен көмек күтпес едік. Акция аясында жыл бойы балаларыма көмек көрсетілетін болады",-дейді көп балалы ана.
Ювеналдық полиция аға инспекторы Руслан Керімбаев пен Айсұлу Мирамғалиева мектеп базарынан қажетті барлық заттарды сатып алды. Балалар өздері таңдаған мектеп формасымен, сондай-ақ оқулық-дәптерлермен қамтылды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері кішкентай балаға жаялықтар сатып алған. Енді отбасы қостанайлық полицейлердің қамқорлығында.
– Күзде біз мектепке қажетті заттың барлығын сатып алдық, бұдан кейін де, қыс мезгілінде балаларды жылы киіммен қамтамасыз етпекпіз", – деп атап өтті ювеналдық полицияның аға инспекторы капитан Руслан Керімбаев.