Рухыңды сілкіп, санаңды серпілткен жоба

Облыстық ішкі саясат басқармасы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп, Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары негізінде 34 ақпараттық жобаны жүзеге асырып келеді. Бұл тың бастама жобалар аймақтағы теле-радио арналар, газеттер мен олардың сайттары, әлеуметтік желі арқылы кең таралып кетті. Қостанайдағы «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесінде осындай ілкімді шаралардың «Жазба айтыс» және «Сана серпіні» жобаларының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
IMG_5174
Айта кету керек, Тобыл-Торғай елінің рухани сілкінісіне біздің басылымымыз да зор үлесін қосып келе жатыр. Былтыр қарашаңырағымыз «Қостанай таңының» бастамашы болуымен өңірде жазба айтыс ұйымдастырылып, 16 ақын газет бетінде кезең-кезеңмен өзара сөз саптасып, суырылып шыққандардың арнайы марапатталғаны елдің есінде.
– Өткен жылғы жыр додаға мәдениет басқармасы мұрындық болған еді. Биыл Қостанай қаласының 140 жылдығы, халық ақыны О.Шипиннің 140 жылдығы, Алаш қайраткері Б.Майлиннің 125 жылдығына орай «Құтты мекен – Қостанай» атауымен ұйымдастырылған бұл шара өңірлік ішкі саясат басқармасының қолдауымен ауқымын кеңейтіп, республикалық деңгейге дейін көтерілді. Қостанай облысынан бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Қарағанды аймақтарынан 22 ақын қатысқан жазба айтыс додасына елімізге белгілі ақын-жазушылар бастап төрелік жасады. Айтыстың әр кезеңі «Қостанай таңы» газетінің бетінде және сайтында жарияланып келді. Ал «Сана серпіні» – 2018 жылдан бері әлеуметтік желілерде жүзеге асырылып келе жатқан жоба. Биылғы «Фейсбук» және «Вконтакте» ғаламтор алаңында жарияланған байқауды «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы, өңіріміздің сакралдық географиясы және «Көркейе бар, Қостанай!» деп үш кезеңге бөлдік. Әлеуметтік желі қолданушыларына өздерінің туған жерге сіңірген еңбегі мен қосқан үлесін атап көрсетуді тапсырма етіп бердік. Осы арқылы әр азамат өзінің өскен елінің тарихын, оның жетістігін біліп қана қоймайды, бұл жайында басқалармен де бөліседі, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова.
IMG_5194
Ұйымдастырушылар «Сана серпіні» жобасына ғаламтор қолданушылар өте белсенділік танытты дейді. 25 мыңнан астам қаралып, 150-ден астам пікір жазылған.
– «Сана серпіні» өте қызықты әрі танымдық жағынан ауқымды жоба. Басқарманың әлеуметтік желідегі парақшасында сакралды орындардың суреті беріледі, оның атауын, қайда орналасқанын, кімнің, ненің құрметіне орнатылу тарихын қысқаша баяндап, парақша астына пікір жазуың керек. Бірінші кезеңде он, екінші кезеңде сегіз тапсырма бар. Ал үшінші кезеңде өз туған жеріңе қосқан титтей үлесіңді атап өтуің керек. Мәселен, сенбіліктерге шығып, ағаш отырғызу, үлкен кісілерге көмек көрсету қатарлы біздің қолымыздан келетін жұмыстардың барлығы осының ішіне кіреді, – деді Науырзым ауданынан жобаға қатысқан Рыскүл Тасқымбаева.
IMG_5029
Сонымен, «Сана серпіні» жобасында Мейірбек Ысмағұлов жеңімпаз танылып, ноутбук иеленді. Екінші орынға тігілген смартфонды Рыскүл Тасқымбаева еншіледі. Үшінші орын иегері Ботакөз Хамитке планшет тапсырылды. Мәрия Есенгелдина, Кенжеғали Бимағамбетов, Айтолқын Қапан ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Биылғы «Жазба айтыс» жобасының жеңімпазы – белгілі ақын Абылай Мауданов. Топ жарып шыққан ол 250 мың теңгенің сертификатын иеленді. Арқалықтық азулы жас жолбарыс Батырлан Сағынтаев екінші орынға тігілген 150 мың теңгенің иегері атанды. Ал айтыскер ақын Тоба Өтепбаев пен ақын, журналист Аслан Қанғожин үшінші орынды тең бөлісіп, әрқайсысы 50 мың теңгеден еншіледі.
IMG_5158
Бұл шара жеңімпаздарды марапаттап қана қоя берген жиын емес, барлық қатысушылар мен қазылық жасағандардың ақыл-кеңес, тың идеясын ортаға салған алаңына айналды.
– Жазба айтыс жобасы келер жылы да жалғасын тауып, оған ішкі саясат басқармасы әлі де мұрындық болғанын қалаймыз. Бұл өткен ғасырда газетімізде болған үрдіс. Соны ХХІ ғасырда қайтадан қолға алып отырмыз. Сөз өнері ұлтымыз үшін өте қажет құндылық. Біз биыл ақындарымызға шығармашылық еркіндік бердік. Тақырыпты жырлағаннан бөлек, қоғамдағы қадау-қадау түйткілді қозғады. Небір теңеулер, сөз саптаулар бар. Ең бастысы, бұл айтыс баба өнерімыздің мәдениеттілігін газет арқылы қалыптастыруға өз септігін тигізіп жатыр. Біздің басылымымыздың тағы бір төл жобасы бар – «Домбыра-думан». 2014 жылы Қостанайдағы «MART» сауда орталығында бастап едік. Бұған жастарымыздың ұлттық мұрамызға деген ынтасы, құрметі қандай! Кейін бұл бастаманы ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы жандандырып әкетті. Келешекте құрылтайшылар осы «Домбыра-думан» шарасын ұйымдастыруға мұрындық болса деген тілегіміз бар, – деді газетіміздің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков.
Халық ақыны Әсия Беркенова Наурыз мейрамына қатысты «Наурыздың жеті қадамы» ұсынысын білдірді. Жылдың басын 21-22 наурыздан бастап, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне дейін жеті ірі шарамен жалғастырсақ дейді. ҚР Жазушылар Одағы облыстық филиал төрағасы, сатирик Ғұмар Ахметчин аймағымыздан шыққан тұлғаларымыздың шығармашылығын жинақтап кітаптар сериясын шығарсақ деген ойын айтты. Ал профессор, ұлт жанашыры Қалқаман Жақып бұған дейін көтерген Қостанайдағы «Алаш алаңын» салу ойын айта беретінін жеткізді:
– Біздің Қостанай қаласы десе, сағатты мұнарадан басқа ғимарат жоқтай, соны көрсете береді. Қобыланды, Шақшақ Жәнібек, Ахаң ескерткіштері бар емес пе. Тіпті, бұрынғы филармонияның күмбезді ғимаратын неге көрсетпеске? Анау қала сыртында қалған Қос Тана ескерткіші – біздің облысымыздың атауының символы, ол мүсін орталықта тұруы керек, – деді Қалқаман Хасенұлы.
IMG_5203
Айтпақшы, Зәуре Бәйменова алдағы уақытта аймағымыздың журналистерінің басын қосып, Түркістан облысына сапар жасап қайту жоспарында барын жеткізді. Мақсат – еліміздің облыстарының арасында мәдени-рухани байланыс орнату. Күні кеше ғана күнгей облыстың делегаттары солтүстік өңірлерге келіп, ол жақтан біздің аймақтарға қоныстанған жерлестерінің жай-күйімен, тұрмысымен танысып кетті. Ал оңтүстік өңірдің көрікті жерлерін көріп, қасиетті орындарын аралаған қостанайлық БАҚ өкілдері екі аймақ арасында мәдени-рухани жағынан дәнекер болатыны анық деді басқарма басшысы.        
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓