Жалған, бірақ дұрыс
Рудный қаласындағы "Меркурий" супермаркетіне тәртіп сақшылары шұғыл жұмылдырылды. Бұған себеп – ғимарат маңындағы орындыққа әлдекім күдікті пакет тастап кеткен.
Күдік тудыратын қара полиэтиленді пакет жайлы рудныйлық тұрғын "112" нөміріне сағат 17.00-де хабарлаған. Мекенжайға өрт сөндірушілер, ІІБ, ҰҚБ қызметкерлері, және қалалық ТЖ жөніндегі басқарма мамандары дереу жеткен. Абыройға қарай, хабарлама жалған болып шықты.
Қалалық ТЖБ бүгін мәлімдегендей, пакетте әлдебіреудің заттары болған. Қауіпті ештеңе табылмады. Дей тұрғанмен, дабыл тастаушы сақ азаматтың әрекетін дұрыс деп те санайды мамандар. Қазақстанда лаңкестік қауіптің сары деңгейі әлі сақтаулы, сондықтан күш құрылымдары осы іспетті хабарламалар түсісімен ширақ әрекет жасауға міндетті.