Алқапты әртараптандыру – заман талабы

Бүгін жылдағы дәстүр бойынша өңіріміздің ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің егістік күні өтті. Қостанай ауданының «Заречный» ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» серіктестігі аумағына аудандардың әкімдері, аймақтың диқандары, мал өсірушілері, ауыл шаруашылығы, ветеринария, тәжірибе станция, ауыл шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын қорғау ҒЗИ, фитосанитариялық диагностика, тұқым шаруашылығы, техникалар мен қосалқы бөлшектер саудалау компанияларының өкілдері жиналды. Ондағы басты тақырып – өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында жоғары өнімді техникалар мен құрылғыларына цифрландыруды енгізу, егістік алқаптарын әртараптандыру, бәсекеге төтеп беретін дақылдар, соның ішінде сояның көлемін ұлғайту. Сондай-ақ, егіннің шығымы, күн райы, зиянкестер мен шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ.
IMG_6862
Биыл аймақтың ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 32,1 млрд теңге (өсімдікке – 8,9 млрд, мал шаруашылығына – 6,7 млрд, басқа салаларға – 16,5 млрд) бөлінген. Гербицидтерді субсидиялауға 4,9 млрд, минералды тыңайтқыштарға 2,5 млрд, тұқым жаңалауға 1,3 млрд беріліп отыр.  Көктемгі егістік науқанына 71 мың тонна дизель отыны жеткізіліп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тауар өндірушілерін 13,9 млрд теңгеге қаржыландырған. 
Үстіміздегі жылы егістік алқабын әртараптандыру көлемі артты. 4 млн 738 мың га егістіктің 530,8 мыңы (өткен жылғыдан 101,3 мыңға артық) майлы дақылға тиесілі. Мал азығының жер көлемі  221,6 мың, ауыл шаруашалығы өндірісіндегі картоп 4,1 мың, көкөніс 900 га құрайды. Қазір аймақта қызу жүріп жатыр. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов сала басшылары мен шаруаларға қазіргі аймақтағы жем-шөп жинау, егінді арам шөптерден тазарту науқанының уақытынан қалдырмай орындалуын ескертті. Себебі, әне-міне дегенше, күзгі орақ та басталып кетеді. Қазір астық жинау техникалары мен астық қабылдау орындарының материалдық-техникалық базасы 90% дайын, бұл жұмысты егін ору басталғанға дейін аяқтауды тапсырды. Айтпақшы, күзгі науқанда өңіріміздің шаруаларына жеңілдетілген бағамен 75 мың тонна жанармай бөлінеді деп жоспарланып отыр екен. Архимед Мұхамбетов еңбек өнімділігін арттыру, егістікті әртараптандыруды ұлғайту, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік бағдарламаларды көрсеткішін жоспардағыдай орындау керектігін айтты. 
IMG_7224
– Өздеріңіз білетіндей, келер жылы 600 мың тонна бидай мен 150 мың тонна майлы дақыл тұқымын тереңдетіп қайта өңдейтін «Биогрейн» инвестициялық жобасы жүзеге асады. Осыған орай майлы дақыл егістік көлемін 700 мың гектерға жеткізуіміз керек. Республикамызда «Солтүстік соясы» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Сол себепті, теріскейдегі аудан әкімдеріне 2020 жылдың көктемгі егістігіне соя тұқымын алуды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Юрий Малышко жетекшілік ететін Жаркөл өңірінің «Трояна» серіктестігі 2010 жылдан бері бұршақ пен майлы дақыл өсіруді бастапты. Ал 2012 жылдан бері соя өсіруді мықтап қолға алған. Алғашққы жылы гектарынан 6 центнер өнім алдық дейді шаруашылық басшысы:
IMG_7259
– Сол жылдан бастап 8,5 мың егістік жеріміздің 5-10-ін соя алып келеді. бұл өзі өте қызық шаруашылық саласы. Ең бастысы, бұл өсімдік азот пен ылғалсүйгіш. Соядан кейінгі жылы сол алқапқа бидай ексеңіз, кемінде гектарынан 30 центнер өнім береді. Ал сояның өзін сатсаңыз, баға жағынан сізге өте тиімді. Былтыр асығыстықпен тоннасын 140 мың теңгеден сатып жіберсек, оны 160 мыңға дейін саудалауға болады екен. Сол себепті, әріптестерімді өсімдіктің осы түрін өсіруді қолға алуға шақырамын, – деді Ю.Малышко.   
IMG_6905 IMG_6897 IMG_6945 IMG_7045 IMG_7013 IMG_6980
«Кировец», «Беларус», «МТЗ», «Essil» «КЗС-1218 «ПАЛЕССЕ GS12», «LOVOL» трактор-комбайндарынан бастап, тіркемелер, жерді сыдыра жыртқыштар, бүріккіштер, ауада елеуіш сепараторы қатарлы ауылшаруашылық техникалары мен құрал-жабдық, қосалқы бөлшектерінің көрмесі шаруалардың мойнын бұрмай қойған жоқ. Бұл техникалардың ауданды бөлігі өзіміздің облысымызда құрастырылып жатыр. Аймақ басшысы алдағы уақыт «Кировец» тракторын шығару өндірісінің іске қосылатынын мәлімдеді.
Егінжай күні қарсаңында жаңа трактор сатып алған шаруашылықтың бірі – «ПКФ Қайрат» ЖШС. Төремұрат Өтепов басқаратын Қамысты ауданындағы серіктестік жиырма жылға жуық уақыттан бері техникаларын жаңартып келе жатыр. Шаруашылықтағы машина паркі қазір шетелдік техникамен толығып, цифрландыру жүйесіне көшкен. Бүгін «ПКФ Қайрат» ЖШС көрме алаңына қойылған құны 14,5 млн теңге тұратын жаңа «LOVOL» тракторын сатып алды. Облысымыздың «Агромаш Холдинг» компаниясы өндіретін бұл «көк өгіз» қуаттылығы жағынан жоғары бағаланады. Серіктестік басшысы ендігі жерде ылғалдың дер кезінде түсіп, егінді ойдағыдай жинап алу басты мақсатымыз дейді.
IMG_7137
– Жаз басталғалы кешелі-бүгін ғана жауын жауды. Әйтпесе, егін күйіп кете ме деп қауіптенгеніміз де рас. Өйткені, күн ысып кетіп еді. Қазір шаруашылықтың жерін 40-50 мм ылғал жапты. Бұған да шүкір дедік. Көп жылғы тәжірибе бойынша шілде айы жауынды-шашынды болады. Биыл 16 мың гектер жерге бидай, арпа, сұлы ектік. Маусым айы құрғақ болып, шөп шықпайтын болған соң, оны да сеуіп отырмыз. Ылғал жетіспейтіндіктен, майлы дақыл өсіруді қолға алу қиын. Қалай болғанда да, биылғы егініміз орташа жылдық өнімін береді деп сенеміз, – деді Т.Өтепов.
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓