Фронт-кеңсе ашылды

Қостанайда елде баламасы жоқ психологиялық және қосымша білім беру өңірлік орталығы ашылды. Аталған бастама «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде жүзеге асып отыр. Жобаның іске асырылуына облыс қазынасынан 54 млн теңге бөлінген. 
DSC_0140
 – Орталық тек қосымша білім берумен ғана емес, оқу үрдісіндегі барлық қатысушыларға психологиялық көмек көрсетеді. Суицидтік мінез-құлық бойынша облысымызда кәмелет жасына толмағандар ерекше бақылауды қажет етеді.  Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы – 37 жағдай тіркеліп, 8-і суицидпен аяқталса, одан кейінгі жылы – 43, соның 10-ы суицид, 2018 жылы – 50 жағдай тіркеліп, оның 12-сі суицидпен аяқталды, – дейді психологиялық  көмек пен қосымша білім беру орталығының директоры Елена Петренко.
Орталықтың мамандары әдістемелік кеңес беру, семинар-тренинг, коучингтер өткізеді. Бала мен ата-ананың арасындағы мәселелерді шешу үшін арнайы бөлім де құрылған.
-Басты мақсатымыз – балалар үшін психологиялық көмектің қолжетімділігін, сапасын арттыру, сондай-ақ, психолог мамандарының кәсіби құзыреттілігін дамыту. Қазір біз жас өскінге психологиялық кеңес беруден бөлек, әскери-патриоттық, көркем-эстетикалық, әлеуметтік бағыттар бойынша да жұмыс істейміз, – дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.
   Мұндағы мамандар ата-ана мен балалар арасындағы түсінбеушілік, балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алу,  жасөспірімдер арасындағы  ерте жүктілік,  төтенше жағдайдан кейінгі балалармен жұмыс, суицидтік әрекеттердің алдын алу мен психологиялық диагностика жүргізеді.
   Арнайы орталық мемлекеттік мекемелер мен бизнес нысандарынан алшақ орналасқан. Үй жағдайына барынша жақындастырылған. Айта кету керек, ашылу салтанатына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев пен партия жанындағы балалар құқықтарын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева да қатысты.
  -Арнайы орталықтың тұжырымдамасы мен бағдарламасы – қостанайлық мамандардың еңбегі.  Бұған дейін бізге дайын бағдарламаны сатып алу туралы ұсыныс айтылған еді. Алайда, біз  өзіміздің тәжірибеміз пен менталитетімізге орайластырып, жаңасын құрастырдық, – дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев.
DSC_0112
    Аталмыш орталықтың ашылуына «Nur Otan» партиясы жанындағы балалар құқығын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева да өз бағасын берді. Оның айтуынша, бұл тәжірибені өзге де  облыстарға енгізуге болады.  Динара Болатқызының бастамасымен  арнайы топ өңірімізде балалар құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша ұсыныстар мен жүйені жетілдіру бойынша жұмыс істеген еді. 
-Отбасылар үшін ең бастысы ол – қиын жағдайға тап болғанда керек көмекті алуға болатын арнайы ресурстық орталықтардың болуы. Отбасыдағы зорлық – зомбылықтардан қорғау, суицидтардың алдын алу бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Бір көзбен қарағанда шағын орталықтың, ауқымды мәселелерді шешумен айналысатындығы көңіл қуантады. Сіздердің тәжірибелеріңізді өзге өңірлерге жеткізсек, нәтижелі жұмыстың айғағы. «Бақытты отбасы» үшін бастысы – психологиялық көмек, – дейді Динара Закиева.
Психологиялық қолдау орталығында тәулік бойы 37-08-58 сенім телефоны жұмыс істейді. 10 психолог маманы мен 6 педагог азаматтарға кеңес береді.  Одан бөлек, арнайы мобильды топ құрылған. Сондай-ақ, орталық білім мекемелеріндегі  психологиялық қызметті көрсететін нысандарды да басқарады. Фронт-кеңсе бұған дейін білім басқармасында болған еді. Енді жаңа ғимаратта орналасқан.  Жыл басынан бері сенім телефонына 360 қоңырау келіп түскен. Басым мәселелердің бірі – ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы болса, екіншісі  эмоционалдық, психологиялық ауытқушылықтар дейді мамандар.
DSC_0120
Психолог мамандар арт-терапия, музыкалық және ойын терапиясын өткізеді. Жаңа оқу жылынан бастап құм терапиясы енгізілмек.
Айта кету керек, жаңа фронт-кеңсе Қостанай қаласы, Толстой көшесі 49 мекен-жайында орналасқан. 
 

 

Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков.

You may also like...

1 Response

  1. ХАН айтты:

    Керемет бастама! 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓