Кәсіпкерлер көмек сұрайды
Қостанайлық кәсіпкерлер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналарынан босатылған бизнес субъектілерінің тізімін кеңейтуді сұрайды. Бүгінгі таңда бәрінен бұрын қоғамдық тамақтану және қалааралық жолаушылар тасымалы кәсіпорындары зардап шегуде.
Жыл соңына дейін МӘМС төлеуден босату қазақстандық кәсіпкерлер үшін жақсы демеу болды. Алайда бұл жеңілдікті шағын және орта бизнестің 29 санаты ғана пайдалана алады. Неліктен қолдауды қажет ететін тамақтану және қалааралық жолаушылар тасымалы саласында жұмыс істейтін бизнес субъектілері бұл тізімге кірмеді? Бұл мәселе күні кеше Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен Медициналық сақтандыру қоры өкілдерімен өткен кездесуде көтерілді.
Бүгінгі таңда Қостанай облысында МӘМС жарналар бойынша "нөлдік" мөлшерлемені 24 062 бизнес субъектісі қолдануға құқылы. Сонымен қатар, олардың 4 272-і осы уақытқа дейін бұл мүмкіндікті пайдаланбаған. Мұндай кәсіпорындардың қызметкерлері емханаға келіп, медициналық қызметтерді алу үшін МӘМС жарналарын өз қалталарынан төлеу қажеттілігіне тап болады.
– Бұның өзі жеңілдікті жандандыру өте оңай екеніне қарамастан солай. Техникалық тұрғыдан алғанда, бұл 10 минут уақыт алады. msb.fms.kz сайтына кіру, онда ЭЦҚ көмегімен авторизациядан өту және өз қызметкерлерінің ЖСН енгізу жеткілікті. Осыдан кейін олар сақтандыру мәртебесін алады, ал кәсіпкер олар үшін жарна төлемейді. Сіздің салаңыздың салықтық жеңілдікке жататынын білу үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына кіріп, ЖК немесе кәсіпорынның БСН немесе ЖСН-ін енгізу қажет, – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қостанай облыстық филиалының Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Асқар Қасымов.
Қамыстылық кәсіпкер Роза Ақбасованың қызмет саласы жеңілдіктер тізіміне кірмейді. Кафе иесінің айтуынша, оның мекемесі әуріпіммен күнелтіп отыр, сондықтан салықтық жеңілдік оған өте пайдалы болар еді.
– Неліктен қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары қосылмаған? Бізге карантиндік шектеулер қатты әсер етті. Аудан орталығында үлкен кафе салғаныма желтоқсан айында 2 жыл болады. Біз бір жыл жақсы жұмыс істедік, қазір тоқтап тұрмыз. Ауылдарда тапсырыс жеткізу режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Кешкі 9-ға дейінгі жұмыс шектеулері күніне 2-3 адамға ғана қызмет көрсетуге әкеліп соқтырады. Қазір қыс мезгілі, коммуналдық шығындар үлкен, несиелер өз алдына. Сондай-ақ МӘМС жарналарын өзіміз бен жұмысшылар үшін төлейміз, әр жарты жыл сайын қызметкерлер тағы да өз ақшаларына медициналық тексеруден өтеді, – дейді Роза Ақбасова.
Жітіқара қаласынан келген Ғалия Шуренованың басындағы жағдай да осыған ұқсас. Кәсіпкер иелігінде кафе және автовокзал бар. Екі бизнеске де карантиндік шектеулер бұғау салып отыр.
– Біз қазір толықтай жабылғанбыз. Жаңа жылдан кейін жағдай түбегейлі өзгеретініне күмәнім бар. Біз айналысатын қызмет түрлерін тым құрығанда болашақта бенефициарлар тізіміне қосуға бола ма? – деген сауалын алға тартты Ғалия Шуренова.
Бизнес өкілдерінің ұсыныстарын салық жеңілдіктері мерзімі ұзартылған жағдайда мұқият қарауға және уәкілетті органдарға жеткізуге уәде берілді.