249 АДАМ СУҒА КЕТКЕН
Суға шомылу маусымы басталғалы елімізде 249 адам суға кеткен, оның 84-і кәмелет жасына жетпеген жеткіншектер. Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, өткен аптаның өзінде ғана 19 адам су құрбанына айналған, оның 5-і бала.
Қайғылы жағдайлар көп жағдайда шомылуға тиым салынған және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелген. Қаза болғандардың көпшілігі ішімдіктің буымен суға кетсе, жеткіншектердің дені ата-аналарының салғырттығынан, бақылаусыздығынан бақи болған.
Адам шығынының артуына алаңдаушылық білдірген Төтенше жағдай комитеті суға түскенде сақтық шараларын күшейту керектігін еске салуда. Су айдынында, демалу орындарында алкогольдік және есірткілік масаң күйде шомылуға; қайықтан, катерлерден, айлақтардан, сондай-ақ осы мақсатқа лайықталмаған құрылыстардан суға секіруге; тексерілмеген және жабдықталмаған орындарда сүңгуге; жүзудің шекарасын белгілейтін белгілерден асуға; жүзуге арналмаған бұйымдармен жүзуге; кемелерге, қайықтар мен катерлерге жақындауға; техникалық және ескерту құрылғыларымен жүзуге; балаларға ересектерсіз суға түсуге тиым салынатынын хабарлайды.
Қызмет өкілдерінің дабыл қағуына күннің қайта ысуы себеп болуда. Мәселен, Қостанай облысында қыркүйектің бел ортасына дейін жауын шашын болмайды. Күн +26 +30 градусқа дейін ысиды деп болжануда. Gismeteo.kz порталының хабарлауынша, 1-3 қыркүйек аралығында облыс орталығында ауа температурасы +31 градусқа дейін ысиды. Тек, 9-11 қыркүйек аралығында жауын-шашын болады деп күтілуде.