Жұлдыз жарықшағы

немесе метеорит құлаған жер жайында не білеміз?
 
Қамысты ауданының Талдыкөл ауылы облыс орталығынан үш жүз шақырымнан астам аралықта. Үш жүзге тарта жан түтін түтететін ауыл жұрты малмен күнелтіп отыр. Он беске тарта шаруа қожалығы мен бір серіктестік егінмен қатар, «әулиекөл», қазақтың ақбасы, ангус аралас тұқымды ірі қара өрістетіп отыр. Ауыз су елді мекеннен тоғыз шақырым жерден тасып әкелінсе де, Талдыкөл, Қулыкөл көлдер тізбегі малға ғана емес, жабайы аң-құстың мекеніне айналды.
IMG_20190722_143125
Ал осы Талдыкөл ауылынан 24 шақырым жердегі Шеңберкөлдің (Круглое) «Қоңыртау астроблемасы» аталатын метеорит сынығы құлаған орын екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Осы әңгіме қаншалықты рас, оған қандай дәлел бар, жұлдыз жарықшағы түскен жер ғалымдар мен туристерді қаншалықты қызықтырып отыр? Осы сауалдармен шалғайдағы ауданның шалғай ауылына барып, Шеңберкөл орнын көріп қайтқан едік.
Жер ғаламшарында табиғат құбылыстары салдарынан аспан денелері құлаған жүзден астам орын анықталған. Ғылымда мұны астроблема (астро – жұлдыз, гректің blema — жара, яғни, «жұлдызды жара») деп атайды. Ежелгі метеорит сынығы есептелетін осы терминді алғаш ғылыми айналымға  америкалық геолог Р.Диц 1960 жылы енгізді.
IMG_20190722_140936
Ал Қазақстан аумағында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Жаманшың және Қарағанды облысындағы Шолақ астроблемалары аздап зерттелгенмен, Қоңыртау астроблемасы аса назарға алына қоймаған орын. Шындығына келгенде, Қоңыртау астроблемасы қазыналы өлкеміздің киелі орны ғана емес, әлемдік табиғи экожүйенің көш басында тұрған құндылық. Ендеше өзімізде бар ғажаптарымызбен неге мақтанбасқа!
Қостанай-Қарабұтақ тас жолы арқылы Қамысты ауданының Сахаров елді мекені тұсынан солға бұрылып, Талдыкөлге апаратын көтерме жолға (грейдер) түсіп алып, он шақырым жүрсеңіз, оң жағыңызда бір шақырымнан аса қашықтықта Шеңберкөлдің үстінен түсесіз. Ғажайып орын Торғай қолатының батыс бөлігінде жатыр. Негізінен бұл жер көрші Жайылма ауылына қарайды. Жанында тың игеру дәуірінде адам қолымен жарылып қазылған шағын көлшік бар. Дәл соның етегінде шеңбер болып үлкен жазық жатыр. Бір қараған адамға еңіс жазықтардан еш айырмашылығы жоқ, тартылып, орнын өсімдік басып кеткен судың табанына ұқсайды. Анығында өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Н.Скрябин мен Г.Берсенев есімді геологтар осы аралықта барлау жүргізу кезінде литосфера саласында сирек кездесетін қызыққа тап болады. Әдетте жер қыртысы 20 метр, кей жерлері, тіпті, 10 метр қалыңдықты құрап жатады. Ал дәл осы Шеңберкөлдің аумағында 200 метр тереңдікке дейін топырақ қыртысының борпылдақ, жұмсақ екені анықталған.
IMG_20190722_143154
Зерттеушілер геологиялық, палеоботаникалық, аэрофототүсірілім материалдарының бір-бірімен байланысына және ғылымдағы басқа да гипотезаға сүйеніп, бұл мекен аспан денесі құлаған орын деген байламға тоқтапты. Олигоцен-миоцен (палеоген дәуірінің соңғы – неоген дәуірінің алғашқы кезеңі) дәуірінде метеор сынығы жерге келіп соғылған кезде диаметрі бір шақырым шұңқыр болып үңірейіп қалады. Уақыт өте келе іші топыраққа толып, тегістеліп қалады. Кезінде кеңестік ғалымдар тартылып қалған көл орнын 138 метрге дейін қазып, тереңдете отырып топырақ қабаттарының сынамаларын алған ғой, сонда одан миллиондаған жылдар бұрын жер бетінде өсіп, кейін көміліп қалған өсімдіктің не бір түрі табылыпты. Сол 138 метрден кейін қазу жұмысы тоқтатылған. Бәлкім қаза берсе, ежелгі жабайы аңдардың қаңқалары табылып қалар ма еді, кім білсін? Ғылымның тілінен аударғанда, бұл метеорит шамамен осыдан 25 миллион жыл бұрын Қамысты ауданының жеріне құлаған деген қорытынды жасалып отыр. Оның пішіні, салмағы, көлемі, құрамы қандай, ешкім дөп басып айта алмайды.
Бір анығы, метеор тас құлаған орынға су жиналып, көлге айналған. Диаметрі екі шақырымдай болыпты. Жарты ғасыр бұрын ол тартылып қалған. Ол жерге барған адам Шеңберкөлді судың табаны екенін және бертінге дейін су болғанын бірден аңғара алады – жағалай өскен қамысты айтпағанда, топырақ бетінде ұлудың бірнеше түрінің қабыршықтары толып жатыр. Сондай-ақ, ені 10-15 сантиметр болатын жердің жарықтары тағы бар – тереңдігі кей жерде шамамен бір, кей арада бір жарым-екі метрге дейін жетіп қалады. Қалың өскен нулы шөптерге тырна, қаз, үйрек балапан басатыны да көрініп тұр. Көлдің өз табаны тегіс те, ернеуі кедір-бұдыр.
Қоңыртау төбесі деп отырғанымыз өңіріміздің ең биік нүктесінің бірі саналады. Геофизиктердің айтуынша, өте ыстық температурадағы жұлдыз жарықшағы сол төбені жермен жексен еткен. Ал одан шашыраған ұшқындар жеті-сегіз шақырымға дейін атқылап, шой тас болып қатып қалады. Шеңберкөлдің орнына метеор тас құлағаны жөнінде анық дәлел осы. Сол орыннан бір-бір жарым шақырымдағы көтерме жол бойында шашылып жатқан балқыған тастар. Пішіні әдеттегі тастарға ұқсамайды, кәдімгі ақ балшықты илеп-илеп қатырып тастаған секілді. Бұны бізді бастап жүрген Талдыкөл ауылының әкімі Әбілда Ағдәулетов те мойындады. Өзі жанып келе жатып, жерге бар салмағымен соғылған метеориттен жарықшақтар қалайда жан-жаққа қарай ұшпай ма? Тастардың басқа жерде кезікпей, жол бойында болатыны – ертеректе осы жолды саларда жан-жағын күреп, үйген кезде жердің беткі қыртысынан шыққан болу керек.
IMG_20190807_191231
Міне, осындай ғылыми дәлелдемелерді алғаш 1992 жылы В.Воинов пен А.Брагин «Топорков оқулары» жинағының бірінші санында жариялады. Содан бері бұл гипотезаны көпшілік зерттеушілер мойындаған. Бүгінгі күні Талдыкөл негізгі мектебі жағырапия және биология пәндерінің мұғалімі Роза Досмұхамедова өлкетану жұмысымен айналысып келеді. Ұстаз осы бір жұмбақ құбылысты жиырма жыл бойы зерттеп келе жатқанымен бірге оқушылардың басын қосып, бастамашыл топ құрып, жиі экскурсияға барып жүр. Тіпті, 2017 жылы облысымызда өткен әлеуметтік идеялар мен бастамалар жәрмеңкесінде рухани, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау және дамыту аталымы бойынша «Геолого-экологическая экскурсия «Кунгуртауская астроблема озера Круглого» тақырыбымен жеңімпаз атанды.
– Біз алғаш ғылыми жобаны жаза бастағаннан Шеңберкөл жері үкімет тарапынан табиғи резерват етіп қорғауға алынса деген ұсынысымызды білдіріп келеміз. Егер бұл киелі мекен мемлекет қорғауында болса, түрлі экспедициялар мен ғылыми жаңалықтар ашатын орынға айналар еді. Мәселен, біздің Қулыкөл, Талдыкөл бастаған ірі көлдерімізді қосып, Тауынсор мемлекеттік табиғи қаумалдар аумағына дейін созылатын кең аумақты алып жатқан мемлекеттік табиғи резерват етіп ашуға болады. Бұл жер көктем-күзде түрлі құстардың дамылдайтын орны. Біздің басты мақсатымыз – әлемдік географияның бір бөлшегі ретінде өзіміздің өлкемізді танып-білу, өскелең ұрпақтың бойына туған жерінің тарихын, мәдениетін сіңіру, өткір проблемаларын шешу жолдарын үйрету арқылы оларды патриотизмге, елжандылыққа баулу. Өз өлкеміздің тарихы, оның осындай құндылықтары оқушыларымыздың мақтанышы, туристердің көз тіккен орнына айналуы керек. Қоңыртаудағы жұлдыз жарықшағы түскен орын – жер бетінде табылған ең соңғы астроблема қатарында. Ол қазір Қамысты ауданының сакралды орындарының тізіміне енгізілген. Негізі мұндай сирек құбылыс бер жағы республикалық, одан асса жаһандық ғылыми мұра ретінде қаралу керек. Егер Қоңыртау тасы жөнінде терең зерттелетін болса, отандық геология, палеонтология, палеоботаника, палеофаунистика, климатология, радиология, зоология, экологияның жаһандық мәселелері бойынша біраз мағлұматтар алынар еді, – дейді Роза Досмұхамедова.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Қамысты ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓