Қостанайда жетінші қазақ мектебі ашылмақ
«Қостанайдағы жалғыз қазақ мектебі жабылады» деген жалған ақпарат әлеуметтік желіні шулатып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ілігіп, араласуына дейін барды. Осы мәселеге қатысты облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Қайрат Ахметовтің төрағалығымен шұғыл түрде брифинг өткізілді.
Алдымен айтарымыз, әрине, бұл ақпарат жалған. Қостанайда қазақ мектебі жалғыз емес, алты бірдей білім ошағы және бір бастауыш мектебі бар. Ешбір білім ошағы жабылмайды, қайта жетінші қазақ мектебі есігін айқара ашқалы отыр. Естеріңізде болса, бұрын Қостанай қаласындағы қазақ тілінде білім беретін жалғыз бастауыш мектебін басқа орынға ауыстыру туралы мәселе көтерілген болатын. Оған қатысты қала әкімі ата-аналармен кездесіп, ұсынысын білдірген. Бірақ кейбір ата-аналар орталықтан мектептің көшірілуіне түбегейлі қарсы болды.
"Интернетте шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер тарап жатыр. Негізі, мәселе бастауыш мектеп тар болғандықтан басқа, кең ғимаратқа көшіру туралы ұсыныстан басталды. Бұл жерде жалған ақпарат таратып отырған жан қаладағы 24 «А» бастауыш мектебін көшіру туралы ақпаратты дұрыс түсінбеген. Біз мектепті жабу емес, оны басқа мекенжайға көшіру туралы ұсыныс айттық, яғни бастауыш мектепті Победа-Бородин көшелері қиылысында орналасқан колледжге көшіру туралы бастама көтердік. Ол қала сыртында орналаспаған. Бұл мәселе бастауыш мектептің тарлығынан туындап отыр. Себебі қазір бастауыш мектепте екі ауысыммен 585 бала білім алып жатыр. Ал оның сыйымдылығы 250-280 балаға арналған. Алайда біз ата-аналардың пікірлерін ескеріп, бастауыш мектепті өз орнында қалдыратын болдық. Сондықтан, БАҚ өкілдеріне дұрыс ақпаратты ғана таратуды сұраймыз",- деді Қайрат Ахметов.
Ал облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк:
–Облыс көлемінде 504 мектеп бар. Соның 120-ы қазақ мектебі болса, 263-і орыс тілді, ал 121 аралас білім ошақтары. Тағы әрі нақты айтарымыз №24 «А» бастауыш мектеп-гимназиясы ешқайда көшірілмейді, – деп нақтылай кетті.
Брифингке қатысқан білім беру ісінің үздігі Әсия Беркенова интернетте шу көтерген ата-аналарға сын айттып, қара бастарының қамын ойлаған жұртшылықты кеңірек ойлауға шақырды.
Қыркүйек айынан бастап ашылғалы отырған қазақ мектебінің сыйымдылығы 960 орын. Ал, жалған ақпарат таратқандардың жауапсыз әрекеті жазасыз қалмайды.