Ерсайын ТӨЛЕУБАЙ: «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ТҰСБАҒДАРЫ – ТАРИХ»
І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында өзіндік шығармашылық өрнегін салған, сахналық бояу палитрасын қалыптастырған, қоғамдағы түрлі мәселелерге көзқарас-пайымы ерекше режиссер жұмыс істейді. Ол – Қазақстанның Халық әртісі Ерсайын Төлеубай. Ғұмырын театрға арнап келе жатқан кәнігі маман бүгінгі өнер төңірегінде, Қостанай театрының дамуы және тағы басқа да тақырыптарда қаузады. 2000 жылы іргесі қаланған театрға атақты Ілияс Омаровтың есімі берілді. Ерсайын Жүнісбекұлы әңгімені осыдан бастады.
– Ғимарат қаладағы өзі тұрған жерді абаттандырып жіберді. Қостанайға келген қонақтар қазақ драма театрының сыртын да, ішін де көргенше асығады. Адам жанын сұлулыққа деген іңкәрлік билей бастайды. Театрдың шатырына қарасаңыз, қазақ қызының сәукелесін елестетесіз. Ал маңдайшада Ілекеңнің суреті ілінген. Рухани азық аламын деп келген әркімді құдды қайраткердің өзі қарсы алып тұрғандай…
Есімі ел аузында жүретін мақтанышымыз, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров жайлы марқая сөйлеуге болады. Елбасымыз біздің қара шаңыраққа оның есімін тектен-текке беріп отырған жоқ. Ата-анасынан жастай айырылған Ілияс балалық шағында интернатта тұрып, біраз қиындық көрді. Талабы таудай ол көп оқыды, әдебиет пен өнерге жаны жақын-тын, тіпті, осы салалардағы түрлі туындыларға сын-пікірлерін айтқан.
Ілияс ағамыздың сан қырлы сипатын ой таразысынан өткізсек, кіршіксіз адамгершілік иесі, халқының қамын ойлап, шексіз сүйіспеншілікке ие болған дей аламыз. Басқаға хақымыз жоқ. Ал өнер саласындағы ізі тіптен бөлек. Мәселен, бір ғана «Қыз Жібек» киносын алайықшы. Бұл фильмді түсіруді қолға алған Ілияс Омаров екенін білмейді көбісі. Өкініштісі, өзі киноның премьерасын көре алмай кетті-ау! Тағы да біреу білер, біреу білмес, Ілекең Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның ашылуына да атсалысты.
ӨМІРШЕҢ ӨНЕРДІҢ ШЫНДЫҒЫ
– «Әдебиет пен өнер ұлы болмаса, ұлтың да ұлы болмайды» депті Ғабит Мүсірепов. Қазіргі қоғамның елегінен өткізер болсақ, ұлттың, ділдің сақталуында алдыңғы екеуі қандай рөл атқарады?
– Қай қоғамда да солай. Әдебиет пен өнер – ұлттың негізгі тұсбағдары. Оның астарына үңілсеңіз, өзіңіз-ақ түсінесіз. Алла Тағала бізге әдебиет пен өнер салынған керемет құнды қоржынын берді. Енді оны бағалау, қоржынды ластамау – біздің міндет. Бүгiнгi прозаны айтпағанның өзінде, жастардың поэзиясындағы тұнықтыққа тоқталғым келеді. Оларда біздің уақыттағы ақындардағы секілді саяси қорқыныш жоқ. Осы ретте саналы жұрттың көкірегіне күдік салатын бір түйткіл бар. Неге десеңіз, жастарда жылау-сықтау басым. Мұң басып, жүрегiн түнекке қамайды. Бұл кімге қажет? Менің ұғымымда бір өлең тұтас болуы керек. Оның ішіндегі бір сөзіне бола өлеңді жақсы деп бағаламайық. Сөз қуып кететін ақындар да көбейіп кетті. Таланттылар баршылық. Өлеңнің техникасын үйреніп алып, өлеңді механикалық түрде құрайтын ақындар да бар. Олардың саны да аз емес. Мұны бір оқырманның пікірі деп қабылдайық. Менің ойымша, қазiргi қазақтың көркем әдебиетiне керемет бiр сiлкiнiс керек болып тұр. Ар-ұят, кiсiлiк әркімнің алған тәрбиесiне, өскен ортасына қарай орнығады. Әсiресе, көркем әдебиет, өнер, ақпарат құралдарының ықпалы қатты болмақ. Сондықтан осы үшеуiн бірге дамыту ұлттың сақталуында үлкен рөл атқарады.
– Интеллигенцияны бүкіл қоғамның қаймағы деп білеміз. Олай десек, ойымызға түсетіні – кешегі Әлихан мен Ахмет, Міржақып пен Мағжан, Сәкен мен Бейімбет. Сіздіңше, бүгінгінің зиялысы кімдер?
– Қазақтың төлқұжаты дерлік талай тарландар бар. Кешегі Әл-Фарабиден бүгінгі Шерхан, Мұхтарға дейінгі тізімді толықтыру оп-оңай. Олай дейтін себебім, Абай мен Ыбырайдың, Міржақып пен Ахметтің, Қажымұқан мен Әбілханның өзіндік мектептері болды. Мысал үшін, «Абай төңірегі», «Абай әлемі» дейміз. Рас, Абай Құнанбайұлы – күллі қазақтың нөмірі бірінші зиялысы және солай сақталып қалады. Ол асық және қашық нәрселерді анықтап берді. Күш атасы – Қажымұқан, көсем – Әлихан. Ғылым-білімнің басында Ахмет пен Қаныш тұр.
Қазіргі жастар үлгі тұтып жүрген халық қалаулылары, өнер адамдарын зиялы қауым деп айтып жүрміз ғой. Бірақ, олардың жеке бір өрнегі, өзіндік мектебі қалыптасқан демес едім. Әуелі, тұтастық керек. Содан соң халықтың мұң-мұқтажын сезіну, ұлттық намысты оятатұғын қасиетке ие болу… Осы үш «көзірді» бойына қондырған адамды ойланбастан интеллегент деймін. Негізі қазақтың жаманы басынан сөз асырмайды. Әркім өзінше бір таудың бұғысы болғысы келеді. Ең алдымен, ұлттық құндылықты бойға сіңіру керек. Қиын сәтте халықпен бірге болуы тиіс. Бұл – менің ұғымымдағы зиялы қауым.
Барлығын саясаттандыруға болмайды. Өнер өте тереңде жатыр. Осы өлкедегі өресі биік тұлғалар – руханияттың ең басты белгілерінің бірі. Қай заманда да, қай қоғамда да тау тұлғалардың уақыт бедеріндегі ізі көп ретте көркем туындының кейіпкері күйінде кестеленіп қалатыны анық. Арғы-бергідегі даңқты ата-бабаларымызды ,бәрінен бұрын, тарихи дастандардың арқауына айналуы арқылы танитын, қадір-қасиетін соған қарап та бағалайтын біздер мұны тіпті жақсы білеміз.
Еліміздің элитасы қалай даярланады дейміз. Қарап отырсам, олар осы заманғы техниканы, компьютерді жетік меңгергендер сияқты. Ал рухани элитаны заман өзі өмірге әкеледі, оларға жол ашу биліктің де, біздің бәріміздің де міндетіміз. Егемен еліміздің тұтқасын болашақта сенімді ұрпақ ұстайды. Дархан даламызды асқақтататын да – осы зиялы буын.
«КЕРЕК ЖЕРДЕ ҚҰРЫҚ БЕРМЕЙТІН БОЙЛАУЫҚТАР БАР»
– Жалпы өнердегі идеологияда игерілмей, шашырап жатқан нәрселер бар ма?
– Неге жоқ? Мен қазір олардың бәрін тізіп бере алмауым мүмкін. Тіпті, бүгінгі идеологияның не екеніне нақты жауап айта алмаймыз. Біздің кезімізде ше? Орыс халқының әдебі, олардың бірлігі, тұтастығын сақтау бірінші орында тұрды. Ашық айтпаса да, әр саланың жонарқасына осыны іліп қойды. Амал жоқ, көндігесің.
Бүгінгідей күрделі жаһандану дәуірінде бүтін ел болып сақталудың басты нысаны тарихымызды білу дер едім. Идеология – тарих. Идеология – тіл. Қазақ жаратылысынан кемеңгер халық. Керек десеңіз, елдің байтақ тарихын тереңінен тартып, нақты деректермен жүйелі зерттеу әлі де артық етпейді. Ана тілімізді базардың, нарықтың, күңкілдің тіліне емес, мемлекеттің тіліне айналдыру керек. Төрде мемлекеттік тілді меңгерген, оны ардақтайтын, мәдениет пен әдебиетті, халықтың салт-дәстүрін дәріптейтін азаматтар отырулары керек. Тұтас елді біріктіретін ұлттық сананы қалай қалыптастыруға болады деген сауал көп толғандырады. Бүгінде қазақ ұлт ретінде әлі қалыптасқан жоқ дейтіндер де аз емес. Қазақ ішкі потенциалы мол жас ұлттардың бірі. Тарихи сұрыпталу негізінде бүгінде өз алдына дербес мемлекет құруға қол жеткізіп отыр. Ендігі жерде ұлттық сананы қалыптастыру үшін Ұлы дала тарихын ұрпақ санасында жаңғыртуға күш салуымыз керек. Келешек ұрпаққа ата тарихын оқытып, үйретпеу сәбиді ана сүтінен айырғанмен бірдей қылмыс. Өкініштісі, тегін білмейтін ұрпақтың жаңа легі өсіп кетпесе екен. Онда патриоттық тәрбие береміз, отаншылдыққа баулимыз дегендеріміздің бәрі далбаса. Ұлт мүддесіне мақсатын келістіре білмеген адамнан пәлендей жақсылық күтуге болмайды. Басқа елдің өткенін білген де дұрыс. Жастарды тарихпен ауыздандыру керек, санасына сіңіріп, жаттатсақ идеологиямыз шашырамайды. Бұны бір деңіз.
Идеологияның екінші сатысы – білім. Америка мен Англияда 12 сыныптық оқу жүйесі қалыптасқан. Дегенмен, біздің баяғыдағы он жылдық біліміміз шетелдің он екі жылдығынан асып түсетін. Өйткені, математиканы да, физиканы да жеке ғылым ретінде оқыдық. Қазіргі біздің үкіметіміздің саясаты бұл ғылымдардың бәрін біріктіруге жақын тұр. Математиканы, физиканы, химияны, биологияны қосып бір ғылым, қазақ тілі мен әдебиетін біріктіріп бір ғылым, тарих пен географияны қосып тағы бөлек сала шығарамыз дейді. Сонда біздің мұғалімдеріміз әмбебеп болады деген әңгіме айтады. Бұл негізінен дұрыс емес. Білім дамуының кереғар тұсы осы болады онда. Мәселен, жапондарда қалыптасқан мынадай жүйе бар. Мектептерде әр оқушы 12 жасқа дейін тек қана жапон тілінде білім алады. Тарих пен өнер – басты сала. Олар ақымақ болса, бұлай жасай ма?! Қытай пәлсапасының атасы Конфуций «Хансу ұрпағы (қытайлар – авт.) жетілгенше кесіртке болуы тиіс, бірақ айдаһар болып өлу керек» деді. Астарына үңілсеңіз, идеологиясына тап боласыз. Содан кейін олар әлгіні туына ілді. Бір айдаһарды басты идеология қылды. Себебі, айдаһар – жеңімпаз, алға ұмтылушы.
Идеологияның үшінші бағыты – өнер. Бір ғана мысал келтірейін, Лондон Олимпиадасы У.Шекспирдің «Боран» атты шағын қойылымымен ашылды. Міне, саған идеология. Әлемге аса танымал емес шығармасын бір-ақ күнде төрткүл дүниеге шығарды. Ал біз Азиаданы өткізгенде неге Абайды танытпадық әлемге? Бізде мүмкіндік болды ғой. Осындай сәттерде қазақтың ұлттық намысын, болмысын, дәстүрін көрсетіп қалу керек еді. Таланттарды бағалау қажет. Кешегі Жантөрин қандай-ды? Кезінде одан асқан мықты актер болмады. Ал оны бір-ақ күнде театрдан шығарып жібердік…
– Бас жарылса – бөрік ішінде. Жасыратыны жоқ, алдымен, туындысының тұсауын кестіріп, халықтың бағасын алмай, шетелдердегі жарыстарға ұсынып жүрген кинорежиссерлер бар. Серік Айтжановтың «Өмірге тыйым салу» фильмі Киевте өткен халықаралық кинофестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Мысал үшін, ондай фильмнің түсірілгенін сіз білмеуіңіз мүмкін. Тек жүлде үшін кино түсіру үрдісінің белең алуы жайында не дейсіз? Бұл қандай тосын сый?
– Менің өнерге келуім киномен тығыз байланысты. Ол кезде Шәкен Аймановтың өмірден өтіп кеткеніне бір жыл болыпты. Режиссерлік қызметі барысында Айманов кинофильм мазмұнын жан-жақты ашып, ой толғамдармен қызықтырып, көркемдік жағынан суреттейтін. Қазақ киносының дамуына Шәкендей ешкім үлес қоспады. Қазіргі кезде Шәкен тұрғызып кеткен көпір құлап бара жатыр ма деп те қаласың.
Киноға тура баға беруші, төрелік айтып, биігін анықтаушы – көрермен. Алдымен, өзімізде қойып барып, сыртқа көрсету керек. Елде көрсетейік деп халыққа билет сатарсың, ал бірақ, оның көңілін қалай сатып аласың? Оның сенің түсірген киноңа берер бағасы қайда қалады? Халықтан бағасын алмаған, әлгіндегідей режиссерлердің «керемет» туындыларын маған берсеңіз, өртеп жіберер едім. Қазақ деген қазанда қайнамаған төл киноны керексіз деп есептеймін. Бір көріп, кейін қайта еске алмайтын шығарма кімге керек?
Шәкен заманында деп айтайын, бір кино түсіру үшін мемлекеттік комиссия құрылатын. Сонан соң, сұрыпталып, әбден сүзгіден өтіп, халыққа премьерасы ұсынылады. Әр өлкеден пікірлер жиналады. Міне, содан соң барып талай сындарға дайын туынды шағады.
– Семейдегі театрда да бас режиссер болдыңыз. Небір театр майталмандарымен жұмыс істеп келесіз. Негізі жас әртістерді кәсіби түрде тәрбиелеудің әлдебір тәсілдері, оқу әдістері бар ма?
– Бар. Мәселен, бір топта бірнеше болашақ әртістер тәлім алып жатыр дейік. Дегенмен, олардың барлығы керемет талант болып кетпейді. Әлгі оқыған жиырма баланың екеуі сахнаны билеп әкететін болса, міне, мұны жетістік дей аламын. Өнердің заңы сондай. Әр әртістің бойындағы қабілетті ашу үшін көп еңбек ету керек. Олардың дауысын қойып, рөл ойнаудағы позициясын анықтай білу – бірінші саты. Екіншіден, театрға кез келгені келе салмайды. Келген екен, яғни ол өзінде бірдеңенің ұшқыны барын біледі. Осы ретте біз рөлге кірісеміз. Әлгі ұшқынның не екенін дәл табуымыз қажет.
Білім жөніне келейік. Қостанайда үлкен екі оқу орны бар. Екеуінің бірінен өнер факультетін ашса ғой, шіркін. Бұған енді жоғарғы жақтағылар оң көзімен қараса дейсің. Мәселе сонда. Мен мұны неге айтып жатырмын? Серке, Қапан, Елубайдың сара жолын жалғастыратын жастар қайда? Арамызда небір таланттар жүр. Оларды елге таныту, шет мемлекеттерге шығару осы өңірден басталуы тиіс. Өнерге келемін деген өзіміздің жастар, алдымен, Қостанайда білім алсын. Осында талайдың илегінен өтсін. Сыналсын. Міне, кадр содан соң ғана дайын болмақ. Шешілмейтін нәрсе болмайды. Біздің идеологияға жан бітсе бәрі әп сәтте орнына келеді. Егер тәлімгер жоғарғы оқу орнында сапалы білім алса, оның кәсіби жолға түсуі тіптен оңайырақ болмақ.
Әрине, театрға түскеннен бастап Гамлет, Ромео, Еңлік, Баян сынды кейіпкерлерді сомдап шықпасы анық. Мұның бәрін алдын ала ойластырған ұстаз, бірінші кезекте тренингтерден бастайды. Одан соң этюдтарға көшеді, өсе келе пьесадан үзінділерді ойнатады. Ең соңында толықтай бір спектакльді ойнап шығатындай дәрежеге жеткізеді. Бұл – барлығына ортақ әдістеме.
– Нарық уақытында көбі жанбағыс іздеп, отбасының жайын күйттеп, ауылдан іргесін ажыратты. Қала мәдениетіне өттік деп кеуде соғамыз. Балықтың қалашы мен қозының құйрығын сорып өскен ауылдың қарадомалағы театр тірлігіне араласты делік. Оның артық не кемшін тұстары бірден біліне ме?
– Басынан бастайық. Ауыл баласы шал-кемпірдің тәрбиесін көрген. Өсе келе, бойдағы тәрбиеге мектептің тәлімін қосады. Театр – мәдени әлем. Өнерге қадам басқан қарадомалағың оның бір сатысы – тәртіп сабағынан өтіп келеді. Бір дастархан басындағы сәтті алайықшы. Үлкен-кішінің бір-бірімен амандасуы, келіннің шай құюынан ақсақалдардың бата беруіне дейін тұнып тұрған тәлім емес пе?! Сынама рөл ойнағанда-ақ жас өреннің бойындағы осы бір артықшылықты байқауға болады. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды» алайық. Осы іспеттегі қазақы дүниелерді қойғанда ат мінген ауыл баласына тіптен оңай. Сахнадағы қамшы ұстауы немесе шопан, шонжарға тән сөз саптауы шынайы көрінеді.
Менің өнер жолына түсуіме баяғы батырлар жыры сәл болса да септігін тигізді деп ойлаймын. Ішкі сезімді оятып, өз бойыма тыңнан түрен салуға сол жырлар керемет әсер етті. Қобыланды мен Алпамыстың елі үшін жасаған ерліктері әлі күнге дейін көз алдымда. Біз мектепке дейін, эпостық шығармаларды оқып, былайша айтқанда, тағаланып келдік. Негізі өнерде қала, дала деп бөлуге болмайды. Ауыл – өркениеттің бастауы, ал қала – оның қайнап жатқан ортасы.
«ҚОЙЫЛЫМ – МЕНІҢ ОЙ-ТАРАЗЫМ»
– Сіздің «Алдаспан» атты қойылымыңызда Хрущевтің қазақ елінің солтүстік бес облысын Ресей мемлекетіне, тағы да басқа өңірлерді көрші елдерге өткізу жөніндегі шешіміне келісім бермей, Мәскеу билігіне жалғыз өзі қарсы тұрған қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің ұлы ерлігі кеңінен суреттеледі. Осы тақырыпта бірнеше деректі фильмдер де түсірілді. Дегенмен, зиялы қауымның пікірінше, сіздің драмалық қойылымда осы оқиға нақты, терең түсіндіріледі. «Алдаспанды» алып шығу барысындағы ерекшеліктерге тоқталыңызшы.
– «Ұрпақтан ұрпаққа бағзыдан мирас болып келе жатқан осынау қастерлі мекенді белден басып, Ресейге бере салмақсыздар ма? Мен аталған дөңайбат мәселемен келіспек түгіл, оның күн тәртібіндегі қойылымының өзіне үзілді-кесілді қарсылығымды білдіремін!» деп ұлт наразылығын білдірді. Сол уақытта мұны айтқан жалғыз Жұмабек Тәшенов еді. Керек десеңіз, қазіргі «Петр» мен «Павлдан» басталатын қос қаланың біріне Тәшеновтің есімін берсек те артық болмайды. Бес бірдей облысты шетке өткізбеймін деп империяға жалғыз өзі қарсы шықты. Жұмабек Тәшенов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде төраға қызметін атқарып жүрген уақытта сталинизм құрбаны болған ұлт зиялыларының ақталуына күш салып, олардың ағайын туысқандары, отбасыларына көмек көрсетуі, әсіресе, «халық жауы» жаласынан арылмаған Мағжан Жұмабайұлының жұбайы Зылиха анамызға Алматыдан пәтер әперуі үлкен ерлік. Бұл не деген күш дерсің. Ол – қазақтың қаһарман қайраткері. Міне, мен осы батырдың бейнесін барынша жеткізгім келді. Бұл менің ұстаздарым Әлкей Марғұлан мен Әбу Тәкеновтің тікелей аманаты болатын. Архивке апарып, жетектеп жүріп оқытқан ұстаздарым Тәшенов жайында көп айтушы еді. Тәуелсіздік алған соң, алғашқы кірісетін жұмыстарымның басы осы болмақ деп мақсат қойдым. Уақыт өтті. Абайды, Есенинді, Міржақыпты жаздық, қолым үйреніп қалды. «Алдаспанның» премьерасында көзіне жас алмаған адам болмаған шығар. Қойылымнан соң қасыма бір жас жігіт келіп: «Мына Тәшенов жайлы оқиға расымен болған ба, әлде өзіңіз жаздыңыз ба?» – деп сұрамасы бар ма? Айдың, күннің аманында мынасы несі?! Тәшеновті білмейтіндер де бар екен ғой дедім ішімнен.
Не керек, «Алдаспанды» Алматыға алып бардық. Халықтың сұрауымен екі күн қойдық. Көрермендердің ыстық ықыласын алып қайттық. Қазір ғұмырбаяндық қойылымдар қаптап бара жатыр. Менің ойымша, ондағы кейіпкер дәуірмен, халықпен етене бірлікте бой көрсетуге тиіс. Мұндай шығарма әдетте кейіпкер өмірінің ауқымды мерзімін қамтиды, содан да ондағы уақыт кеңістігі кеңдеу келіп, шығарма композициясында үзіктілік кездеседі. Әлгі бас кейіпкердің мінезінің қалыптасуы, дамуы аясында драмалық қақтығыстар шоғыры орын алады. Мұның бәрі, былайша айтқанда, жанр заңы. Әр қойылымда осы жүйе сақталса, онда нәтиже жаман болмайды. Ал, «Алдаспан» жүйенің үдесінен шыға білді. Бар ерекшелігі осында.
– «Боздаған бойдақтар» арқылы қоғамның қыртыстау көрінісін көрерменнің көз алдына алып келдіңіз. Қойылымдағы жұмыс таппай, не өз алдына үй болмай, ата-анасынан тек ақша талап ететін бойдақтар залға жиылған қауымды қынжылтты. Бұл комедияның астарында әр отбасында кездесуі мүмкін үлкен проблема жатыр. Әлгі бойжеткенді қияға, ұлды ұясына қондырмаған ата-ана кінәлі ме? Әлде басқа ма?
– Қарт ата-анасының қамқорлығынан шықпаған, үйленер ойы жоқ, сүрленген бойдақтар жөнінде көрсетілді. Құдайдың құтты күнінде бұл әрекеттері үшін осы үш ағайындыға әбден наразы болған ата-анасы оларды үйден қуып шығады да, теңін таппай, оралмауға бұйырады.
Сюжеттегі ерекше бейне – ол әке-шешесін құрмет тұтпайтын, әдептіліктен мүлдем жұрдай қалған бойжеткен. Қанша жасырғымыз келсе де, қоғамның қордалы мәселесі бұл. Осы арада жоғарыдағы айтқан ата тарихы, ұлттық санаға қайта келеміз. Театр рухани азық алуға үйретеді. Бұл спектакль жастарға аз да болса әсер етіп, ой салса, менің жоспарымның орындалғаны. Себебі, қойылым – менің көкірек-кеудем, ой-таразым. Ол халыққа пайдасын тигізуі керек. Осы іспеттес әрбір пьеса, әр спектакль өскелең ұрпаққа ой тастап, терең тәрбие бере алатын бірегей құрал болса, қанеки.
«СЫНШЫ САЯСАТТЫҢ СОЙЫЛЫН СОҚПАУЫ ТИІС!»
– Сіз облыстық театрға келгелі тарихи қойылымдар да көбейді. Мәселен, «Гамлетті» кез келген театр алып шыға алмайды. Көрермен қалай қабылдады? Сіздің тарапқа әлдебір пікірлер айтылды ма?
– Уақыт қашанда өз талаптарын алға тартады. Жұмыс жандана түсу үшін жаңа серпін, жауапты істің қажеттілігі туды. Қаншама уақыт дайындықтан соң І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында әлемдік драматургияның шыңы саналатын У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы қойылды. Жалпы, Шекспирде комедия көп. Ал жаһан жұрты оны комедиограф деп қабылдаған емес. Барлығы оның трагедияларын біледі, мойындаған. Қалай болғанда да, «Гамлет» ешкімді немқұрайлы қалдырмайды. Өте күрделі әрі қызықты болғандықтан әркім өзінің өмірлік тәжірибесіне қарай, спектакльдегі көркем өмірді, кейіпкерлердің іс-әрекет, тағдыр талайын әр қырынан танып, бағалап, өзінше ой түйіп шығары даусыз. Қойылымдағы басты тақырып – кек. Дүниежүзіндегі әр театр әрқилы қойды. Себебі «Гамлет» бірнеше ойға құрылған. Әр бөлігі бір тұтас спектакльге тең. Ал менің әртістерім алып шыға ала ма? Мен олардың өздерінің ішкі қуатына, дайындығына сенімді едім. Өйткені оларға театр өнерінің әлемдік қазынасынан қанып ішетін уақыт келген…
Менің бірінші қадамым рөлдерді қысқарту болды. Басты-басты тоғыз кейіпкерді ғана қалдырдым. Эпизодтық кейіпкер Офелияны басты рөлге қойдым. Себебі, ол Гамлеттің сүйген адамы ғана емес, әйгілі «Быть или не быть» монологының басты тұлғасы. Әрине, Шекспирді бұрын көрген майталмандар бұған қарсы болды. Кейін анау кейіпкер қайда, мынау неге мына жерде деген сықылды сұрақтарын қойды. Бірақ, мен Шекспирдің айтайын дегенін жұмыр оймен жеткізгім келді. Ал бағасын халық берді.
Пікірге тоқталайық. Бір күні «Жұлдыз» журналына белгілі әдебиет сыншысы Жанұзақ Аязбековтың «Сіз «Гамлетті» көрдіңіз бе?» деген сын мақаласы шықты дегенді естідім. Айналдырған 10-15 күннің ішінде Алматыдан Сұлтанәлі Балғабаев пен Әлия Бөпежанова телефон шалды. «Шекспир мәселесіне қатысты мұндай сынды орталық (Алматы, Астана – авт.) театрдың майталмандары айтпап еді» деп сыншыға баға берді. Мен іле-шала «Жұлдызды» алып, мақаланы оқып шықтым. Маған ұнағаны, «Гамлеттен» туған ойды бөлшектеп талдай отырып, сүзгіден өткізіп, біздің қазаққа тән тұстарын өте ұтымды таразылаған. Біріншісі, бұл Жанұзақтың театр әлемін жақсы білетіндігі, жан-жақтылығы. Екіншісі, өз басым осы мақаладан соң әртістердің шынайы дәрежесін көре білдім.
Бүгінгі сынның алдында өзекті деген тақырыптарды қозғау, талдаулар арқылы жаңа мағыналар ашу мәселесі тұр. Негізінен, түйсігі мол, білімі бар сыншы шығарманың алғашқы бөлігінен-ақ байқай бастайды. Себебі, теориялық тұрғыдан мінсіз жазылған шығармада да бірнәрсе жетіспей тұрады. Көркемдік ой немесе шығарманың рухы болуы мүмкін. Оны ешбір техникамен жасай алмайсың. Нобайын, сыртқы түрін келтіресің. Бірақ өзін туынды рухты қажет етіп тұрады. Сынаушы адам саясаттың сойылын соқпауы тиіс. Міне, сыншы осыны көре білсе, қазақ театры ешқашан өлмейді.
– «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» деген ғой. «Көрерменге берерім солғын тартып тұрған жоқ па?» дегендей ой тудырған қойылымдар болды ма?
– Ол кез келген режиссердің басында болады, әрі болуы керек. Қателесу – өмірдің бір заңы. Нешеме рет жазылған шығармадан да қателік кетіп жатады. Мен он жыл кинода қызметте болдым. Тағы он жыл театрда жұмыс істеп келемін. Ойнаған рөліңнен бір кемістік байқап қалсаң, оны іштей қорытып, ешкімге білдірмей, жақсартып жіберуге тырысасың. Негізі, өзіңе өзің сынмен қарасаң ғана сен жауапты әртіс, сауатты драматург боласың. Қойылым кезінде менің екі көзім залдағы көрермендерге қадалады. Әлдекімдер сыбырлай бастаса, біреулер сыртқа шығып-кіре берсе, онда туындың әлсіздеу болып тұр деген сөз. Қазірдің өзінде, бір спектакль жазсақ, оны барлық әртістермен отырып талдаймыз. Су татитын, босаң жерлерін алып тастаймыз. Мысалы, Англияда бір автордың пьесасын бірінші жылы қойып, екінші жылы қоймайды. Бір жылда көріп қалу үшін көрермен таласады. Сондықтан да, қоюшы топ максималды түрде жұмыс істейді. Бір жерін қисайтып алмау үшін барын салады. Өз басым сондайлықты туындыларды тудыруға тырысамын.
– Облыс драматургиясының жалын мықтап ұстаған әртістері деп кімдерді айтасыз?
– Драматургтың кейіпкеріне актер жан береді, демек орындаушы режиссердің айтуынан бөлек, өз еркі өзінде болуы тиіс. Оқытушының студентпен жұмыс істегенін байқасаңыз, ол ешқашан мен сияқты жаса демейді, сен өзің ойлап тап, жеке бір бейне құрай біл деп үйретеді. Расында да бүгінгі күні режиссердің көлеңкесінде қалып қойған орындаушылар бар. Әртіске қалай жаса десең, ол тура, айнытпай сомдап береді. Ал жекелей ізденісі байқалмайды, кейін шегіне береді. Мұның бәрі оларды дайындауда кеткен қателік. Кез келген шәкірт өзінің керемет ізденісін алғашқы рөлдерінен-ақ байқатады. Атын атамайын, алайда Қостанайдағы театрда да ондай әртістер баршылық.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Кешегі театр оқиғасынан соң жазылған ғой?