ЖАЗБА АЙТЫС: Тоба мен Батырлан
Құрметті жырсүйер оқырман! "Құтты мекен – Қостанай!" республикалық ашық жазба айтысы мәреге таяп келеді. Үшінші айналымның қорытындысы бойынша шешуші сынға 4 ақынның өткенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Осы төрт үздіктің алғашқы жұбы – Тоба Өтепбаев пен Батырлан Сағынтаев бүгін өлең бәсекесіне түскелі отыр. Олардың қандай деңгейдегі өнерпаз екені өздеріңізге де мәлім! Сондықтан жыр жүйріктеріне сәттілік тілеп қоялық!
Бір ескерте кетерлігі, жобаны өткізуге берілген мерзімнің аяқталуына байланысты, төрт ақын соңғы рет айтысады. Яғни финалдық айтыстар болмайды. Ал жүлделі орындардың иелерін қазылар алқасы ақындардың осы жолғы және жазба айтыс басталғалы көрсеткен өнерлерін сараптай отырып анықтайды.
ТОБА:
Ағайын, аманбысың жүрегі нұр,
Мәреге таяп қалды, міне, дүбір.
125 жылдығы Бейімбеттің –
Бар қазақ көптен күткен жыл еді бұл.
Таранға атын берді кеше ғана,
Ел-жұрттың арқасында тілегі бір.
Бірлікпен келген жеңіс осы болды,
Арыстың ауылына сын еді бұл.
Есімі дәріптелмей Бейімбеттің,
Көңілі жабыңқы еді дүйім көптің.
Мұражай, кітапхана атында жоқ,
Одан қалай жүректен сейілмек мұң?
Ағайын, құтты болсын! Әупірімдеп
Әйтеуір сол бақытқа биыл жеттің.
Сөзі алтын, ал, салмағы қорғай еді,
Өзі де ағалардан зордай еді –
Батырлан, амансың ба, арғымағым?
Сен едің мақал сынды сөз мәйегі.
Өзіңді, сөзіңді жұрт танығанда,
Жеткенін көрді алтынның тозбай өңі.
Жоғалған қазынасын, қуанды ғой,
Қайта тауып алғандай Торғай елі.
Екеуміз бір ұстаздан тәлім алдық,
Сондықтан бойымызға дарыған құт.
Біздерге сын көзбенен қарамай ма,
Айбектің шәкірті деп таныған жұрт.
Көрнекті айтыс жасап ал көрейік,
Қылғасын екеумізді қазылар жұп.
Жазуға, ізденуге жігерлі едің,
Жас уақытты құр босқа жібермедің.
Айекең ізге салып, кітап жазып,
Торғайдың ақындарын түгендедің.
Жұрт құсап жазғаныңды жария қылмай,
Түбінде ел еңбегімді білер дедің.
Жас болып желіге де тіркелмедің,
Тыныш жүріп кестелеп жыр өрнегін.
Жұрт ғылыми атақты сатып алып,
Ғылымға сіңірмей жүр түк еңбегін.
Сен болсаң сол атақты иеленбей-ақ,
Аманатқа адал боп шын ерледің.
Ірілік, ізеттілік бойыңда бар,
Ұсақтық емес сенің жүрер жерің.
Бір жерден түлеп ұштық, Батырлан, біз,
Елдің де мерейін сан асырғанбыз.
Ағалы-ініліміз және дағы,
Нағашылы-жиенді жақындармыз.
Нағашы атаң бәйгеге қосушы еді,
«Айқасқа» деген жүйрік атын жалғыз.
Аты аңызға айналған «айқасқаның»,
Тағдырын естігенде «аһ» ұрғанбыз.
Жазылып «Айқасқадай» көсіл, кәне,
Бәріміз соны күтіп отырғанбыз.
Бір жұртың болғаннан соң, жиенжан-ау,
Дәл бүгін не десең де мақұлдармыз.
БАТЫРЛАН:
Дегесін жаным – арым, бағым – өлең,
Байтаққа танытқандай бабын өрен.
Кестелі сөзді жазсақ кесек оймен,
Келмейді жазба айтыстың сәні неден?!
Айтыста болмасам да алып ерен,
Тамаша күтсе оқырман тағы менен,
Қолыма қаламымды қайтып алдым,
Сіңгесін сүйегіме дарып өлең.
Шешен сөз айтқаннан соң шебер мәнді,
Кейінге үш айналым менен қалды.
Талғампаз оқырманды разы қылып,
Тағы да жазсақ болды өлең нәрлі.
Ісі деп әдебиет пен өнер ардың,
Бейімбет өмірінен өнеге алдым.
Жарқырап шықпасам да жасын болып,
Жалғасы болып келем мен Омардың.
Дәуірдің көрген қиын кезде сынын,
Ділмар боп айтқан Омар сөз кесімін.
Жырымен ақ қағазға таңбаланған,
Жұртының жүрегіне жазды есімін.
Тұма өлең таңдайына тұна қалған,
Тіліне сөйлей кетсе жыр оралған.
Тел еміп естілік пен тектілікті,
Бір сөзден мың мағына шығара алған.
Батыр боп тұлпар мініп, ту ұстаған,
Ақын боп тіл ұстартып, жыр ұштаған.
Торғайдан түлеп ұшқан сайыпқыран,
Тобылда тыным тауып, тыныстаған.
Қостанай сол Тобылда шаһар көркем,
Жері бай, берекелі, баһарлы өлкем.
Шаншыған шыбығынан шынар өсіп,
Аз емес беретіні отанға ертең.
Бағасын биік қылып берер қауым,
Алтын дән, астық қылған ел арқауын,
Күн шалған ордасы осы қазағымның,
Саялы сабатында Сарыарқаның.
Жүз қырық жыл бұрында қоныс тепкен,
Қонысын қордалы етіп өрістеткен.
Қостанай қала болып, дара болып,
Жасаған ел еңбегін жемісті еткен.
Қаламмен алған биік қияларын,
(қазақтың баласына бұ да мәлім)
Тобылдың жағасында сайрандаған,
Төріңде ізі жатыр Би-ағаның.
Танытқан әдебиетте ғаламатын,
Бердік біз Бейімбетке Таран атын.
Апару болашаққа міндетіміз,
Арқалап алған баба аманатын.
Жүргесін аманатты ер арқалап,
Көрген ел қуанбас па кемел санап.
Уа, Төке, бірі өзіңсің жүйрігімнің,
Бойыңа түгел сыйған өнер-талап.
Ол рас, бір ұстаздан сабақты алдық,
Түледік, бір ұядан қанаттандық.
Тай кезден тарландармен тайталасып,
Таланды топта сынап талаптандық.
Ол рас, бірге өскен ауылдаспыз,
Ағалы-ініліміз, бауырласпыз.
Мен жиен болғанымда, сен нағашы,
Кемі жоқ туыстықтан тамырласпыз.
Болсын деп мерейімнің асқан жері,
Баулыдың ақындыққа жастан мені.
Қолыма домбыра алып еріп келем,
Соңыңда мен он сегіз жастан бері.
Айтыста жетсе бүгін хабар, хатың,
Тартыста сірә тыным табар ма ақын.
Жонданып отырмысың жолбарыстай,
Жарқырап жыр жазғанда жанарда отың.
Қара өлең қасиет боп қанға сіңіп,
Жүрекке текті сөзден мөр басылып,
Сағымдай садақ жетпес жылдамдығы,
Көрмедің топта өзіңнен жанды асырып.
Ал, Төке, сынға түсер сәт көріппіз,
Сыр тартсақ сырт айналмай сақ болыппыз.
Алғида болмаса да ала майдан,
Айтысып ақ қағазбен тап келіппіз.
Сынассақ өнерменен, өлеңменен,
Танытшы талабыңды сен өрлеген.
Жақын деп жанды аяма айтысқасын,
Жиендік жасамаспын өнерде мен.
ТОБА:
Айтыстың қыздыр дейсің аламанын,
Бәйгеге бұл да сенің жарағаның.
"Жақыным, жан аяма" деп отырсың,
Сол болса орындалсын қалағаның.
Ендеше, тынысыңды тұмшаламай,
Жөн екен қарсылас деп қарағаным.
Дейді ғой «нар баласын қарпып сүйер»
Сондықтан мен де саған нар ағамын.
Жырыңның кең құлаштап жай қанатын,
Ойым жоқ одан жанға қайғы алатын.
Жасымды алға салсам жайың бар-ау,
Жуас аттай жусанға байланатын.
"Тай кезден тайталастық тарландармен",
Дегенің сөз екен бұл ойланатын.
Айекеңдер айтыста жүргендіктен,
Батырлан әлі күнге тай болатын.
Көз алдымда өскесін дегенменен
Қалмайды-ау осы сенің тайлақ атың.
"Омардың жалғасымын" деп қалыпсың,
Жүгі ауыр ұзақ жолды бетке алыпсың.
Сапарың сәтті болсын – тілейтінім,
Ұлы мақсатқа жетуге оқталыпсың…
"Нұрхандай ақын болсам жетер" деген,
Қонысбайды бәйгеге қосқан ұлтсың.
Елге берген уәдесін орындаған,
Қонысқа қол соқпайды босқа жұрт шын.
«Айтыстың ақтаңгері» Айекеңнен,
Тәлім ап өскеннен соң төс қағыпсың.
Әр сөзге есеп берер күн келеді,
Тегі сен тәуір іске тоқталыпсың.
Сөндірме сенімді ақтап: ел жанына
Маздатып үміт деген от жағыпсың!
Омардың айтпағанда ақындығын,
Кім білмес сарбазға ерген батырлығын?
"Әр заманның болар өз сұрқылтайы",
Оны айтуға бар менің хақым бүгін.
Ұлт азаттық көтерілісі болған шақта,
Ақынның көрсетті елге жақындығын.
Амангелді сардармен бірге жүріп,
Арнады ерлік рухпен жасын жырын.
Ақын мен батыр бірге тізе қосып,
Көтерді елдің ауыр асыл жүгін.
Төккен тер, еткен еңбек, жазған жыры
Жаңғырып, дәріптеліп жатыр бүгін.
Мұрасы мәңгі елмен бірге жасар,
Өтсе де қаншама жыл ғасыр бүгін.
Тілімді отыз тіске жанығандай,
Бірі удай, бір сөзімнің дәмі балдай.
Омардың айтысында айтылмаған,
Әқиқат пен шындықтың мәні қандай?!
Қазіргі Тобыл-Торғай өңірінде,
Өлеңші ақындардың жайы қандай?
Мәдениет басшысы Ерлан Қалмақ,
Жасынан жігіт еді қабыландай.
Бар еді оған менің ұсынысым,
Жолдайын, сәлемімді қабыл алғай.
Ақындық бойға бітпес, құт қонбаса,
Сөз жетім, тыңдар басшы жұрт болмаса.
Тобыл-Торғай жерінің ақындары,
Жөн еді ел ісінен сырт қалмаса.
Бас тірейтін бірде-бір ордасы жоқ,
Бұл деген жағдай емес құптаулы аса.
Жас ақындар тентіреп тоз-тоз болды,
Оларды қолдау, қорғау құтқармаса.
Ақындармен кездесіп, кеңес құру
Жайында әкімшілік тіс жармаса.
Ескерусіз, еленбей талай ақын,
Жүр бүгін жасып, бұғып жұрттан қаша.
Солардың үні жетсін жоғарыға,
Қолдау мен қолпаштауға ықпал жаса.
Екінші ұсынысым басқармаға –
Жаңалық болмаса да ашқан жаңа,
Бірнеше аудан, қала, облыста,
Тобыл-Торғай жазылып жатқан дала.
Әр ауданда ай сайын айтыс болса,
Жақсы еді жаңа шыққан жастарға да.
Көшпелі айтыс керуен жобасымен,
Араласақ жегіп ап атты арбаға.
Бір жылдық қорытындысы облыста,
Дүбірлесе жоқ содан асқан баға.
Айтыспен рухы елдің көтеріліп,
Бұрылар бағытымыз басты арнаға.
Бұл газеттің мың алғыс ұжымына,
Ақындарға жаздырған дастан жаңа.
Ұлттық өнер ұлықталсын деген шығар,
«Қостанай таңы» үлес қосқанда да.
Айтпайын жеңіл сөзді жаттанды енді,
Көре қалды дей көрме дақ бар жерді.
Айтайын тағы да бір базынамды,
Ақындық маған сый боп Хақтан келді.
Қостанайда дүбірлі айтыс өтіп,
Былтыр біз шаңдатып ек шапқан жерді.
Тақырып Ақсұлу мен Шақшақ Жәнібек,
Қайнекейдің мұрасын сақтау болды.
Сол айтыста Қонысбай Әбіл сынды,
Қазыға қоймадыңдар мақтаулы ерді.
Келгенін, кеткенін де ескермеуі,
Намысын талайлардың таптау болды.
Ол кісіні тізімге қоспағандар,
Келмейді кем тұстарын ақтауға енді.
Қонысбайды қазыдан сызу үшін,
Айбектей тәрбиелесін ақтаңгерді.
Ал, Батырлан, төкпелеп толғап жібер,
Жалынсың – тұла бойың толған жігер.
Айтатын уәжің болса, ал, тосайын,
Ағаңның сөзін әрі жалғап жібер.
БАТЫРЛАН:
Тұрғанда тұла бойдан күші арылмай,
Талпынып түсер топқа кісі арындай.
«Жақын деп жанды аяма» деп жазғанмен,
Жат көрмей жарастықпен құшағың жай.
Бәйгеде тоқталмасын дегенім бұл,
Өзіңді қыспаққа алмай, құса қылмай.
Жиендік жөнді айтқанда бұл айтыста,
Болар ем топ ішінде тұсауыңдай.
Себебі жиендікте жолды байлау,
Сіз айтқан жасы үлкендік мысалындай.
Уа, Төке, төс қақтың деп қалдың бүгін,
Бұл сөзді айтқызды ма алдыңғы ұғым.
«Тай кезден тарландармен тайталастық» –
деген сөз арттырғаным жанның құнын.
Ойымды ұққанменен бұра тартып,
Неліктен көпке күмән салдың бүгін?
Айтыста Айекеңдер жүргеннен соң,
Білсеңіз, мен тай түгіл болдым құлын.
Ұстазбен тайталасар біз емеспіз,
Ақын боп арқаласақ ардың жүгін.
Мін тағып, оң сөзімді теріс қылып,
Көбейтіп не қыласыз жан кірбіңін?
Ал енді тайлақ атың қалмас десең,
Тағдыры танытпаса тарғылдығын,
Тәңірім өзі берген уақытында,
Тайлақ та арқалайды нардың жүгін.
Көмбесінде қалмасқа көне күннің,
Келешекке үмітпен сене білдім.
"Жалғасымын Омардың" деп жазғанда,
Өрісіне қол арттым өлеңімнің.
Қонысбайдай ағаны мысал ғыпсыз,
Мақтанышы болған соң ел, өңірдің.
Хақ Жаратқан жар болса, мен де солай,
Қазынасын алмаймын неге өмірдің?!
Омар сынды от тілді жан болсам деп,
Ақ батасын алғасын мен елімнің,
"Ондай болмақ қайда?" деп ойламастан,
"Ондай қалай боламын?" деген ұлмын.
Қалайша ер қадірін ел білмейді,
Жақсы мен жаман әркез тең жүрмейді.
Жақсыны Қонысбайдай елемеген,
Жағдайды Тоба көзбен көрдім дейді.
Кейбіреу көзге ілгісі келмесе егер,
Ақынды ақыл, ойы кем күндейді.
Қонысбай – айтыстағы алып бір шың,
Бұлт аспас Бұланайдай сеңгір бойлы.
Төмендеп көрінбейді бағасы ешбір,
Себебі қанша бұлтты төндір, мейлі,
Тәңірі тұтандырған шамшырақты,
Пенде су бүріккенмен сөндірмейді.
Орынын ауыстырып жын-періште,
Түлен кеп талайларды түртеді ішке…
Уа, Төке, Тобыл менен Торғайдағы,
Ақындардың жолы да бір тегіспе?!
Нұрханды бірі мақтап, бірі даттап,
Алдыңғы кей ағалар жүр керісте.
Мәдениет басқармасы жас ақындар
Жырымен шығу үшін сырт өріске,
Бір кеңес құрып еді жастарменен,
Бұл ісін шығарады кім теріске?
Бірақ та аты барда, затын таппай,
Сол кеңес бастамай тұр үлкен іске…
«Төсінде кие тұнған өлкең үшін,
Ақындар, жырменен сыр шертемісің?
Тарихын туған елдің хатқа салып,
Жаз-сәна, түгенделік ел кемісін» –
деп бізге айтқанында қуанған ем,
Сөзінің көрмегесін мен терісін.
Тарихты біз айтқанмен, амал қанша,
Біздерге айтыпты олар «ертегісін».
Табылмай тиянағы сол жұмыстың,
Танытып қабағының тоңтерісін,
Басталмай жатып бітті бастамасы,
Ал, Тоба, өзің байқа оң-терісін.
Бүгіннен бастап жұмыс қылар еді,
Елінің оңалтуға ертең ісін.
Шама жоқ, шара да жоқ қылар бірақ,
Шайырдың жүрген осы өртеп ішін…
Тозады ел ағадан, тон жағадан,
Құт кетпес бірлік көшпей хан, қарадан.
Өтпей ме елдің жайын ойлап ақын,
Өлеңнің көк үйрегі қонған адам.
Қарағай басын шортан шалған күнде,
Қайғымен ханға босқа зарламаған,
Қамы үшін қара қазан, сары баланың,
Ереуіл атқа ер салса ел қараған,
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым –
деп өтіп бұхараға болған алаң,
Маса боп ызың қағып оятқанмен,
Сайғақтай сая таппай сары даладан,
Тар жол, тайғақ кешуде атылғанмен,
Мың өліп, мың тіріліп, қалған аман,
Өзге емес, өзі айтып өз жайында,
Сиямен жасы бірге сорғалаған,
Қазақтан сырласарға жігіт таппай,
Серігі өлең ғана болған әман,
Ел үшін атам десең атыңдар деп,
(Кезі жоқ еркек тоқты қорғалаған)
Келсе де қандай заман ақындармыз,
Қасқырдай қақпандағы қан жалаған.
Бас тігіп жыр жолына құрбан қылып,
Басқасын шыңға бастар жолға қадам.
Қарайлап не қыламыз жоғарыға,
Тұрғанда жүректе жыр, қолда қалам.
Өзіңіз байқасаңыз осыны ойлап,
Ақынды әкім әркез қолдамаған.
Халықтың жүрегінде болмаса оған,
Орын жоқ ен даладан, тар қаладан.
ТОБА:
Үйірсек жан емес ем өзім дауға,
Жөн сөзді бұра тартқан кезім бар ма?
"Төс қағыпсың" дегенім шын сөзі ед,
Айекеңдей алдыңда көзір барда.
Батырлан, оған несін шамданасың,
Төс қағып мақтанардай жөнің барда?
«Тай кезден тайталастық тарландармен»
Деп айтқан тартар болсам сөзіңді алға.
Тай түгіл құлынмын деп өзің айттың,
Оң сөзді теріс қылған жерім бар ма?
Ақ сөйлеп қара қылды қақ жарсаң да,
Шыным сол, түсінсеңде, шамдансаң да.
Тәңірім өзі берген уақытында,
Нар жүгін көтеруді қолға алсаң да,
Тайлақты нар болмайды демеп едім,
Тайлақ атың қалмайды нар болсаң да.
Оң сөзді теріс қылу осы емес пе,
Кім енді қиыс кетіп қалған сонда?
Қайтеміз бұл дүниені бір кем болса,
Кім-кімді де тұзаққа ілген болса.
Нұрханға мін іздемей бас иер ед,
Егер де сөз қадірін білген болса.
Ол – ақынның пендеге айналғаны,
Жүрегіне жаман ой кірген болса.
"Қонысбайды құрметтей алмады" деп,
Сүйретпей-ақ қояйын сүлдемді онша.
Олар жайлы айту да артық екен,
Нұрханға ауыз салып жүрген болса.
Ағаның мен айрылмай міндетінен,
Інінің қуат алып құрметінен.
"Барлық ақын – баласы бір ананың",
Өзім де көп ақынды үлгі етіп ем.
Алла өзі көрсетсін әділ жолды,
Адасып кеткен болса кім бетімен.
Біздер аулақ болайық ақындардың,
Осындай алауыздық індетінен.
Батырлан, тілің уыз, таңдайың бал,
Өзіңе болсын Алла әрдайым жар.
Қатты айтып қоймадым ба деген мына,
Менің де көңілімде сары уайым бар.
"Торғайда тау жоқ" дейді, есесіне,
Қаншама туып-өскен таудай ұлдар.
Өзің де бір төбесің аласармас,
Сол таудай тұлғалардың баурайында ал.
Алтын сақам сен едің алшы түскен,
Менің де мақтанатын жағдайым бар.
Бәйгеде ыстық қаны қайнап тұрар,
Жанары жыр жазғанда жайнап тұрар,
Ақтық сында айтысқан төрт ақынның
Бәрі де ел намысын байрақ қылар.
Үшеуі жазбаның да жүйрігі еді,
Мойнына өлең таққан байлап тұмар.
Ішіндегі айтыскер ақыны мен,
Астына мініп шапқан жайдақ шұбар.
Шамамның келгенінше шауып бақтым,
Сөзімді өзі бағалар қай жақсылар.
"Шамасына қарамай, – дейді қазақ, –
Көженің де бетіне қаймақ тұрар".
"Қос мүйіз болған екен Ескендірде" –
Кетпейді осы аңыз естен мүлде.
Оны тек шаштаразы біледі екен,
Айтылмау керек болған еш жерлерде.
Егер де ел естісе, шаштараздың
Басы ұшып түседі кескен жерде.
Ескендір шаштаразын шақырып ап,
Солай деп ескертіпті ескергенде.
Шаштараздың ішіне симай ол сыр,
Өлімнен қорқады екен тек сөйлеуге.
Ақыры жапан түзге жалғыз барып,
Айқайлап айтқан екен ескен желге.
Жел айдап жеткізіпті жұртқа оны,
Керегі әңгіме ғой көшпенді елге.
Айтыста айтпа деген кей сырларды,
Көтеріп тұра ала ма төс пен кеуде.
Ішіме симай жүрген сырларымды,
Ақтарып айттым, ел-жұрт, тек сендерге.
БАТЫРЛАН:
Жиылып өлең сөздің шеберлері,
Жасалып жатыр жырдың зер-өрнегі.
"Тай кезден тарландармен тайталастық",
Дегенге Тоба әу бастан елеңдеді.
Мынауың сөз екен деп ойланатын,
Теңеуге теріс қарап өлеңдегі,
Айбектей ағамызды мысал еттің,
Тарлан боп жүрген бүгін өнердегі.
Соңында сөз тайлаққа тірелгенмен,
Басында ойды айтыпсың тереңдегі.
Арғысын ашып қарап үңілгенге,
«Ағамен тайталастың» деген жері.
Жазғанда құлынмын деп кішірейіп,
Астарын не сезбеді, не көрмеді.
«Тай түгіл құлынмын деп өзің айттың» –
Деп жазып көрмегесін көп өрледі.
Мәселе тай мен тайлақ, құлында емес,
Тарланмен «тайталастың» дегенде еді.
Түйткілді ой түйініңнен бөлек болса,
Кінәлі қылдың енді неден мені?..
Тоқталмай топқа салса Тоба ерледі,
Айтыста алыс жатыр барар жері.
«Қалмайды тайлақ атың нар болсаң да,
Айтыстың атансаңда табанды ері,
Оң сөзді теріс қылма, мен тайлақты
нар болмайд демеп едім саған», – деді
Қиысқа кетті екен деп сыныңды айтып,
Ұтқандай көрініпсің одан мені,
Бірақ та барласаңыз сөз қалыбын,
Байқалар ой мәнісі, бар өрнегі.
Дұрыстық болса әу баста сіздің сөзде,
Қиыстық біздің сөзде болар ма еді…
Қаламмен ой жемісін көпке берер,
Жазба айтыс бағзы күннен жеткен өнер.
Торғайда таудай ұлдар туғаны рас,
Көз салса көрінетін көпке кемел.
Өтеміс, Жұмабаймен айтысса Омар,
Таңданған жырын оқып бек-төрелер.
Солардың жалғасы едік біз де, Тоба,
Елпілдек жан емеспіз епке көнер.
Бірақ та Омардай шың бола алмасақ,
Кінәні артпаса екен көптеген ел.
Себебі шың да биік көрінбес ед,
Баурында жатпаса егер көп төбелер.
Дүрмекті дүлдүл болып дүбірлеткен,
Тұлпарсың, Тоба, талай күдірді өткен.
Байқатып басымдықты кей тұстарда,
Сөзімді тезге салдың қырын кеткен.
Мен-дағы хал-қадари өлең жаздым,
Ой жеткен, білік жеткен, білім жеткен.
Талқыға сөз тастаған жазба айтыста,
Көтердік елдің намыс жүгін көптен.
Бірліктің берекесін өтсек ойлап,
Тоқталық татулықпен тұғырлы еткен.
Ниет ақ, көңілі таза кірбіңсіз боп,
Не жетер жарастықпен ғұмырға өткен!
Тоба Батырлан жарайсыңдар..