Өнерге шек жоқ
Қостанай қалалық «Мирас» мәдениет үйінде облысымыздағы мемлекеттік қызметшілер арасында шығармашылық байқау болып өтті. Өнер байқауы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Сайысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қостанай облысы бойынша департаменті облыстық мәдениет басқармасымен, «Грин» азаматтық Альянсы» қоғамдық қорымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының, мемлекеттік, банк мекемелері мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподақ филиалдарымен бірлесіп ұйымдастырды. Байқаудың барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әсет Досекенов қатысыушыларды құттықтап, жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.

–Байқаудың негізгі мақсаты мемлекеттік қызметті дәріптеу және мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін қалыптастыру, арттыру, көтеру болып табылады. Қызметкерлеріміз тек қана мемлекеттік қызметшілер ғана емес, олар да өнер сүйеді, шығармашылықпен айналысады, ән айтады. Биылғы байқауға облыс бойынша қырық адам қатысты. Олар үш бағытта, вокал, хореография және поэзия жанрларында сайысқа түсті,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының жетекші маманы Евгений Бедыч.

Байқауға қатысушылар соны даярлықпен келгені байқалады. Әр қатысушыны қызметші деп айта алмайсыз, оалар ән айтып, би биледі. Ақындарымыздың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, өнерлерін сан қырынан көрсете білді. Жиналған көрермендер де әріптестерін қолпаштап, көтермелеп, дем беріп, ду қол шапалақтап отырды.
Сонымен, «Поэзия» номинациясында бірінші орынды Сарыкөл ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бас маманы А.Ахметова жеңіп алды, ол үш тілде туған жер туралы өз өлеңдерін оқыды. Ал, екінші орынды Жітіқара ауданы әкімінің аппаратының мемлекеттік қызметшісі Г.Найзатаева, үшінші орынды Лисаков қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы И. Шпак иеленді.



Гүлназым САҒИТОВА