Қойылым нені аңғартты? 

Сонымен,  жаңа  «Таған» театры Қостанайда тұсаукесер қойылымын көрсетті.  Қалай әсер етті? Қандай жаңалық көрдік? Бәлкім, бұдан бұрын жұртшылыққа хабардар болғандай, бір жағынан  алаш тақырыбына, Ахметтей  ел ардақтысының мерейтойына тарту жасауды мақсат тұтқан таңдауына қарап,  дәстүрлі қойылымнан тың дүниелерді күтуіміз  жөнсіз болар. Бірақ, екінші жағынан, өнердің аты – өнер, театр ашып, ондағы ойнаған актерлер шетінен – кәсіпқойлар,  оның үстіне театр үйі де, ел де, жұрт та өздерінікі. Ендеше қысылатын да, қымтырылатын да не бар? Емін-еркін ізденіп, көрерменнің көкейіндегіні дөп басуға ұмтылуы керек-ақ. Солай болды ма? Жауап іздеп көрейікші.
Сахна шымылдығы ашылысымен  алдымыздан түрме іші, қамаудағы Ахмет көрінді. Ахаңды тергеуге алған комиссар (Қ.Маратұлы) Ахаңның шыққан тегін термелей жөнеледі. Осы жерде, айта кетейік,  Ахметтің  арғыннан шыққан, үмбетей руынан деп шегелей түсетіні басы артық штрих болды. Тіпті өмірде солай дегеннің өзінде де, бұл жерде руды кірістірудің оқиғаға тікелей беретін реңкі, тұшымы жоқ еді.  Сондай-ақ комиссардың да, итаршы Түсіктің (Н.Байшин) де орысша араластырып сөйлеуі – тіл шұбарлау; қанша жерден реализм керек десеңіз де, әдеби тіл нормасына сай сөйлегенде ұтылмайтын еді. Ал шұбар тіл көрерменге жақты дей алмас едік. Бұл бар болғаны  Ахаң туралы түрлі қойылымдарда қайталана беретін диалогтарды еске түсіреді. Ал, Түсік болса күткендей түрмеге түскендердің санасына  ши жүгіртіп, сырын білмек болатын жансыз әзәзіл һәм азғын-азғырушының бірі. Образға кіру актер Нұрланға қиынға түспеген.
Ал, енді басты кейіпкерлеріміз – Ахмет Байтұрсынұлы (А.Кенжетай)  пен  Әлихан Бөкейханов (Н.Кенжахметов) қалай боп шықты? Айтайық: олардың сахнадағы  түр-тұлғасы,  киім киісі, қимыл-қозғалысы жағынан біз күткендей, көңіл түкпіріндегі тарихи фотобейнелердің елесін еске түсіре білді. Әсіресе, бізге қымбат қос бейненің ел мен жердің  тағдыр-талайы туралы диалогтары олардың күрескерлік-қайраткерлігінен леп берді. Кеңес өкіметінің аярлығы, Сталиннің зұлымдығы хақында өткір ойлар ақтарылды. Әлихан ендігі төр төренікі емес, елдікі. Сан ғасыр билік құрған төрелердің қарызы қазақтың алдында өтеусіз екенін аңғартады. Қойылымдағы Әлихан бейнесін сомдаған Нұрлыбек   шапшаң да, ширақ қимылдады. (Алаш көсемі  ретінде  байсалды  һәм  аса сабырлы ету керек пе еді?) Бірақ,  жалындаған жігерлі осы бейнесі де  тартымды көрінді.
Аға ұрпақтың көңілінде жатталып қалған күн көсем Ленинді (Ж.Ахметхан) сахнаға алып шығу – ұлт театрларында сирек кездесетін. Бұл – жас театрдың жаңалығы. Мұнда Ленин коммунистер көсемінен гөрі кәдімгі ет пен сүйектен жаралған айлалы басшы, әккілігі аян, әйтсе де біршама жағымды сипаттағы тұлға ретінде көрінеді. Қазақ халқының тағдыры қыл үстінде. Ахмет пен Әлихан арқалаған жүк тым ауыр. Ахмет төңкеріс тарланынан қаймықпай өзін тең ұстайды.  Ахаң Ленинге қазақ жері мен елі туралы картаға  дерек-дәйектерді көлденең тартып, қаулыға  қол қойғызып,  мойындатқызады. Осы бір фактінің тарихи мәні болғанымен, көркем қойылымдағы әсері көрерменді  селт еткізбеген сыңайлы. Өйткені, қазіргі   қазақ қоғамы  Ленин тұлғасына селқос. Тіпті кейінгі ұрпаққа оның бар-жоғы  бәрібір. Көрермен ықыласы осыны аңғартты..
Сол сияқты қойылымда  қазақ жұртының идеясы мен идеологиясында Абайға жүгінуі Ерсайын Төлеубайдың көптеген туындыларында айтып жүрген төл ұстанымы. Меніңше, алаш жұрты мен арыстарының күрескерлік пен қайраткерлік жолында  абыз Абай  үйлесім таппағандай әсер қалдырады. Жалпы драматургтың шығармаларында  халықтың бақ-талайы, бақытты тағдырын көркем өнерден іздеу идеясы жиі кездеседі.
Сахнада  Ахаңның ауылдасы  Қаракөзбен (Қ.Әуезханова) екеуара іңкәрлік сезімдері біршама тартымды шыққан. Туған жері Торғайды тілге тиек ете отырып, тағдыры тәлкекке түскен ел-жұрттың қайғы-мұңынан хабардар етеді. Әйтсе де «Торғай, Торғай» деп бастырмалата беруі  әсерді әлсіретпесе, күшейткен жоқ. Сол сияқты  Александра  образы да Қаракөзге  бәсекелес, өзара әлжуаз интрига ұшқынындай ғана  өрбіп, ширыға алмады.  Жалпы қос бейне  – Ахаңның адами әлемінің бай, парасатты екендігін дәлелдейтін тарихи дерек, фоннан ары аспады.
Эпизоттық образ – Бәден (Т.Әлқожа, Ғ.Қызыров). Алайда осы Бәдендер қоғамда билік пен өнерде өз дегенін  істеп, қара басының қамы үшін азғындық пен итаршылық қарекетімен небір арыстарды, елді де тағдыр тәлкегіне ұшыратты. Мұндайлар бүгінгі заманда да елдің келешегіне кесірін тигізіп келеді.  Бәден  кесапат пен қиянаттың қайдан туатынын аңғартатын кейіпкер ретінде керектігін түсіндік.
Ерсайын Төлеубай – тарлан драматург. Өз ісіне адал, ізденімпаз, контенті бай. Сондай-ақ, Ерекең – кәсіпқой режиссер. Оған тән  – сентенциялық диалогтар мен натуралистік шешімдер. Ол сахна тілін, актердің сөйлеу техникасын жетілдіріп, дамытып отыратын шебер. Бұл режиссердің қолына түскен актерлер  түлеп, жұмырланып,  шыңдалып шығады. Сондықтан да  шәкірттері оған үйір. «Тағандықтардың» жөпелдемеде Е.Төлеубайға жүгінгендіктерінің бір себебі осында болса керек. Драманың  мақсаты да  белгілі  – ұлттық жадты жаңғырту. Қойылымдағы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген әйгілі  ұлағатты  сөзінің салмақ сала айтылуы да тегін емес.  Өздеріне шақтап жазылды дегенмен де  сегіз актермен-ақ  тарихи драманың ауыр жүгін көтеріп шықты.  Сол үшін де  шағын ұжымға қол соқтық.
Дегенмен де… Ашығына келгенде, кәсіпқой шаңырақтан түлеп, шыңдалған  актерлерден күткеніміз (тіпті дәстүрлі драма болса да), жалт еткен, жарқ еткен жан қозғап, жүрек толқытар сахна сәттері болатын… Ол болмады.
Мынаны ескеру керек еді. Биыл Ахаңның мерейтой жылында елімізде, оның ішінде біздің облысымызда да ұлт ұстазының өмірі мен қызметін арқау еткен бірнеше қойылымдар болды. Көрермендер оған қанық. Ендеше бұл қойылым да сол сарындас болатындығын біле тұра, саясаттың, науқангершіліктің ыңғайына жығылмай, жалтақтамай-ақ, басқа тақырып таңдағанда ұтымды болар еді!  Бұл тұрғыда өнерді шынайы түсініп, бағалай білетін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Болатұлымен де пікіріміз үйлесіп жатты.
Әйтсе де бұл үлкен шаруаның басы ғана. Қайталап айтайық, тізгін ұстаған, іргетасын қалаушы төрт таған – нағыз кәсіпқойлар. Бұларға қойылар талап та, талғам да жоғары. Көрермен ретінде  айтарымыз, болашақта көптеген жаңа құрылған шағын театрларға тән үрдіс – әлеуметтік әсері шамалы, ұсақ-түйек, таптаурын идеялар мен таяз тақырыптарға ұрынып, арзан күлкінің күлшесіне қызықпаса. «Тағандықтардан» шынайы, көркем, талантты дүниелер күтеміз. Себебі,   әлеуеті , кәсіптік шеберлігі жететініне сенгендіктен үміт артамыз.
 
Жанұзақ Аязбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓