ЖИҺАНКЕЗ ЖОЛЫ
Жеті құрлыққа жаяу шыққан Богдан Василевскимен әңгіме
Әлемді жалғыз шарлап жүрген румындық саяхатшы Богдан Веселовски Қостанай облысына келді. 31 жастағы турист осыған дейін әлемнің 61 еліне аяқ басқан. Ол діттеген межесіне көбіне жаяу әрі автостоп арқылы жетіп отырады. Богдан Веселовски саяхаттаудағы мақсатын, жоспарларымен бөлісіп, газет редакциясы бас сұқты.
– Богдан, орыс тілінде сұбаттаса аласыз. Басқа қандай тілдерді меңгердіңіз?
– Ағылшын, испан, португал, француз, чичева (малави), итальян тілдерінде емін-еркін сөйлесемін. Басқа да көп тараған тілдерді түсінемін.
– ЖиҺанкезге ең керегі де осы! Біздің елге жолыңыз қалай түсті?
– Қостанайға, жалпы, Қазақстанға Ақтау порты арқылы келдім. Содан кейін Орал, Ақтөбе қалаларына бардым. Негізі Тәжікстан, Әзірбайжан елдерін басып өттім. Ендігі мақсат – Астана, Алматы қалалары арқылы Қытай, Үндістан, Вьетнам, Тайланд мемлекеттеріне жету.
– Саяхаттауды қашан бастадыңыз? Қандай мақсат қойдыңыз?
– Алғашқы сапарымды 2012 жылдың жазында бастадым. Колледж бітірген соң ЕroTrip (Еуропаның дамыған мемлекеттері – авт.) елдерін автостоп арқылы шарлап шығуды жоспарладым. Ол уақытта смартфоным болған жоқ. Сөйтіп, саяхатшы атанып шыға келдім. Алыс жолға шығуыма анам қарсы болды. Ақыры көнді ғой. Румыниядан шыққаныма үш жыл болды. Осынша уақыт анамды көрмедім. Ол қазір Италияда тұрады. Ауқымды саяхатым еріктілер тобымен бірігіп, Африкаға жасалды. Малави мемлекетінде ағылшын тілінен сабақ бердім. Ол былай басталды. EVS (Көпұлтты еріктілер қызметі) бағдарламасы арқылы шетелдерге сабақ беру таңдауы түсті. Бір минут та ойланған жоқпын. Ол жаққа (Малави) кедей ауылдардың біріне баратынымды жақсы білдім. Әуелі балабақшада жұмыс істеп, кейін жоғарғы сыныпқа көштім. Маман тапшы. Аурханаларда ағылшын тіліндегі дәрілер мен рецептілерді аударып беріп жүрдім. Ағылшын тілі мұғалімі болғаныммен, информатика, философия сабақтарынан дәріс оқыдым. Чидиди деп аталатын қыстақта бір жылымды өткіздім. Бастапқыда қиын болғанымен, үйренісіп кетесің. Тіл білудің артықшылығын сонда түсінесің. Біраз уақыт өткен соң әлемнің басқа елдеріне бару қызығушылығы пайда болды. Бұдан әрі Эквадор, Оңтүстік Америка алдымнан шықты.
– Негізгі мамандығыңыз қандай?
– Көп білу немесе әмбебаптық. Егер осындай мамандық енгізілсе, ойланбастан таңдар едім. Диплом бойынша, ағылшын тілі пәнінің оқытушысымын. Басында режиссер болғым келген. Бірақ, бәрібір сыртқы әлем қызықтыратын. Көп білудің тетігі жаҺанды аралау деген түсінік қалыптастырдым. Мұның дұрыс-бұрыстығын кейін көре жатармыз.
– Жол бойынан автокөліктерді тоқтату, халықаралық тұрғыда қолданылатын автостоп Еуропада, Оңтүстік Америкада қаншалықты дамыған?
– Қазір көбіне жаяу жүремін. Шаршаған кезде автостопты пайдалануға мәжбүрсің. Негізі көп жүрген сайын, әлемнің қаншалықты үлкен және сіздің өміріңіздің соншалықты қысқа екенін түсінесіз. Сол себепті де, адамдар бір-біріне мейірімді болу тиіс деп ойлаймын. Автостоп – саяхаттаудың ең қызығы. Ол көп мемлекетте енді-енді дамып келеді. Бұл жерде турист пен саяхатшының арасын ашып алу қажет. Турист автостоп арқылы жүрмейді. Ал, біздің басты қозғалыс көлігіміз – бөгде такси немесе автостоп. Мен жүк көлігінен бастап мотоциклге дейін отырдым. Полиция мен өрт сөндірушілердің көліктері арқылы да жетіп қалдым. Саяжай қайықтары, мал тиелген фургонмен де қатынадым. Мұның барлығы өзіңді саяхатшы сезінуге себеп. Достарым мұны өзіңді қинау деп түсінеді. Тіпті де олай емес. Автостопты қоғамдық көлік ретінде қабылдау жергілікті өңірдің мәдениетіне тікелей байланысты. Сол аймақтың экономикалық жағдайы әсер етеді. Мәселен, Бразилия және Колумбия сынды қылмыс деңгейі жоғары елдерде кез келген көлік жол жиегіне тоқтай бермейді. Тоқтаған жағдайдың өзінде, саяхатшының сенімді адам екеніне көз жеткізуге тырысады. Ал Батыс Еуропада автостоп күнделікті тұрмысқа сіңісіп кеткен.
– Саяхатқа қалай дайындаласыз? Керек-жарақтарыңыз бір сөмкеге сыйды ма?
– Бұл сұрақты маған кездескен адамдардың бәрі қояды. Мынадай кеңес берер едім: кемпинг жиынтығы, смартфон, қалам мен қағаз, карта, су өткізбейтін күртеше және жақсы аяқ киім болса, сіз – саяхатшысыз! Қорқудың қажеті жоқ. Менің сөмкем шамамен 23-25 келі. Онда бойдақ жігітке керектінің бәрі бар. Дайындық жұмыстарына келсек, алдымен, қайда және қанша уақытқа баратыныңды анықтап алуың керек. Саяхатшы көбіне автостоп арқылы жол қысқартады. Сондықтан hitchwiki .org сайтын жаттап алған дұрыс. Географиялық газет-журналдардың да көмегі зор. Алыс жолға шықсаңыз, күннен қуат алатын батареяларды бірінші кезекте алып жүру керек. Дәрігер қобдишасы мен бірнеше бос ыдыстар артық етпейді. Сонымен бірге, электронды поштаға жеке құжаттарымның көшірмесін салып қоямын. Ал жеке құжаттар әрқашан өзіммен бірге.
– Қайда түнейсіз сонда?
– Далада. Қалалық жерде couchsurfing.com бүкіләлемдік саяхатшылар порталы арқылы қонатын орын табамын. Ал, былайша кез келген саяхатшыда tourist tent аталатын шағын үйшігі болады. Менікінің салмағы – 2 келі. Оңай жиналып, құрылады. Сол үйшігіммен Сицилиядағы үлкен қамалда түнегем кездер болды. Лапландия мен Рио-де-Жанейро жағажайының түнін де көрдім. Саябақта тұрған қайықтың астын паналап көрдім. Тағы бір есте қалғаны, Ирландяның Дублин қаласындағы паркте бұғылардың арасында ояндым. Автобус аялдамалары мен жаңадан салынып жатқан ғимараттарды жатын орын еткенім бар. Ал ең қызығы – Эквадордағы Чимборасо тауының биігінде және Перудегі Гокта сарқырамасының жанында түнегенім. Жұрт қаншама ақша төлеп, бес жұлдызды қонақ үйлерде түнеуді армандаса, мен миллиондаған жұлдызды дала қонақүйінде тегін жаттым деп өзімді бір жұбатамын.
– Күніне шамамен қанша ақша жұмсайсыз?
– Бір күнге 5-6 доллар жетеді. Ал Қазақстанда 2000 мыңге жұмсаймын. Көрген елдерімнің ішінде ең қонақжайы – Қазақстан. Бұл шын сөзім. Ақтауда, Оралда, Ақтөбеде, Қостанайда үйлеріне шақырып, қонақ еткендер болды. Оларға ризамын. Кездескен адамдарымның бәрімен суретке түсуге тырысамын. Қазір олардың саны бірнеше мыңнан асты. Түрлі менталитетпен танысу, бұрын естімеген елдердің тарихын білу алға жетелей түседі. Әлбетте, артық ақша міндетте түрде болуы тиіс. Мысалы, бір аралдан екіншісіне автостоп арқылы жету мүмкін емес. Солардың бірі – Пасха аралы. Мен ол жаққа ұшақпен бардым. Мені ол жақта mochilero атап кетті. Латыннан аударғанда жалғыз турист деген мағынаны білдіреді.
– Отбасыңыз туралы айтып беріңізші. Сіздің саяхаттап жүргеніңізді достарыңыз білетін шығар?
– 31 жыл бұрын Румынияның Бухарест қаласында тудым. Бірақ, шағын ғана Арджеш қаласында балалық шағым өтті. Ата-анам сол уақыттағы қайта құру кезеңінің салдарынан көшіп-қонып жүруге мәжбүр болды. Әкем инженер еді. 7 жасымда әкемнен айырылдым. Анам қазір Турин қаласында гид болып жұмыс істейді. Итальян тілінен сабақ береді. Әрине, кез келген ана немере сүйгісі келеді ғой. Бірақ, алға қойған мақсатым тұрмыстық құндылықтардан да биік тұр. Бәлкім, бұл уақытша үрдіс шығар. Дегенмен, ойымның жеткені осы. Үйде күтіп отырған Пенелопамды кездестірмедім. Саяхаттап жүргенде болашақ жарымды кездестіріп қалуым да мүмкін ғой. Ал достарымның көбі қолданамады. Тіпті, бұл сапардың қайғылы аяқталуы мүмкін екенін айтқандар бар. Қазіргі досым – арқамдағы сөмкем. Ақылымды соған айтып, ашуымды содан аламын.
– Айтпақшы, есіміңізді кім қойды? Ғаламторды қарасақ, Румынияда Богдан Веселовски есімді бірнеше атақты тұлғалар өткен…
– Дәл солай. Менімен аттас суретші де, композитор да бар. Жалпы, Богдан – славян есімі. Румынияда кең таралмаған. Атам мен әжем большевиктер көтерілісі кезінде Ресейде болыпты. Менің есімімді солар қойған.
– Богдан, саяхаттау барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Оқырмандарға осы қызық.
– Ондай көп. Мәселен, Чилидің Патагония тауында қатты жел соғып, жарақат алып қалғаным бар. Скопье қаласында көтеріліс жасаған тұрғындарға байқаусызда қосылып кеткенім бар. Ал Малавиде қыстақ ішінде жылындар қаптап жүретін. Адамдар үйреніп кеткен. Бұл аз десеңіз, малавилықтармен бірігіп, тышқан етінен жасалған спагеттиді жеп көргенмін. Ал Африкадағы Сафари туралы әңгіме бөлек. Бегемот пен зебра, буйвол мен керік… Бұларды күнде кезіктіруге болады. Румыниядан шығарда аюды, Замбияда пілден қаштым. Қазір мұны қиындықтар деп санамас едім.
– «Инстаграм» парақшаңызда «ЖиҺанкез әмбебап болу керек» деп жазып қойыпсыз. Нақтылап кетсеңіз, алыс сапарға шыққан адамға қандай қасиеттер қажет?
– Саяхаттап жүрген адам төзімді болуы тиіс. Әмбебаптықтың өзі төзім арқылы келеді. Басқасы сол күнгі тұрмыстың көрінісі ғой. Неге де болса, үйреніп кетесің. Мысалы, саяхаттау жалқаулықты жеңуге үйретеді. Мен бұрын кітап оқығанды ұната қоймайтынмын. Осы сапардың арқасында Италия жазушыларының бірнеше кітабын тауыстым. Атақты «Престолдар ойыны» кітабын аяқтап қалдым. Содан кейін Толстойды бастаймын. Сіз берген Абайдың қара сөздері мен «Парасат майданы» кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасын Вьетнамға бара жатқан жолда міндетті түрде оқимын. Кейін, сізге пікірімді жазып жіберемін. Ал барған елдерім туралы ой-толғауларым мына сілтемеде тұр: https://instagram.com/smiley.traveler?igshid=1u41tpkev382z
– Ендігі жоспар қандай? Сапарыңызды қашан түйіндейсіз?
– Ауқымды жоба – Азия. Одан әрі Сібір асып, барлық құрлықты араласам деймін. Денсаулығым жақсы. «Адамның миы суа болса, дені де сау» деген латын мақалы бар. Дене жарақаттарын алсам да, ішкі жан дүнием бүлінген жоқ. Саяхатшы адам сапарының қашан аяқталатыны туралы білмейді. Олар тек үміттенеді, сенеді. Мен әлемнің қай елінде болсам да, өзімді Румынияның ресми емес елшісімін деп таныстырамын. Қаражат жағы шешіліп жатса, көрген-түйгендерімді «Әлем сапары» атты кітабыма топтастырмақпын.
– Сұхбатыңызға рахмет! Саяхатыңыз сәтті өтсін.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев және
саяхатшының жеке архивінен