«Қайта оралған есімдер»
Облыс аумағында «Қайта оралған есімдер» атты «Нұр Отан» партиясының республикалық акциясы басталды. Аталған шара «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында жүзеге асуда.
Ауқымды шара өңірге қарасты Владимиров ауылынан бастау алды. Ауылдың оқушылары және «Олимп» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, ерікті жастар ҰОС-ның боздақтарына арналған мемориалға ескерткіш лентасын қойды. Алдағы уақытта бір топ еріктілер хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жерленген орнын іздеумен айналыспақ. Оқушылар анықтаған жауынгерлердің есімдері мектеп маңындағы ескерткішке жазылады. Акцияның өтуіне «Нұр Отан» партиясы ҚОФ мұрындық болды.
– ҰОС жылдары біздің ауылдан 400 адам майданға аттанды. Соның ішінде 212 жауынгер ұрыс даласында қаза тапты. Ерікті жастар мен белсенді азамат Михаил Кашалконың арқасында хабарсыз кеткен 51 ардагер туралы тың ақпараттарды таптық. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. 9 мамырға дейін жерлес батырлардың есімдерін ескерткішке жазуды жоспарлап отырмыз, – деді «Олимп» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Болат Кенжебаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА