Есімі алтын кітапқа енген өрен
2017 жылдың қараша айында Қостанай қаласындағы көпірден секіріп, өз өмірін қимақ болған қызды құтқарған Нұрбол Дүйсенбайұлының есімі Қостанай жастарының «Алтын кітабына» енді. Бүгіндері Жанкелдин ауданының Полиция бөлімінде жұмыс істейтін батырды Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев құттықтап қайтты.
Нұрбол – Жанкелдин ауданының тумасы. 2015 жылы мектепті аяқтаған соң Қостанай қаласындағы Ш.Қалыбаев атындағы ІІМ академиясына оқуға түседі. Тәртіп сақшысы болуды бала күнінен армандаған Нұрбол әр кезі қырағы жүреді. 2017 жылы із-түссіз жоғалған азаматты іздеу туралы тапсырма алып, Үлкен көпір маңын аралап жүрген олар Тобылдың қатты ағысы әкетіп бара жатқан қыз баланы байқайды. Қасындағы курстастарымен бірген дереу көмекке ұмтылады. Жылдам әрекеттің арқасында бойжеткен аман қалады.
Бұл ерлігі үшін Нұрбол Дүйсенбайұлы академия бастығының қолынан, тіпті, Қостанай облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетовтің қолынан марапат алады. Міне, өткен жылы Нұрболдың еңбегі тағы да еленіп, Қостанай жастарының «Алтын кітабына» еніп, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің алғысына бөленді.
Биыл оқуын сәтті аяқтаған Нұрбол батыр туған жерге оралып, Жанкелдин ауданы полиция бөлімінде еңбек етуде. Күні кеше ғана Жанкелдин ауданына іссапарға барған Ардақ Ынтықбаев Нұрбол Дүйсенбайұлын аталмыш жеңісімен құттықтап, естелік сыйлық тарту етті.
-Өзің сияқты жастар барша қоғамға үлгі. Бүгіндері сендерге қарап, өскелең ұрпақ бой түзейді, полицияның оң сипаты қалыптасады. Үнемі осылай ерлікті ту етіп, қоғам игілігі үшін адал еңбек етіп, аға буынынң жолын қу,-деп лебізін жеткізді А.Ынтықбаев.
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі