Есімі елімен мәңгі бірге
Алаштың біруар тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі, ақын, жазушы, драматург Сәкен Сейфуллин есімі – ұрпаққа үлгі, шығармашылығы – таусылмас қазына. ХХ ғасыр басындағы аласапыранды басынан өткеріп қана қоймай, мемлекет және қоғам ісінде белсенділік танытып, өтпелі кезеңнің зардабын көрген, кеңестік үкіметтің құрбаны болған қазақ интеллегенциясы өкілі тарихымызда алтын әріппен жазылып қала бермек.
Биыл бірегей тұлғаның 125 жылдық мерейтойы ел көлемінде аталып өтіп жатыр. Шалғайдағы Қамысты өңірі де ұлт жанашырына арнап «Сәкен Сейфуллин: ұлттық рух және ұрпақтар сабақтастығы» атауымен аудандық ақпараттық-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Аудандық ардагерлер кеңесі мұрындық болған шараға жергілікті әкімдік, «Nur Otan» партиясының өңірдегі филиалы қолдау көрсетіп отыр. Конференцияға жергілікті атқару органдары мен тілдерді оқыту орталығы, аудан орталығы мен ауылдық жерлерден келген ұстаздар, ардагерлер, жастар қатысты.
– Сәкен Сейфуллин қазақ халқы үшін орасан еңбек сіңірген тұлға. Оның тарихтағы орны жайында жан-жақты пікір бар. Бүгін біз қайраткердің өмірі, қызметі, шығармашылығы жөнінде сөз қозғап, кейінгі буынға тәрбиелік мәні бар жиын ұйымдастырып отырмыз. Бұл жастардың патриоттық сезімін оятатын мәнді конференция болатынына сенімдіміз. Сәкен – мемлекет және қоғам өмірі үшін жан аямай еңбек еткен қайраткер, көркем әдебиетімізге зор үлесін қосқан ірі ақын, жазушы. Әр салада елеулі ізін қалдырған ұлт жанашыры. Оның есімі қазақ халқымен бірге жасайбереді, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Есембай.
«Мұндай мәртебесі биік салтанатты шара ауданымыздың қоғамдық өмірінде «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында елеулі оқиғаға теңелуін зор маңызы бар деп есептеймін. Қазақ халқында ұлты үшін күрес жолында жанын құрбан қылған тұлғалардың рухына тағзым ету, халық арасында оны дәріптеу, өмір жолын жас буынның арасында үлгі тұту – ежелден келе жатқан айрықша үрдіс. Бұл конференция ең алдымен бастамашылардың қалың жұрт алдында өз жауапкершілігін арттыра отырып, жергілікті қоғамды, әсіресе, жастарды ел тарихын білуге, отансүйгіштікке жетелейді» делінген Қамысты ауданының әкімі Ғазиз Бекмұхамедовтің құттықтау хатында.
– Мен 17 жасымда Алматыға барып, ұзыннан-ұзақ Сейфуллин көшесін алғаш көргенде, бұл көше атауын иемденген адамның ақын, жазушы болғанынан ғана хабардар едім. Кейін тоқсаныншы жылдардан кейін мұрағаттан Сәкен Сейфуллин мен жиырмасыншы ғасыр басындағы зиялыларымызға қатысты талай құнды ақпараттар, деректер жарыққа шықты. Содан бастап оның қаламгер ғана емес, Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаған, Қазақ АКСР үкіметінің төрағасы қызметін атқарған ірі тұлға және аласапыран заманда қазақ халқын ашаршылықтан аман алып қалу жоспарын құрған күрескерлердің бірегейі екендігін білдік. Жұттың ортасында жүріп, аштық болған аймақтарға астық, мал, тұқым, киім-кешек қабылдау науқанының бел ортасында жүрді. Ұлтының жүздеген мыңдап қырылып жатқаны жүрегіне батпай қоймады – ашыққан қазағына арнап өлең де жазды. Үкімет басқарған тұсында жоғары жақтың берген сөгісіне қарамастан, бюджет қаражатының тең жартысын білім саласына бөлді. Мұның өзі қайраткердің «білім – болашақтың кілті» деген ұстанымы болса керек. Сейфуллиннің үкімет басқарған тұсында қазақ халқын шұрайлы жерінен ығыстыру тоқтатылды. «Халық жауы» деген жаламен жазықсыз атылып кеткен боздағымыз екені тарих қойнауынан шығып жатыр, – деді аудандық ардагерлер төралқасының мүшесі Ерболат Бекмұхамедов.
Қазақтың арғы-бергі тарихында халықтың мәселесін мемлекеттік деңгейде Сәкендей ашық қойған қайраткер болған емес. «Кеңес істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деп жиындарда сөйлеп, 8 сұқбат-мақала жазған, декрет қабылдату үшін қаншама күш-жігерін жұмсаған да – Сәкен Сейфуллин. Сәкен Сейфуллин үкімет басына келісімен жаңа өндіріс орындарын ашайық, қазақ пролетариатын көбейтейік, қыз-жігіттерді оқытып, білімге баулиық, қазақты «қырғыз» емес, «қазақ» деп атап, тарихи қателікті түзейік, мәдениет ошақтарын ашайық, емхана, мектеп сияқты өмірге қажетті нысандарды салайық деп ұрандап, басқа да ұлттық мәселелерді күн тәртібіне қойып, шеше бастады. Соның нәтижесінде қазақ тілі тұңғыш рет мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді.
Сәкен Сейфуллин қазақтың әндері мен күйлерін сақтап қалуға күш салды. Александр Затаевичке тапсырыс та берген екен. Ол Затаевичке қазақтың 1000 ән-күйін нотаға түсіруге қаражат бөлдірген. Соның бәрін шығарғанына 2480 рубль алтындай ақша сыйақы берілгені жайында деректер бар. Осындай еңбегі үшін Қазақстанның тұңғыш халық әртісі атағын алған да – Александр Затаевич.
Бірегей тұлға Түркістан қазақтың рухани ордасы екенін біліп, оның дамуына да көп қаражат бөлген. Бір күні Мәскеуден ескі мұрағаттар мен қолжазбаларды жою туралы нұсқау келеді. Сәкен Сейфуллин алдымен жауап хат жазып, қазақтың тарихын сақтау қажеттігін жеткізді. Одан кейін барлық мұрағатты сақтау мен архив қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы бұйрық шығарды.
Сәкен Қызылордада, Ташкентте тұрғанда және Алматыға келгесін де ақындардың, сөз білетін адамдардың жатқа айтатын өлеңдерін, қызықты әңгімелерін жалықпай тыңдап, ерінбей жазып алып отырған. Фольклор, әдебиет нұсқаларын өзі оқытқан студенттер арқылы да жинатады. 1930 жылы Қоянды жәрмеңкесінде бір айдай жатып, сол жерге жиналған ақын, әншілерден көптеген өлең-жыр жазып алған. Осындай ұқыпты зерттеу жұмысының нәтижесінде «Қазақ әдебиетінің нұсқалары» атты бір том жинақты, «Батырлар жырының» жинағын, Алтынсариннің өлеңдер жинағын, Ақан сері, Ақмола ақындардың өлеңдерін, «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын бастырды. Ал негізгі зерттеу еңбегі «Қазақ әдебиеті» деген атпен қалың бір том кітап болып басылды. «Альбатрос», «Қызыл ат» поэмаларын, «Социалистан» атты өлеңдер жинағын шығарды. Ол өзі көрген, өзі араласқан өмірден елес беретін «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Дауыл алдында», «Жемістер» атты роман, повестерін жазуға кіріседі, олардың бірқатар тарауы газет, журналдарда, түрлі жинақтарда жарияланды. «Айша» атты повесі жеке кітап болып шығады. «Қызыл сұңқарлар» пьесасын бүтіндей жөндеп, қайта жазып, ол Қазақтың мемлекеттік драма театрында қойылады. «Тар жол, тайғақ кешу» толықтырылып, 1936 жылы қайта басылды. Ал Сәкеннің бірқатар шығармасы (1927-1937 жылдар аралығында) «Атаман Анненковтың азап вагонында», «Тар жолдан» (үзінді), «Советстан», «Көкшетау», «Айша», «Қызыл ат», «Жемістер» және тағы басқасы орыс тілінде басылып шықты.
1936 жылы партия мен үкімет Сәкеннің зор еңбегін айрықша бағалап, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады. Ақынның әдебиеттегі еңбегінің жиырма жылдығын бүкіл Қазақстан жұртшылығы болып тойлады. Алайда бір жылдан кейін оның өмірі түбегейлі өзгерді. 1937 жылы 24 қыркүйекте Сәкен Сейфуллин тұтқындалды. НКВД қабырғасы алдында ату жазасына кесілді. Әкесі Сейфолланы да алып кетеді. Інісі Мәлік те бір күннің ішінде жоғалып кетті. Жан жары Гүлбаһрам да Ақмола лагерінде азап шекті. Ол ұлы Аянды бірге алып барады. Поезда Аян қатты ауырып қалады. Вагонда дәрі-дәрмек те болған жоқ. Қанша арпалысқанымен еш дәрмен болмай, сәби үзіліп кетеді. Гүлбаһрам Көкшетаудан түсіп, баласын жер қойнына тапсырады. Қуғында жүрсе де, Сәкеннің жеке заттарын ақ дастарқанның ішіне салып, беліне байлап жүреді. 1957 жылы Сәкен Сейфуллин ақталды.
Қазіргі таңда Қамысты аудандық орталық кітапханасында С.Сейфуллинге қатысты «Жизнь замечательных людей» кітаптар сериясына енген ғұмырнамалық хикаясы, «Көкшетау» кітабы (құрастырған Т.Кәкішев), Б.Қошым-Нойғайдың редакторлығымен баспадан шыққан көптомдығы, «Домбыра» өлең-поэмалар жинағы, «Тау ішінде» кітабы және «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» топтамасының 7 томына енген мағлұмат көрерменге ұсынылған. Аудандық орталық кітапхана маманы Мәрияш Молдағалиева осындай рухани қазынадан көрме жайып, көпшілікке таныстырды.
Конференцияда Лидия Малий, Өмірбай Әбдин, Сәуле Мұңсызбаева, Алтынбек Жұмаш, Айнұр Сағидуллина тарихи тұлғаның өмірі, шығармашылығы, қоғам ісіне араласқаны жайында өз баяндамаларында кеңінен тоқталды. Ал жергілікті өнерпаз Мәди Ұзақбаев біртуар бабаға деген құрметін арнаумен жеткізді.
Жиын соңында Қамысты аудандық ардагерлер кеңесі өңірдің дамуына зор үлес қосып келе жатқан бір топ ардегарге бағалы сыйлықтар табыстады.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Қамысты ауданы.