ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТАН АРЫЛЫП КЕЛЕМІЗ
Қазақ еліндегі кез-келген қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету – қазіргі күннің басты мәселесіне айналғаны анық. Осы бағытта қоғамның барлық бағыты цифрландырылып, қызмет көрсету – электронды форматқа көшіріле бастады. Заманауи технология денсаулық сақтау, білім, ауылшаруашылығы іспетті маңызды салалардың барлығын да қамтыған. Мемлекеттік қызмет көрсету де жаңа заманнан шет қалған жоқ. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс жайын білмекке "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" ҰАҚ Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Қанат Төлепұлын әңгімеге тартқан едік.
– Қанат Төлепұлы, цифрландыруға қатысты соңғы жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз.
– Қоғамда қызу талқыға түскен жаңалықтардың бірі – мекенжай анықтамасының айналымнан шығарылуы. Айтулы құжат 1 қарашадан бастап заңды күшін жойды. Бұдан былай аталған анықтама қағазын ешбір мекеме талап ете алмайды.
– Анықтама қағазы қызметке қабылдау, білім ошақтарына түсу және медициналық мекемеге тіркелу кезінде талап етілуші еді…
– Білім ошақтарынан бастап, денсаулық сақтау мекемелері, тіпті қаржы институттары да айтулы анықтамалық құжатты талап ете алмайды. Қажет болған жағдайда, Egov.kz порталындағы жеке кабинетінен қарауына болады. Ал анықтамалық құжат қажет етілетін мекемелер үшін, 1 қарашадан бастап, үшінші тараптың белгілі бір азаматқа қатысты ақпарат алуын қарастыратын арнайы бағдарлама іске қосылмақ. Оның өзінде, тұрғылықты мекен-жайын білу – азаматтың келісімімен ғана жүзеге асырылады.
– Мекемелердің белгілі бір тұлға туралы мәліметтерді өз еркінше ала беруі – азаматтардың жеке мәліметтерінің көпшілікке жария болып кетуіне себеп болуы мүмкін бе?
– Жоқ. Мекеме, кәсіпорындардың азаматтарға қатысты мәлімет жинақтауы үшін жасалған бағдарламада мұның барлығы да ескерілген. Кез-келген азамат жайында ақпарат жинауға мүдделі тұлға (жұмыс беруші, оқуға қабылдаушы немесе медициналық мекемеге тіркеуге қоюшы) электронды порталда тіркеуде болуы тиіс. "Үшінші тараптың азаматтарға қатысты анықтама құжатын алу сервисі" тетігіне азаматтың ЖСН енгізіледі. Сол мезетінде тексерілуге түскен тұлғаның үшінші тарапқа өзі жайында мәлімет жинауына рұқсат етуі үшін, ұялы байланыс құралына SMS хабарламасы келуі тиіс. SMS хабарламасындағы жасырын сан енгізілгеннен кейін, анықтама алушы 2 сағат көлемінде мәлімет жинай алады. Тағы бір айта кетерлігі, мұндай ақпараттарды электронды үкімет порталына тіркелген тұлғалар жайында ғана алуға болады. Сондықтан да, мемлекеттік қызметті алуға ынталы жандарға жақын маңдарындағы ХҚКО барып, мобильді электронды үкімет порталына тіркелуі қажет.
– Мекен-жай анықтамасының айналымнан шығарылғаны қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, мұндай қадам бізді қағазбастылықтан арылтып, азаматтардың ХҚКО-на босқа сабылуын тоқтатады. Ресми статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қазақстандықтарға жылына 30 миллионнан астам түрлі қызмет ұсынады екен. Оның жартысынан астамы жәй ғана анықтамалық қағаздар. Мекемеге жүгінгендердің әрбірі жылына 10 реттен мекен-жай анықтамалық қағазын алған. Айтулы құжатты айналымнан шығару арқылы біз, қызмет көрсету ауқымын 10 миллионға қысқартып отырмыз. Қажетсіз құжаттардан арылу ісі әлі де жалғасын таппақ. Жалпы, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы әлі де 28 қызметті қысқартуды ұсынып отыр. Мекен-жай анықтамалық құжатының соңынан жылжымайтын мүліктің бар, жоғын растайтын және жүйке, нарко, өкпе-құрт ауруларымен күрес диспансерлерінен сұратылатын, жұмыссыз есебінде тіркеуге алынғаны жайындағы іспетті бірқатар анықтамалық қағаздардың күші жойылуы ықтимал.
– Мемлекеттік қызметтердің дені электронды қызметке көшіріледі екен ғой?…
– Бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта республикалық реестрде 723 қызмет тіркелген. Оның 648-ін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы көрсетеді. Электронды цифрлық қолтаңбасы бар кез-келген тұлға осы қызметтердің 500-ден астамын өз бетінше, үйінен немесе кеңсесінде отырып-ақ ала алады. Ал 60-қа жуық қызметті бір реттік SMS хабарлама арқылы алуға болады.
– Мобильді қосымшада да осыншама мүмкіндік қарастырылған ба?
– Ия. Бір кездері ақпараттық қосымша есебінде ғана қабылданған мобильді қосымша қазіргі уақытта таптырмас көмекшіге айлалды. eGovmobile қосымшасының көмегімен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы ұсынып отырған қызметтің басым бөлігін алуға болады. Айтулы бағдарламаның жаңартылған нұсқасы Электронды цифрлық қолтаңбаны 4 реттік сан арқылы ұялы байланыс құралына бекітуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, телефон биометриясын (Face ID, Touch ID) барынша кәдеңізге жарата аласыз. Телефонның бір артықшылығы – ЭЦҚ бір-ақ рет енгізіледі. Кейіннен еш кедергісіз, телефоныңызды саусақ ізімен қалай ашып қолдансаңыз, дәл солай ашып, eGovmobile еркін қолдана бересіз. Бұған дейінгі мобильді бағдарламаны кәдеге жарату үшін ЭЦҚ-ны компьютер арқылы телефонға жүктейтін едік. Қазір электронды поштамен жүктеу мүмкіндігі пайда болды. Мобильді қосымшаның тағы бір жаңалығы кез-келген қызметті алу барысында сіз, оны қалай алу керектігін үйрететін ақпаратқа жүгіне аласыз.
Айтулы бағдарламаның көмегімен қазіргі уақытта негізгі зейнетақы төлемдері, бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін төленетін жәрдемақы, сотталғаныңызды растайтын немесе жоққа шығаратын анықтамалық қағаз, жылжымайтын мүліктің бары немесе жоғы жайындағы анықтамалық қағаз іспетті мемлекеттік қызметтің 28 түрі көрсетіледі. Айтулы бағдарламаны "AppStore" немесе "PlayMarket" қосымшаларынан тегін жүктеп алуға болады.
-Осыдан тура бір жыл бұрын мемлекеттік қызметті " Telegram" әлеуметтік желісі арқылы да алу мүмкіндігі пайда болған еді. Айтулы қызмет әлі де көрсетіліп жатыр ма?
– Аталған мессенджердің көмегімен бірқатар қызметті жылдам алуға болады. Egovkzbot 2.0 ботына қосылу арқылы зейнетақы есебі, сотталғанын растайтын немесе жоққа шығаратын анықтамалық құжат алу іспетті қызметтің 25 түрін алуға болады. Ол үшін Telegram әлеуметтік желісінің іздеу тетігіне Egovkzbot2.0 атауын тересіз. Осыдан кейін автоматты жүйеде көрсетілген қызметтердің арасынан өзіңізге қажетті қызметті таңдап аласыз. Бір реттік СМС хабарламасы арқылы қажетті қызметіңізді алу мүмкіндігі қарастырылған. 2019 жылдың мамыр айынан бері айтулы бағдарламаға 40,5 мың адам жүгініпті. Бұл жақсы көрсеткіш.
-Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қызмет аясын кеңейту жоспарда бар ма?
– Қазіргі уақытта дәл осындай автоматты боттар Вкотанкте және Facebook мессенджерлерінде пайда болды. Қызметті пайдалану үшін алдымен, іздеу тетігі арқылы "Портал egov.kz» ботын тауып алу қажет. Осыдан кейін ботты іске қосып, ұсынылған тізімнен қажетті қызметіңізді таңдайсыз. Телефон нөміріңіз бен ЖСН енгізіп, SMS арқылы келген тексеру кодын енгізесіз. Бұл жердегі қызмет те жылдам көрсетіледі. Қазір "Facebook" чат-бот арқылы 15 қызмет, ал "Vkontakte" чат-бот арқылы – 19 қызмет алуыңызға жол ашық.
– "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының қолға алынғанына біраз жыл болды. Нәтижесі көңіл көншітерлік пе?
– Елімізде "Цифрлы Қазақстан" жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Бағдарламада "2020 жылға дейін мемлекеттік қызметтің 90 пайызы электронды форматта көрсетілуі тиіс" делінген. Ауқымды жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде біз, бұл межеге де таяп қалдық. Бұған дейін қолға алынған " бір терезе" қағидасынан "бір өтініш" форматына көшіп келеміз. Яғни, біздер үшін тұрғындардың бір ғимараттан қажетті қызметтерін алғаны жеткіліксіз. Енді біз, азаматтардың ХҚКО бір-ақ рет өтініш білдіріп, заманауи технологиялардың күшімен бар қызметті алғанын қалап отырмыз. Діттеген мақсатымызға жақын арада жетерімізге кәміл сенімдіміз.
-Сұхбатыңызға рахмет.