Кеңестен күтер үміт көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қабылданған бұл бастама тұтас ел үшін маңызды деп есептеймін. Өйткені билік пен қоғамның арасын жақындата түсетін, өзара диалог құруға мұрындық болатын тетік әсте қажет. Қазіргі таңда, барлығымыз куәгер болып отырғандай, Президент өзі бас болып, күллі өңір басшылары әлеуметтік желілерде халықпен ақпарат алмасу алаңдарын, яғни жеке парақшаларын ашты. Мұны мен транспареттіліктің жарқын үлгісі деп ұғамын. Енді, міне, Қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы мүдделестік талабын одан әрі жандандыра түскендей. Ұлттық кеңес ел болашағына қатысты қандай да бір маңызды стратегиялық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар кезінде халықтың пікір-көзқарасын есепке алатын болады. Әрине, мемлекет бар жерде күрмеулі мәселелердің болатыны заңды. Сондықтан, "келісе пішкен тон келте болмас" дегендей, түйткіл атаулыға ел болып тұтасып үн қату, биліктің халықпен, халықтың билікпен санасуы тек қана оң нәтиже береріне кәміл сенім білдіремін. Кеңес құрамына қоғамдағы әр саланың өкілдері енетіні де көңілге медеу. Күтілер үміт көп, көтерер жүгі де жеңіл емес, әрине. Ортақ мүдденің, түсіністік пен ымыраластықтың, вертикалды тығыз байланыстың кепілі болуы бек мүмкін Кеңестің жұмысына жеміс тілеймін!
Болат Қалиев,
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ докторанты