Нәтижелі диалог мүмкіндігі
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (бұдан әрі – Ұлттық кеңес) – консультативтік-кеңесші орган. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстарды тұжырымдау. Ұлттық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады. Жаңадан құрылған ұлттық кеңес азаматтық қоғамның ашық әрі тұрақты дамуына ерекше ықпал етуі тиіс. Сонда ғана билік пен халықтың арасында нәтижелі диалог орнайды.
Eлдегі барлық саладағы кезек күттірмей шешілуі тиіс мәселе бойынша жан-жақты конструктивті пікір алмасуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешімі уақытында қабылданды деп ойлаймын. Бұл, Президенттің өзі айтып өткендей, билік пен халықтың диалогын қалыптастырып, жұртшылықтың пікірі назардан тыс қалмауы үшін, билік өкілдері елді толғандырған әр мәселеге құлақ асып, сол мәселелерді шешуге ықпал етуі үшін керек. Менің ойымша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамда, әлеуметтік, экономикалық, тағы да басқа маңызды салаларда қордаланған мәселелерді күн тәртібіне шығарып, осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіретін болады. Әрине, қоғамдық кеңеске мүше болатын азаматтар әртүрлі қоғамдық салалардың өкілдерінен болғаны дұрыс. Оның ішінде қоғам белсенділері, қайраткерлер, өз ісінің білікті мамандары, билік пен халықтың өзара диалогын жақсартуға себепші болатын, елге беделі бар, сөзі өтетін және сөзін билікке де тыңдата алатын тұлғалар болуы керек деп ойлаймын. Бұл еркін айтылатын, өзекті мәселелер қозғалатын пікірлер алаңына айналады деген сенімім бар. Солай жүзеге асуы да керек. Себебі, халықтың билік тарапынан нақты шешімдерді күтіп отырған мәселелер жетерлік. Ол баспана беру жайы болсын, жұмыспен қамту болсын, көп балалы аналардың мәселесі болсын – бәрі де өркениетті түрде, мүдделі топтардың өзара кеңесе отырып шешім қабылдайтын құрылымға айналуы керек.
Динара Өтебаева,
ҮЕҰ Облыстық ресурстық орталығының басшысы,
"ГрИн "Қостанай облысының Азаматтық Альянсы" ҚҚ төрағасы