Оқу ақысы, абаттандыру және автобус

Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы С.Ещанов “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.

Қоғамдық қабылдауға келген азаматтар мәслихат хатшысына өздерін толғандырған көкейтесті мәселелерін айтты.

Ең алдымен хатшыға А.Байтұрсынов атындағы  Қостанай мемлекеттік университетінің 1 курс студенті З.Жансүгірова келді. Ол тұл жетім. Бұдан екі жыл бұрын әке-шешесінен айырылған. ҚМУ-дың “мал дәрігерлік медицина” мамандығы бойыншы ақылы бөлімінде оқиды. Қазіргі кезде оқу ақысын төлеуге мүм-кіндігі болмай тұр. Сол себепті де мүмкіндік болса ақысыз білім алуына қол ұшын беруін сұрайды. Бұл мәселеге орай осы жоғары оқу орнының проректоры Д.Сейітқазинов З.Жансүгіроваға жетім ретінде оқу ақысына елу пайыздық жеңілдік беріліп отырғандығын айтты. Жатақханада тұруы мен тамағы тегін.  Алайда, үлгірімі “4” пен “5”-ке бағаланған  З.Жансүгіроваға тегін оқудың, яғни, білім грантына ауыстырудың реті келмей тұр. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан бос гранттарды тағайындау байқауларын өткізуі мүмкін, бірақ байқау барысында Жансүгірова  білім грантына іліге ме әлде жоқ па, ол да  белгісіз. Өз сөзінде проректор З.Жансүгірованы таяу уақыттарда білім грантына ауыстыру  мәселесі қарастырылатынын жеткізді. Ал, облыстық мәслихаттың хатшысы С.Ещанов Замираның жылдық оқу ақысын өз қаражаты есебінен төлейтін болды. “Жетім көрсең, жебей жүр” деген осы да.

Содан кейін хатшының қабылдауына өзі тұрып жатқан ауылдың аманатын арқалап келген Берік Масақбаев деген азамат кірді.

– Біз қаладан 22 шақырым жердегі Абай селосында тұрамыз. Қалаға қатынайтын автобус жоқ. Күніне ауыл тұрғындары үшін пәленбай теңгеден  ақша шығарып, қалаға қатынау жеңіл емес.  Ауылымызға автобустың қатынауының оң шешімі табылады деп ойлаймын, – деді Б.Масақбаев. Бұл туындап отыр-ған мәселеге орай Қостанай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Сейдахметов жауап берді. Оның айтуынша, бұл туындап отырған мәселеге байланысты қала әкімінің атына  сауал жіберілді. Таяу арада  жауабы да келмек.

Сонымен бірге қалаға қатынап, жолаушылар тасымалдайтын әлеуетті тасымалдаушы да табылып, ауыл тұрғындары үшін  тиімді жол ақысымен сынақ ретінде маршрут ашылып,  автобус жүргізудің  реті келіпті.

Қабылдауға бірінші топтағы мүгедек кісі А.Карпенко келді. Ол  қаламыздың абаттандырылуына, тазалығына бей-жай қармайды екен. Карпенко Урожайная көшесіндегі  “Спутник” дүкенінің маңында тұрады. Ол өздеріне таяу “Қазпоштаның” №8 бөлімшесінің маңы күз-көктем айларында әсіресе, жаңбырдан соң, лайсаң, тұрғындардың жүруіне мүмкіндік жоқ екенін айтты. “Осы учаскені жөндеуге, топырақ, қиыршық тастар төсеп, ретке келтіруге болмай ма екен”, дейді ол кісі.  Осы мәселені тыңдап отырған  “Қазпоштаның” бастығы В.Константинов:”бұл учаскені білеміз,  кем дегенде бір-екі күннің ішінде  жөндейміз, ретке келтіреміз”, деп жауап қатты.

Расында, пошта бастығы бұл учаскені білетін болса, хатшының алдына мүгедек жанды келтіртпей-ақ, өтінішін айтқызбай-ақ, шаң-тозаңы шығып, жаңбырлы күні батпақ болатын учаскені жөндеуге, топырақ, қиыршық тас төсеуге болатын еді ғой деген ой қылаң береді. Бұл не, немқұрайлық па, әлде…

Үшінші топтағы мүгедек Ю.Милованов деген азамат болса   өзін жұмысқа орналастыруға көмек берсеңіздер деген өтінішін айтты. Ол бұрынырақ  депутатқа  денсаулығы үшін  өте қымбат дәрі алып беруге қол ұшын  беруді өтінген-ді. Ол өтініші де аяқасты болмапты. Миловановтың  бір аяғы жоқ. Сөйтсе де оның жұмыс істегісі келеді. Бұл мәселе бойынша қалалық жұмыспен қамту бөлімі өкілінің сөзі бойынша, Миловановқа қан құю орталығынан жұмыс орны табылған екен.  Милованов жұмыс берушімен жолығып, әңгімелесуден өтуі тиіс.

Содан кейін хатшының қабылдауына Геофизик пен Аманкелді поселкесінің тұрғындарының атынан бір топ елші келді деп те айтуға болады.  Солардың бірі, Н.Вакольчуктың айтуынша,  міне, 2012 жылдан бері тұрғын үйлердің кәріз жүйелері орталық кәріз құбырларына қосылмай келеді, кәрізден аққан қалдық су Тобыл өзеніне барып құяды да, сол маңға таяу “Дорожник” саяжай учаскелеріне  де қарай ағады. Сол жылдан бері  жарық та, Набережный көшесінде асфальт та жоқ, жолдың бәрі батпақ. Жол абаттандырылып,  қалпына келтірсе дейді. Тұрғындар осы мәселе қашан шешімін табады? деген сауал тастады. Ал, енді күрмеуі көп бұл мәселеге байланысты Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілі С. Лобанский  шақырылған-ды. Өкілдің айтуынша, кәріз “Қостанай-Судың” балансына беріліпті, жуықта бұл мәселе де шешімін тауып, тұрғын үй құбырлары орталық кәріз жүйесіне қосылады.

Гүлназым

    САҒИТОВА

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓