ЖІТІҚАРАҒА – 80 ЖЫЛ!
Жітіқаралықтар қала күнін атап өтіп, "Тың-Целина — 2019" облыстық спартакиадасын тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Биыл бұл қаланың құрылғанына 80 жыл. Ал облыстағы басты спорт бәсекесі осымен 34 рет ұйымдастырылып отыр. Тұрғындар қос мерекені де кең көлемде атап өтті.
Жітіқараның мерейтойына орайластырылған іс-шаралар қала орталығында өтті. Орталыққа жиналған халықтың қарасы көп. Той балаларға арналған шаралардан, дәстүрге айналған «Әнші балапан» мен «Сағындырған әндер-ай» байқауларынан бастау алды.
– «Әнші балапан» балалар байқауының мақсаты – өнерлі, дарынды балаларды халықаралық деңгейге көтеру.
Байқаудың ережесі бойынша 5-13 жас аралығындағы бүлдіршіндер қатысты. «Сағындырған әндер-ай» және «Айналдым сеннен, туған жерім» байқауына Лисаков қаласы, Қамысты ауданы, Б.Майлин атындағы аудан, Жітіқара ауданынан, Денисов ауданын, Ресей Федерациясының Адамовский ауданынан қатысушылар келді. Осы кішкентай сахнадан қанат қаққан жас өрендер, бүгінде түрлі халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүр, – дейді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаңылдық Әлмұхамедова.
Мерекелік іс-шаралар легі «Жастар алаңында» да жалғасты. Бұл араға жиналғандар «шашки-маски» ойынынан бақ сынасып, скейтбордтан сайысқа түсті. Шара ұйымдастырушылары жарыс жеңімпаздарын марапаттап, құнды сыйлықтарды табыс етті.
Шара «Балалар бақыты» бесік арба шеруімен жалғасты. Оған 12 отбасы қатысты.
– Бесік арба шеруі осымен бесінші мәрте өткізіліп отыр. Мақсат – кішкентай бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, отбасындағы татулықты жандандыру. Қатысушылардың барынша қызығушылық танытқанын арбаның безендірілуінен байқауға болады, – деді аудандық кітапхананың директоры Әсем Жұмағұлова.
Қала күнінде жылдағы дәстүрге сай «Ретро-мобиль» көрмесі өткізіліп отыр. 2017 жылдан бастау алған шараға қатысушылар қатары жыл өткен сайын артып келеді.
– Өткен күннің құнды жәдігері болып табылатын автокөліктер мен мотоциклдер көрмесіне арнайы аудан бюджетінен қаражат қарастырылған. Биылғы көрмеге 15 тапсырыс қабылданып, 13-і мақұлданды. Биыл қатысушыларға қойылар талап өзгеріп, қала күніне байланысты көліктерін сәндеу тапсырылды. Көрмеде техникалық жағдайы жақсы көне көліктер бағаланды, – дейді Жітіқара ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Ділда Хайрат.
Байқау қорытындысы бойынша 1962 жылы шыққан Волга ГАЗ М-21 автокөлігінің иесі Михаил Мартынов иеленсе, екінші орынды 1968 жылғы Волга ГАЗ-2 көлігінің иегері Владимир Штельтер, 1952 жылғы Мотоцикл ИЖ-49 Сергей Волошин үшінші орынды місе тұтты.
Іс-шара барысында қаланың көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтар облыс әкімінің қолынан алғыс хаттар алды. Марапат алғандар арасында аудандық білім бөлімі және балалар шығармашылық мектебі мен «Балапан», «Қарлығаш» балабақшалары да бар.
Қала мерейтойында ат спортынан жарыс өтті. Аламан бәйгеде облысымыздың шабандоздары өз бақтарын сынады. 24 шақырымдық бәйгеде 30-ға жуық тұлпардан жітіқаралық Алмас Рысмағамбетовтың аты озып, облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев пен Жітіқара ауданының әкімі Абай Ибраевтың қолынан темір тұлпардың кілтін алды.
Бұдан соң басты мерекелік бағдарламада облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев қала тұрғындарына облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың құттықтауын жеткізді.
– Жітіқара тұрғындарын бүгінгі 80 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Жітіқара жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі, – деді Марат Қонысбайұлы.
Мерекелік кеште отандық және шетелдік эстрада жұлдыздары сахна төрінде өнер көрсетті. Мерейтой соңы от шашу мен Жітіқара қаласындағы ең биік телемұнараның жағылуымен аяқталды.
Жітіқара қаласының 80 жылдығына және блогерлер күніне арналған "Жітіқара – менің балалық шағымның қаласы!» атты байқауда «Жітіқара – менің балалық шағымның қаласы» номинациясын кітапханашы Гүлшат Тлекешева жеңіп алса, «Көк аспан астында алтын қала бар» номинациясы №10 орта мектебінің аға тәлімгері Екатерина Синяшоваға бұйырды.
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев.