Қарттарға қамқорлық – қасиетті БОРЫШЫМЫЗ
1990 жылдың 14 желтоқсанында БҰҰ Бас ассамблеясы 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп белгіледі. Содан бері бұл күнді жыл сайын мерекелеу игі дәстүрге айналып келеді.
Атаулы күні облыстық ардагерлер кеңесі өңірдің барлық мекеме, аудан, қала әкімдігі басшыларын, "Нұр Отан" партиясы өкілдерін, бизнес-құрылымдар, ЖОО-лар, колледждер, жалпы білім беретін мектептер, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерін үлкен буынның жағдайын көріп, басындағы түйткілдеріне құлақ салып, ортайған көңілін бір толтырып қайтуға шақырады.
Кәрілік дегеннің адам баласының барлығының басына келетін мезгіл екенін, әрбір пенденің қарт-тық шақты айналып өтпейтінін кейінгі жастар сезі-нуі керек. Әрине, қамкөңіл қарт жандарға барып берген сәлемнің мың күнгі емге татитыны бар. Сол себепті өңіріміздің жастары алдыңғы толқын соғыс және еңбек ардагерлерімен, тың игерушілермен, еңбек ұжымдары және оқу орындарының зейнеткерлерімен тағылымға толы кездесулер ұйымдастыратынына кәміл сенеміз.
Алдағы күні аға буынмен кездесулер өткізілетін болса, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің әжептәуір жасқа келіп қалғанын ескергендеріңіз жөн. Сол себепті, қала және аудандық ардагерлер кеңесі әкімдік басшыларымен, партия жетекшілерімен және қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесіп, моральдық және материалдық көмектерге зәру қарт майдангерлер мен жұбайларының үйлеріне барып, бір ауыз жылы сөзбен құттықтап, ақ батасын алып кеткендері абзал болар.
Майдангер қариялар қашанда кейінгі буынмен кездесіп, олармен ашық-жарқын әңгімелескенді қалап отырады. Алайда олардың жастармен үнемі жүздесуге мүмкіндігі бола бермейді. Әсіресе, ардагерлер кезінде өздері қызмет еткен ұжым өкілдерінің келгенін көп күтеді. Бір сәт дастарқан басында өткен-кеткенді әңгімелеп отыру да қарт адамды бір жасартып тастайды.
Биылғы жылы Қарттар күніндегі өткізілетін естен кетпес шаралардың ұйымдастырылуы қарияларымыз үшін алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындығына үлкен күш-серпін береді деген үміттеміз.
Облыстық ардагерлер кеңесі.