Жолда қалғандарға көмек

Қостанай облысында аязды күндері жолда қалғандарды құтқару операциялары әлі жалғасып жатыр. Күн райының бұзылатыны жайлы алдын ала хабарландыру айтылғанмен, алыс сапарға шығушылар легі азаяр емес. Мәселен, қатты боран болған 18 ақпан күні облыстың полиция қызметкерлері жолда қалып қойған 100-ден астам жүргізуші мен жолаушыға көмек көрсетті.  
Қолайсыз ауа райының салдарынан жолда қалған Арқалық қаласының тұрғыны Михаил Курчецкийге алғашқы көмек көрсетілді. Ол кюветтен ауып кеткен «УАЗ» көлігін тартып алған учаскелік полиция инспекторы Сырым Тунтерге және полицияның аға лейтенанты Еркін Кәкеновке алғыс білдірді. Көліктің салонында кішкентай бала болған. Полиция екі сағаттан астам уақыт бойы «УАЗ»-ды қар құрсауынан шығарып, ішіндегі жолаушыларды үйіне аман-есен шығарып салды. Михаил Курчецкий өзінің алғыс хатында: «қиын сәттерде көмектесетін осындай қызметкерлер көбірек болса екен», – деп ниет білдіріпті.
Бұдан бөлек, «Қостанай-Әулиекөл» автожолының 43 шақырымындағы Қостанай ауданы Қостомар кентінің тұсында үш сағаттан астам жолда қалған жүргізушіге көмек көрсетілген. Көлікте 3 жолаушы және емшектегі бала болған. Полиция лейтенанттары Қайырбай Амаржанов пен Ермек Әшімов жолай өткен көліктерді тоқтатып, оларды облыс орталығына дейін жеткізуге көмектесті.
Сағат 12.00-ден бастап Қамысты ауданының Жайылма ауылына жетпей, «Қостанай-Қарабұтақ» автожолында үлкен кептеліс болып, 15 жүк автомашинасы жолда қалды. Қамысты аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қазавтожол» қызметкерлерімен бірлесіп көмек көрсетті, ал көлік құралдары сағат 23.00-ге қарай төрт жердегі омбы қардан шығарылған.
Сондай-ақ, Рудный қаласы полиция басқармасының қызметкерлері қар астында қалған көліктерді қазып шығарып, сүйреуге көмектесіпті.
Жолда үсік шалған адамдар болған жоқ.
Жалпы, 18 ақпанда облыста барлығы 31 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның 25-і Қостанай қаласында болған.
Полиция департаменті азаматтарды қолайсыз ауа-райы кезінде өте сақ және мұқият болуды және алыс жолға шықпауға шақырады.  

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓