Бірақ оның үкімі ойландырады
Сот үкім шығарды. Сол үкім бойынша Астанада тұратын, бірақ Қостанайға келіп жұмыс істеп жүрген 62 жастағы Мейрам Сқақов бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Не үшін, қандай жазығы үшін?
Енді, осы мәселенің мән-жайын ашып көрейік.
Судья өз үкімінде былай дейді: 2013 жылдың 10 желтоқсанында М.Сқақов мас күйінде қоғамдық орында Қостанай қаласының Досжанов көшесі № 137 үйдің 8-ші және 9-шы подъездері аралығында қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, бөгде адамдардың көзінше айналасын-дағыларды мансұқ етіп, түкке тұрмайтын сылтауды пайдаланып, құқық бұзушылық әрекеттер жасады. Ол А.Шуренов жүргізіп келген такси автомашинасынан шығып, кезекшілік аусымынан шығып келген фор-малық киіміндегі полиция қызметкері А.Поповтың ар-ожданын қорлап, намы-сына тиіп, боқауыз сөздер айтып, бала-ғаттады. Және оның денсаулығына қауіп төндірмейтіндей күш көрсетіп, еш себепсіз оның бетіне екі рет жұдырық жұмсады. Сөйтіп, оның денесіне жарақат салды.
М. Сқақов бұдан әрі өзінің бұзақылық әрекетін жалғастыра отырып, А.Поповтың формалық кеудешесіне жармасып, бар күшімен оны сілкілей бастады. Осылай оның киімінің лямкасын (иықбауын) жыртты. Бұл жерде ол күш қолдана отырып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, бұзақылық жасады.
Бұдан кейін судья М.Сқақовтың жауа-бын келтіреді. Сқақов жағдайды былай түсіндірген: 2013 жылдың 10 желтоқсан күні кешкі сағат 9 кезінде ол Қостанай қаласындағы Досжанов көшесі 137 үйден асығыс шаруасы болып, такси шақырады. Аула ішіндегі жол үстінде бұларға қарама-қарсы оталған машина тұрады. Такси шопыры қарсы тұрған машинадан жол беруін сұрап, оған шамын жыпылық-татады. Бірақ оған ол машинаның жүргізушісі Попов мән бермейді: Осы кезде Сқақов машинадан шығып, Поповқа келіп, асығып тұрғанын айтып, жолды босатуын сұрайды. Алайда ол ешқандай міз бақпайды. Кабинасындағы әйелмен әңгімелесіп отыра береді. Сосын қайтып келіп таксиге отырғалы жатқанда Попов келіп оған "алқашсың" деп, басымен басын соғады. Бұл не істеп жатсың деп сұраған кезде ол өз машинасына барып отырып, алға 20 метрдей жүреді. Осы кезде таксист кетіп қалады. Бұдан кейін Попов машинасынан шығып, мұны қайтадан ұра бастайды, ол құлаған кезде үстіне мініп, жұдырығымен төмпештей бастайды. Мұның бәрін 4-ші қабаттағы бір әйел көріп тұрады.
Бұдан кейін Попов түрегеледі, Сқақов та тұрып бажасы М.Сибанбаевқа телефон соғады. Бірақ Попов оның әңгімесін аяқ-татпай, тепкен кезде қолындағы телефоны ұшып түседі. Сибанбаев келген соң Поповпен сөйлеседі. Бірақ Попов оны ішкі істер департаментінде істейтін полковник туысын айтып қорқытады. Бұдан кейін жедел жәрдем және полиция қызметкер-лері келеді. Жедел жәрдем Сқақовты қалалық ауруханаға жеткізеді. Келесі күні таңертеңгі сағат 9 кезінде Попов өзінің машинасында отырған әйелмен ауруха-наға келіп, кешірім сұрайды. Алайда Сқақов ауыр халде болғандықтан медбике оларды палатадан шығарып жібереді. Сқақов ауруханада 15 күн жатады. Сосын Павлодар облысындағы Май ауданына барады. Онда басы ауыра бастаған соң ауруханаға түсіп, 10 күн жатып шығады. Поповтың жағасына жармаспаған, оған дене жарақатын салмаған, мас емес, сау болған. Спирттік ішімдіктерді ішпейді. Өзінің адвокаттары шақырған куәларды танымайды, оларды бұрын көрмеген, куәлардың бар екендігін сот процесі басталар алдында ғана адвокатынан білген, бұған дейін білмеген. Өзін кінәлімін деп санамайды. Сқақов өз жауабында осылай дейді. Ал, енді, өзін зардап шектім деп оны сотқа берген Попов не дейді? Попов облыстық ішкі істер департаменті СОБР (жедел әрекет жасайтын арнаулы отряд) инспекторы. Оның айтуынша такси-ге жол бермек болып артқа шегінгенінде машина тіркемесі қоршауға соғылып, шегіне алмаған. Сосын таксиге жолаушы отырған жағынан келген. Сқақов мұны көріп: "Сен мусорсың, жүргізу білмейсің, правоны сатып алғансың" деген. Оның аузынан арақ иісі шығып тұрғанын сезіп, таксистке келіп, өзін таныстырып, өзінің шегіне алмайтындығын, сондықтан так-систің өзінің шегінуін сұрайды. Осы кезде Сқақов таксистке шегінбе дейді. Попов өз машинасына келіп, тағы да шегініп көрмек болғанында тіркемесі тағы да қоршауға соғылады. Осы кезде машинада отырған Сқақов оған келіп, ашық тұрған терезе арқылы бетіне жұдырығымен екі рет со-ғады. Ол машинадан шыққан кезінде Сқақов оған тағы да дене жарақатын сал-мақ болып, "СОБР" деп жазылған кеу-дешесіне жармасып, тартқылай бастайды. Сқақовтың сабырға түспегендігін және өзіне дене жарақатын салмақ болғанын сезіп, бұл оны аяқтан шалып қалған кезінде ол мас болғандықтан тайғанап құлап, тіркемеге соғылып, дене жарақатын алады. Бұдан кейін Сқақов тіркемедегі күректі алып, бұған қарай жүгіреді. Бұл күректі жұлып алып, лақтырып жібереді. Сқақов болса бұған көп лас сөздер айтады. Осы кезде МАИ машинасымен жол полициясының қызметкері, Сқақов-тың күткен бажасы Сибанбаев келеді. Сқақов оған өзін Поповтың ұрғандығын айтады. Бұл жағдайды түсіндірмек болғанда Сибанбаев мұны тыңдамайды. Бұдан кейін Попов өзіне бұрын бастық болған Қостанай облысы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары А.И.Тарасенкоға телефон соғып, жағ-дайды айтып, не істеу қажеттігін сұрайды. Келесі күні сот-медицина сараптамасы өткізіліп, бұған жасалған дене жарақат-тарын анықтайды.
Мінеки, болған жағдайды осылай екеуі екі түрлі баяндайды. Әрине, әркім өзін ақтау үшін болған жағдайды бұрмалап, өтірік айтуы да әбден мүмкін. Енді сот үкімі мен тергеу материалдарын ақылға салып, таразылап көрейік. Ең алдымен А.Попов-ты жақтап куә болған А.Г.Поповтың (әкесі), Н.И.Циоханың (анасы), И.А.Лукьянованың (машинада бірге отырған әйел), Н.И.При-туланың, С.М.Кордяктың, В.С.Судниктің (көршілері) айтулары бойынша Сқақов қатты мас болған. Ал таксист А.Шуре-новтың айтуынша, ішкен сияқты көрінген. Бесінші қабаттағы балконнан қараған Притула мен Кордяк қараңғыда Сқа-қовтың мас екендігін қалай білген? Бұл екеуі де (ерлі-зайыпты) А.Г.Попов та, Н.И.Циоха да тергеушіге берген жауап-тарында Сқақовты мас болғанда аяғынан әзер тұрған деп көрсетеді. Яғни, бұл мас болудың жоғарғы "сатысы", егер шын мәнінде осылай болса, Сқақов ауруханаға емес, айықтырғышқа жіберілуі керек еді ғой. Есінен тана мас болған адамды аурухана неліктен қабылдайды? Ал қабылдаған жағдайда Сқақовтың меди-циналық құжатында оны ауруханаға қатты мас күйінде түсті деп жазылуы керек емес пе? Алайда оны ауруханаға қабылдаған дәрігер тергеушіге берген жауабында Сқақовтың мастық белгілері болған жоқ деп көрсеткен. Бұл – бір. Екіншіден, Сқақов ауруханаға түскен түні тергеуші барып одан жауап алған. Егер Сқақов ес-түссіз мас болған болса, тергеуші одан қалай жауап алған? Үшіншіден, аяғынан әзер тұрған қарт адам бойы екі метрге жуық алып денелі 26 жастағы сап-сау арнаулы бөлімше қызметкерін қалай ұрып, денесіне зақым келтіреді? Төртіншіден, Сқақовтың мас болғандығы туралы ешқандай медициналық құжат жоқ. Оның үстіне куә М.Сибанбаев, сотталушы Сқақов өзінің мас болмағандығын айтып көрсеткен. Және ең бастысы – екі жаққа да мүдделі емес қалалық аурухананың дәрігері тергеушіге берген жауабында оның аурухана бөлімшесіне Сқақовты мастық белгілері жоқ күйде түсті деген?
Алайда дәлелдерді заңдылық тұрғыдан таразылаған судья Л.Ж.Мұхамеджанова екі жаққа да мүдделі емес дәрігер жауабы туралы ештеңе айтпаған.
Жалпы, Поповтың куәлары берген жауаптарында күмәнді жайлар көп. Олардың айтуынша болған жағдайдың бәріне Сқақов кінәлі. Шатақ содан шыққан. Сқақов машинаның әйнегі ашық тұрған терезесінен Поповты жұдыры-ғымен бетіне екі рет ұрған.
Алайда сот процесі барысында куәгер Притула Сқақовтың қолын сілтегендігін, бірақ оның нені ұрғандығын көрмегендігін айтады. Куәгер Кордяк болса, Сқақовтың автомашина салонына қолын сұққанды-ғын, бірақ ұрғанын көрмедім деп түсінді-реді. Куәгер Шуренов болса, Сқақовтың Поповты ұрғанын көрген жоқпын дейді. Тек А.Г.Попов, Циоха және Лукьянова Сқақов Поповты ұрды деп көрсетеді. Сонда судья осы кейінгілердің айтқан сөздеріне сенгені ме? Бұлардың бірі Поповтың әкесі, бірі шешесі, бірі маши-нада бірге отырған таныс әйелі емес пе? Ендеше олардың айтқандарына судья сын көзбен қарауы керек емес пе? Кім өз баласын қылмыскер қылып көрсеткісі келеді. Егер Попов Сқақовты ұрмаған болса, Сқақов ауруханаға түскен түннің ертеңіне одан кешірім сұрамақ болып неге барады?
Поповтың куәлары алдын-ала тергеу кезінде Сқақов Поповтың алдында күрегін әрі-бері сермеп, оған айқайлап тіл тигізді дейді. Бірақ сот процесі кезінде қойылған сұраққа Кордяк күректің басы істік болған десе, Циоха басы жалпақ болған дейді. Ал Притула болса, күректің өзін көрмеген, оның ағаш сабын ғана көрген. Көрдіңіз бе, үшеуі үш түрлі айтып шатасып тұр. Осыдан-ақ олардың өтірік айтып тұрған-дығын аңғаруға болмай ма?
Алдын-ала тергеу барысында Попов-тың куәлары "жағасына жармасып тұрған Сқақовты Попов аяқтан шалып итеріп қалған кезде ол тіркемеге соғылып құлады, дейді. Мұндай жауап не үшін қажет болды? Яғни, Сқақовты Попов ұрған жоқ, басындағы жарақатты ол тіркемеге құлап алды деп дәлелдеу үшін қажет болған. Ал сот процесі барысында Притула "Сқақов тіркеме жағына құлады, бірақ тіркемеге соғылғанын көрген жоқпын", дейді. Тірке-менің түсінің қандай болғандығына жауап бере алмайды. Қараңғы болғандықтан көре алмаған. Яғни, ол тіркемені көре алмаса, оның қасында болған оқиғаны қалай көрген? Кордяк та Сқақовтың қалай және қайтіп құлағанын көрмеген.
Тергеушіге Притула: "келген МАИ автомашинасынан майор шеніндегі формалы полиция қызметкері шығып, А.Поповқа келіп, туысқанын ұрғаны үшін оны жұмыстан шығарам деп айқайлап қорқытты" дейді. Сонда қараңғыда тіркеменің түсінің қандай болғандығын ажырата алмаған ол келген қызметкердің шенінің майор екендігін қалай ажырат-қан? Бірақ сотта ол басқаша жауап береді.
Судьяның майор Поповтың жанына келді ме, онымен ұрысты ма деген сауалына Притула "оны көрген жоқпын, білмеймін", деп жауап береді. Ол майор деген сөзді де айтпаған. Басқа да көптеген сұрақтарға ол жауап бере алмайды. МАИ автомашинасының түсін де, маркасын да айта алмайды. Оның күйеуі Кордяктың да тергеушіге берген жауабы мен сотқа берген жауабы үйлеспей жатады. Мұндай үйлеспеушіліктер көп.
Судья Л.Ж.Мұхамеджанова Сқақовтың куәларының айтқандарын негізге алмай, өтіріктері шығып жатса да, Поповтың куәларының айтқандары негізінде үкім шығарған. Бұған енді не дейсіз?
Бұдан бірер жыл бұрын Науырзым ауданындағы бір судьяның ұрыны ақтап, оның үстінен арызданған адамды қаралап шыққаны туралы көлемді сын мақала жазған едім. Онда да судья ұрының әйелін, баласын, құдаларын куәға тартып, солардың айтқандары негізінде шешім шығарған еді. Сонда "осындай да судья бола ма?" деп таңқалған едім.
Енді, міне, тағы таңқалып отырмын. Судья Поповтың әкесінің, шешесінің, жанында отырған әйелдің айтқандары негізінде шешім шығарған. Олардың айтқандарына сын көзбен қараудың орнына еш күмән келтірмеген.
Заң "құлағын" ұстап отырған жекелеген шенеуніктердің осындай істеріне қайран қаласың. Судья қылмысты тексермейді. Ол куәлардың тергеушіге және сотта берген жауаптарының қаншалықты үйле-сімділігін, шындыққа сай не сай емес екендігін, айыптаушы мен адвокаттың дәлелдерін салмақтап, зерделеп, ақыл-мен таразылап барып үкім не шешім шығаруы керек қой. Өйткені, ол адам тағдырын шешетін "тақта" отырған жоқ па? Сеннен әділдік күткен адамға өзің қиянат жасасаң не болғаны. Әділетсіз сотталған адамның обалы кімге болады? Обал дейміз-ау, осы сөздің мағынасын біздің кей судьялар түсіне ме екен?
Бұл іс алдағы уақытта облыстық сотта қаралады.
Дамир
ӘБІШ