Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын!
Айт – мұсылмандар үшін Жаратушымыздың разылығына жету мақсатында құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырластық сезімдерін күшейтетін маңызды мереке. Сан ғасырлар бойы үздіксіз тойланып келе жатқан бұл қастерлі мереке адамзатты ізгілікке, татулыққа, мейірбандылыққа, имандылыққа шақырып, бірлік-берекеге бастаған мейрам.
IMG_0090-1Біздің ата-бабаларымыз да қазақ жеріне Ислам діні тарағалы бері бар сенімімен ұстанып қана қоймай, оның шарттары арқылы билік жүргізу, мемлекет басқару тетіктерін енгізді. Дініміздегі қасиетті мерекелер, соның ішінде Құрбан айт мейрамын тұтас ел болып тойлады. Қаншама аталарымыз қажылық ақ сапарға аттанып, имандылығымыздың одан әрі гүлденуіне үлес қосты.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін баба дінімізбен қайта қауышып, жаңа мешіттер бой көтеруде. Мемлекет тарапынан асыл дінімізге деген құрметтің бір көрінісі – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні демалыс күні болып жарияланды.
Қазіргі таңда осы ұлық мерекеміз мұсылман жамағатының ғана емес, жалпыхалықтық мейрамға айналып отыр. Осы бір асыға күткен күнімізде жер-жерде құрбан малы шалынып, жұртшылық бірін-бірі құттықтап, қонаққа барысып, жетім-жесірге, кембағал жандарға қайырымдылық көрсетуі – еліміздің тұрақтылығын, халқымыздың бірлігін нығайтуға зор септігін тигізуде.
Қымбатты жерлестер! Қасиетті Құрбан айт баршамызға құтты болып, тілеген тілектеріңіз, жасаған амалдарыңыз бен игі істеріңіз берекеге ұлассын!
Кенжебек Укин,
Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓