Әкеміз майданнан оралмады
Бір өлеңдегі: «Мен бүгін әкемді ойлап сағынамын…» дегендей, мен де бүгін әкемді есіме алып, сағынышта отырмын. Сондықтан да әкемнің 72 жыл сандықта жатқан мына хатын жарық дүниеге көрінсін деп жіберіп отырмын. «Тау алыстаған сайын биіктей береді» дегендей, сағыныш жасқа қарамайды екен. Жасың ұлғая түссе, сағыныш та ұлғая беретін көрінеді.
Әкем соғысқа 1942 жылдың басында кеткен екен. Үйге хатпен өлеңдері де келіп тұратын. Сағынышын өлеңмен жеткізетін.
«Құлындарым Қайнеш, Бибіш, Фазылжан!
Қапылыста қалғандайсың қасымнан.
Қылықтарың елестейді көзіме
Асыр салып иығыма асылған… –
деп бастаған 8 ауыз өлеңі және де елден киіп кеткен киімдерін посылкамен салып жібергендегі өлеңдерін жаттап алып айтып жүруші едік.
Бірақ көп ұзамай әкемнен «қара қағаз» келді. Бұл 1943 жылдың жазы болатын. Анам өмірінің соңғы күніне дейін әкемді күтумен болды. Бізге айтатын: «Қара қағаз келгендер келіп жатыр ғой. Бір күні әкең де келіп қалар», – деп. Анам 1971 жылы 63 жасында қайтыс болды. Өзінің өтініші бойынша Сарыкөл ауданы, «Докучаев» кеңшарындағы Шоқай батыр зиратына жалғыз інімнің қасына қойылды. Бұл анамның өз төркіні болатын.
Әкем оқыған, сауатты адам болатын. Ертеде ауыл молдаларынан оқыса, кейін рабфакта оқыған деп отыратын анам. Арабша, қазақша, орысша оқып, жаза беретін. Орыс достары көп болатын, олар үнемі әкем барда үйге келіп жүретін. Қостанайда 1938 жылға дейін тұрып, елдегі ағайындар-ға жақындаймын деп көшіп келіппіз. Елдегі жұмысы есепшілік болған. Ағайынға қадірлі, мінезі жұмсақ, өте бір қамқоршы адам болыпты. Біз соғыстан бұрын ақарлы-шақарлы отбасы болыппыз. Мына сурет соны көрсетеді. Анамның қасындағы жас келіншек әкемнің інісінің келіншегі – туған абысыны екен, ал оң жақтағы жігіт детдомнан кішкентай кезінде асырап алған баласы – аты Досмаил. Досмаил аға соғысқа институтта оқып жүргенде кеткен, ұмытпасам Қазан университетін-де оқыған дейтін. Әйтеуір сол кезде үйде том-том Маркстің, Энгельстің кітаптары болатын.
Біздің отбасымыздан кеткен әкем – Рақымжан, інісі Кәкімжан және баласы – Досмаил үшеуі де елге оралған жоқ. Кейінгі екеуінен ұрпақ та қалмады.
Жеңіс мейрамы жақындаған сайын ой-санама өкініш пен қуаныш бірге келеді. Өкінішім сол, әкем, бауырларым оралған жоқ. Әкесіз жетім өстік. Бірақ та анамыздың арқасында жұрт қатарлы өмір сүрдік. Балаларының бәріне де жоғары білім әперді. «Оқысаңдар адам боласыңдар» деп үйретті. Қуанышым сол, есіл ерлердің арқасында бейбіт өмір орнады. Қалған ұрпақтар «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүріп жатыр.
Бибіш Рахымжанқызы.
Біздің отбасы. (Сурет автордың мұрағатынан алынды. Соғысқа дейін түсірілген).