Мал атқандар ұсталды
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, көктемнен бастап облыс аумағындағы бірнеше ауданнан мал ұрланған, тіпті кейбір жағдайларда үйірін тастамас айғырларға дейін жоғалып кеткен. Мұндай деректер Науырзым, Әулиекөл, Қарасу аудандарында және Жітіқара қаласында тіркелген. Ал Қостанай ауданында жылқының орға тасталған қалдықтары табылды.Бұл қылмыстарды ашу үшін аудандарда арнайы жедел топтар құрылды. Олардың құрамына жергілікті полиция қызметі, патрульді қызмет өкілдері кірді. Тәртіп сақшылары өрістерді, сондай-ақ автокөліктерді тексеруден бастады.Топтардың жұмысын департаменттің криминалды полиция басқармасы үйлестірді.
"Науырзым ауданының жайылымдарының бірін тексеру кезінде 7 шілдеде Әулиекөл ауданының 25 және 35 жастағы тұрғындары ұсталды. Олардан заттық айғақтар: заңсыз қару, арқан, пышақтар, жіптер табылды. Тергеу жүргізу барысында белгілі болғандай, олар ешқайда жұмыс істемейді. "ВАЗ-2110" көлігімен түнде көрші ауданның төңірегінен иесіз мал кезіге ме деген пиғылмен шыққан. Одан әрі үй жануарларын атып алып ұрлаған. Сойып, бөлшектеп Қостанай қаласына сатуға әкелген. Осындай әрекеттердің бірінде көліктері сынып қалып, ыстық күнде ет бұзылып кетіп, лақтырып жіберуге тура келіпті. Олар "олжаларын" облыс орталығына бара жатқан жолда, Қостанай ауданы маңындағы шұңқырға тастаған", – дейді баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі кезде бұлтартпас дәлелдер болғандықтан, күдіктілерге қылмыстарын мойындамасқа шара қалмады. Қылмыс орнынан жануардың терісі, тұяқтары табылған екен.
Полиция департаменті бастығының орынбасары полковник Жанболат Олжабаевтың айтуынша, қазіргі кезде күдіктілердің облыс аумағындағы мал ұрлығының 12 дерегіне қатыстары бар екені анықталған. Басқа осындай қылмыстарға қатыстары бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Жыл басынан бері өңірде 115 мал ұрлығы тіркелген.