Ахаң музей-үйінің суреті жария болды
Ұлт ұстазының 150 жылдығы қарсаңында Ақкөл ауылындағы үйін жаңарту жұмысы қолға алынды. Бірер ай бұрын басталған құрылысы сапасыздығына байланысты тоқтатылған еді. Енді қайтадан іргесі қаланбақ. Облыс әкімдігі болашақ музей-үйдің жобалық суретін жариялады, деп хабарлайды Экспресс К.
Жергілікті ақсақалдардың жорамалы бойынша, Ахметтің үйі болды деген орынға үйшік 2009 жылы саманнан салынған. Биыл ауыл тұрғындары облыс әкімінен мерейтой қарсаңында тозығы жеткен осы нысанды сүріп, орнына заманауи мұражай-үй салып беруді сұраған.
«Салынғанына 13 жыл өткен үй әбден ескіріп, қайта жөндеуге келмейтін күйге жеткен. Тұрғындар мен өңір белсенділерінің өтінішімен бұл жоба республикалық жоспарға енгізілді. Жангелдин ауданы әкімдігі конкурс жариялап, мердігер анықталды. Бірақ ол құрылысқа атүсті қарап, сапасыз материалдар қолданған. Сондықтан жұмыс тоқтатылып, келісім-шарт бұзылған болатын», – дейді облыс әкімдігіндегілер.
Ал қазір жаңа үйдің құрылысын қайтадан бастау мәселесі қаралып жатыр. Аудан әкімдігі құрылысты Ахаңның туған күніне, яғни қыркүйекке дейін аяқтап, ішін тарихи жәдігерлерге толтыруға уәде беріп отыр. Әлеуметтік желілерде Ахаңның болашақ музей-үйінің суреті де жария болды.
Айта кетейік, мерейтой бағдарламасы аясында ауданның инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар ақтарылып жатыр. Мәселен, маусым айында алғаш рет Ақкөл және Ахмет Байтұрсынұлы ауылына 4G мобильді интернеті тартылды. Осы екі ауылда медицина пункті салынып, ауылдық амбулатория жаңа кеіпке енеді. Шұбалаң-Қарасу автожолы, Торғай өзеніндегі көпір жөнделе бастады. Ахмет пен Міржақып мұражайы қалпына келтіріліп жатыр.