“Жарайсың, Олег!”. Оқушының ерлігі
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанайда өртенген үйден балаларды аман алып шыққан оқушыға алғыс білдірді.
фото: alau.kz
Оқиға кеше болған. Қостанай қаласы шетіндегі «Садовод» саяжай қоғамындағы үйлердің бірі өртенді. Өрт сөндірушілер жеткенше 60 шаршы метрлік тұрғын үй түгелдей жанып кетті.
Қостанай қаласындағы №22 орта мектептің 5-сынып оқушысы Олег Пирог сол саяжайда тұрады. Көшеде ойнап жүрген ол жақын маңдағы саяжайдан өрт шыққанын байқайды.
Батыл өрен өрт сөндірушілердің келуін күтпей, түтінге оранған үйге терезе арқылы кіріп кетеді. Сөйтіп ол төрт баланы көшеге алып шыққан.
«Оқиға орнында 4 техника, қалалық өрт сөндіру қызметінен 17 адам құтқару жұмыстарын жүргізген. Өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден екі газ баллонын шығарды», – деп хабарлады облыстың ТЖД баспасөз қызметі.
Болжам бойынша, өрттің шығуына пештің дұрыс жұмыс істемеуі себеп болған.
Архимед Мұхамбетов Инстаграмдағы парақшасында 5-сынып оқушысының ерлігін атап өтті.
«Ертең Олегті осы ерлігі үшін жеке алғыс айтуға, грамота мен бағалы сыйлықтар беруге шақырдым. Сондай-ақ, осындай батыл және нағыз адал азаматты тәрбиелеген ата-анасына ризашылығымды білдіремін», – деп жазды облыс әкімі.