Ана мен бала өліміне не себеп?
Ана мен бала өлімінің әрбір дерегі төтенше жағдай ретінде қарастырылуы тиіс. Бейсенбі күні облыстық прокуратурада өткен қоғамдық кеңесте облыс прокуроры М.Қайбжанов ақ халаттыларға осылай деді. Аймақ прокурорының бұлай деуі бекер емес. Қазір өңірімізде 15-17 жас аралығындағы қыздардың жүкті болып қалуы жиілеген. Мәселен, осындай жағымсыз оқиғаның 2013 жылы 228 дерегі тіркелсе, 2014 жылы ол 322-ге жетіпті. Тағы бір алаңдатарлық жағдай, жыныстық жолмен жұғатын ауру белгілері 12 жасөспірімнен анықталған.
– Дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалаймыз. Алайда емделушілердің өліміне әкеп соққан сапасыз медициналық көмек көрсету фактілері бізді алаңдатады. Мәселен, 2014 жылдың 6 наурыз күні Меңдіқара орталық аудандық ауруханасы қызметкерлері азаматша С.Сатаеваға уақытынан бұрын туған нәрестесінің денесін қорапқа орап, «өлді» деп жерлеуге берген. Алайда, бір сағаттан кейін бала дыбыс шығарып, тірі екені белгілі болған. Оны шақалақтың әкесі байқапты. Сәби облыстық балалар ауруханасына жеткізілгенімен, ол 3 тәуліктен кейін шетінеп кетті. Осы факті бойынша аудандық прокуратура қылмыстық іс қозғады. Бірақ екі тараптың өзара келісімге келуіне орай қылмыстық іс тоқтатылды. Сонымен қатар, прокурорлық тексеру кезінде дәрігерлердің кінәсінен 54 балаға екпе салынбағаны анықталды. Осындай жағдайлар прокурорлардың араласуынан кейін ғана белгілі болды, – деді облыстық прокуратураның 1-ші басқарма бастығы Асқар Сыздықов.
А.Сыздықов сондай-ақ, дәрігерлердің дертті дер кезінде анықтамауы салдарынан емделушілердің 203-і қатерлі ісіктен көз жұмғанын, оның 98-і әйелдер екенін айтты. Басқарма бастығы бұдан бөлек, ата-аналардың да салғырттығы туралы мәліметтер келтірді. Айтуынша, кейбір ата-ана өз міндетін мейлінше атқара алмайды. Бір ғана мысал, Қостанай қаласында жүктіліктің 8 айлығында болған келіншек жаңа жылдық мереке кезінде тәулігіне бір шөлмек араққа дейін ішіп жүрген. Соның салдарынан былтырғы жылдың 10 қаңтары күні нәресте жатырда шетінейді. Ал №17 мектептің 7 сыныбында оқитын 14 жасар көкөрім қыз бала бір жыл бойы 20 жасар ер адаммен бірге тұрып келгені бер жағы, аяғы ауырлап, ақыры түсік жасатуға тура келіпті.
Қоғамдық кеңесте медицина саласындағы маман тапшылығы да сөз болды. Қазір Қостанай облысы бойынша 64 гинеколог пен педиатр тапшы. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасының басшысы ана мен бала өлімін азайтуға бағытталған жұмысты күшейтіп жатқанын жеткізді. Қазіргі уақытта ана мен бала денсаулығын қорғау саласында шетелдік мамандармен тәжірибе жүргізіліп жатыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ