“Дауыс беру — азаматтық борышым”
Таң азаннан дауыс беруге асыққандар аз емес. Солардың бірі – Қазбек Арықов. Ол нөмірі 46 сайлау учаскесіне бірінші болып келді. Алғашқы сайлаушыға сыйлық табыс етілді.
"Жұмысқа бара жатып, дауыс беруге келдім. Сайлауға қатысуды азаматтық борышым деп білемін", – дейді ол.Қостанайдағы нөмірі 46-шы сайлау учаскесі Строительная, 8 мекенжайында орналасқан (нөмірі 17 мектеп). Мұнда 2600-ден астам тұрғын тіркелген. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар саны – 13. Оларға құрылғы көмегімен тыңдауға арналған аудиоматериалдар мен трафарет дайындалып, өтініш негізінде үйінде дауыс беру қарастырылған.
"Жалпы, біз 30 қазаннан бері жұмыс істеп жатырмыз. Тізімді реттеп, 4 қарашада әр үйге шақырту тараттық. Бүгінгі жұмысымыз әнұранмен басталды. Комиссияда 11 адам бар. Таңертең үш бақылаушы келді. Кешкі сағат 8-ге дейін әлі де бақылаушылар келуге тиіс. Сайлаушылар белсенді қатысып, күніміз жақсы өтеді деген үміттеміз", – дейді аталған учаскедегі сайлау комиссиясының төрайымы Қаншайым Шынболатова.Бүгін аталған учаскеде 23 адам бірінші рет дауыс бергелі отыр. Яғни, 18 жасқа биыл толғандар. Сонымен қатар, осы учаскеде дәл бүгін туған күнін тойлайтын 8 адам таңдау жасайды. Оларға да сыйлық беріледі.Учаске орналасқан мектеп ғимаратында сағат 9.00-де сайлаушыларға арналған концерт басталды.