Өлең сүйген өрендер
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық жобасы аясында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен Қостанай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы бірлесіп, өзге ұлт өкілдері арасында «Туған жерім – Қазақстаным» атты поэзиялық байқау ұйымдастырды. Байқауға 14-29 жас аралығындағы жас өзге ұлт өкілдері қатысты. Олар қазақ ақындарының ел мен жер, Отан тақырыбындағы патриоттық өлеңдерін мәнерлеп оқып, бәсекеге түсті. Қазылар алқасының құрамында ғалым Қалқаман Жақып, «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Қымбат Досжан және «Қоғамдық келісім» МҚК қызметкері Баян Тыныштықова болды.
Байқау нәтижесінде бірінші орынды Тамара Мнацаканян, екінші орынды Анель Пимичева иеленді. Ал үздік үштіктен Мария Кравцова көрінді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.
– Үздіктерді таңдау қазылар алқасына оңайға түскен жоқ. Қаншама дарынды оқушыларды көрдік. Көбі облыс орталығынан шалғай аймақтардан келген. Олардың бұл сайысқа қатысуларының өзі үлкен еңбек, – деп атап өтті «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің президенті Арман Әубәкір.
Айта кетейік, «Адырна» бірлестігі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қостанай қаласында дәріс ұйымдастырды.Шара А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде өтті. Арман Әубәкір жастарды елін сүюге шақырып, ғылым-білімге құштарлықты арттыру, ұлттық құндылықтарды әспеттеу бағытында әңгімелер айтты. Шара соңында ақпараттық-танымдық буклеттер таратылып, жастардың дәрісті қаншалықты түсінгенін анықтау мақсатында шағын сауалнама жүргізілді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев