“Медеу” төрт жұлдыз тағынды
Бүгін облыс орталығында "Медеу" қонақ үй кешені күрделі жөндеуден соң салтанатты түрде қайта ашылды. Рәсімге облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы қатысты.
Облыс көлемінде барлығы 88 қонақ үй бар. Олардың тек екеуі ғана – Рудный қаласындағы "Горняк" және Қостанайдағы "Тобыл" қонақ үйлері төрт жұлдызды еді. Енді "Медеу" солардың қатарына қосылды. Бұл кешенді қайта жаңғыртудан өткізу "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында мүмкін болды. Сондай-ақ, "Даму" қорының атсалысуымен, "Халық банкінің" арзандатылған несиесі демеуімен сәні кірді. Сәулеттендіруге бас-аяғы 6 млн. теңге жұмсалған.
-Қайта жаңғырудан өтіп, ажары кірген бұл қонақ үй кешенін халық игілігіне ұсынып отырған кәсіпкерлерге алғыс білдіргім келеді. Баршамызға белгілідей, экономикалық әлеуетті арттыру үшін туризм саласын дамыту оң жолға қойылып отыр. Оның үстіне, ЭКСПО-2017 көрмесіне келетін меймандарды да күтеміз. Екі ай ішінде жүзге жуық елден 5 млн. адам келеді. Жақында қол қойылған меморандум бойынша, облысымыздағы Науырзым қорығына, "Сосновый бор" шипажайына қонақтар төрлететін болады. Сол кездері халықаралық стандартқа сәйкестендірілген осы қонақ үй кешені сапалы қызмет ұсынады деп сенемін. Бұған қоса, экономикалық қиыншылық кезінде 60 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Қостанайдың сәулетін асыра түскені өз алдына бір төбе, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Мұнан соң облыс әкімі мен "Медеу" қонақ үй кешенінің акционері Иманәлі Ахметов кермежібін қиды. Барлық шараға қатысушылармен бірге ғимараттың ішіне еніп, жаңғыртылған мейрамхана, бөлмелерді аралады.
Ж.Балғынбекұлы