Жұлдыз жарықшағы
немесе метеорит құлаған жер жайында не білеміз?
Қамысты ауданының Талдыкөл ауылы облыс орталығынан үш жүз шақырым қашықтықта. Талдыкөл, Қулыкөл көлдер тізбегі малға ғана емес, жабайы аң-құстың мекеніне айналды. Ал осы Талдыкөл ауылынан 24 шақырым жердегі Шеңберкөлдің (Круглое) «Қоңыртау астроблемасы» аталатын метеорит сынығы құлаған орын екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Осы әңгіме қаншалықты рас, оған қандай дәлел бар, жұлдыз жарықшағы түскен жер ғалымдар мен туристерді қаншалықты қызықтырып отыр? Осы сауалдармен шалғайдағы ауданның шалғай ауылына барып, Шеңберкөл орнын көріп қайтқан едік.
Жер ғаламшарында табиғат құбылыстары салдарынан аспан денелері құлаған жүзден астам орын анықталған. Ғылымда мұны астроблема (астро – жұлдыз, гректің blema — жара, яғни, «жұлдызды жара») деп атайды. Ежелгі метеорит сынығы есептелетін осы терминді алғаш ғылыми айналымға америкалық геолог Р.Диц 1960 жылы енгізді.
Ал Қазақстан аумағында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Жаманшың және Қарағанды облысындағы Шолақ астроблемалары аздап зерттелгенмен, Қоңыртау астроблемасы аса назарға алына қоймаған орын. Шындығына келгенде, Қоңыртау астроблемасы қазыналы өлкеміздің киелі орны ғана емес, әлемдік табиғи экожүйенің көш басында тұрған құндылық. Ендеше өзімізде бар ғажаптарымызбен неге мақтанбасқа!
Ғажайып орын Торғай қолатының батыс бөлігінде жатыр. Негізінен бұл жер көрші Жайылма ауылына қарайды. Жанында тың игеру дәуірінде адам қолымен жарылып қазылған шағын көлшік бар. Дәл соның етегінде шеңбер болып үлкен жазық жатыр. Бір қараған адамға еңіс жазықтардан еш айырмашылығы жоқ, тартылып, орнын өсімдік басып кеткен судың табанына ұқсайды.
Қоңыртаудағы жұлдыз жарықшағы түскен орын – жер бетінде табылған ең соңғы астроблема қатарында. Ол қазір Қамысты ауданының сакралды орындарының тізіміне енгізілген. Негізі мұндай сирек құбылыс бер жағы республикалық, одан асса жаһандық ғылыми мұра ретінде қаралу керек. Егер Қоңыртау тасы жөнінде терең зерттелетін болса, отандық геология, палеонтология, палеоботаника, палеофаунистика, климатология, радиология, зоология, экологияның жаһандық мәселелері бойынша біраз мағлұматтар алынар еді.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің алдағы аптадағы сандарынан оқи аласыздар.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Қамысты ауданы.