Барды қадірлеген дұрыс
Игі іс жасау үшін батыр, не бай болудың қажеті жоқ. Шын ниет болса болғаны. Мұны Бейімбет Майлин ауданы Юбилейный ауылының тұрғындары дәлелдеді. Олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, 4 бірдей балалар алаңын қайта жандандырды. Бүгінде Мира, Садовая көшесі мен мектептің жанындағы ойын алаңдары балақайлардың сүйікті орындарына айналған. Бастамаға мектеп ұжымы да зор қолдау көрсетті. Ер-азаматтар балалар алаңындағы темір-терсек пен ағаш бұйымдарын ретке келтірсе, әйелдер жағы дайын дүниелерді бояп, әрлеу жұмыстарына септесті.
– Біздің ауыл Рудныйдың іргесінде орналасқандықтан мұнда көшіп келушілер, жаңадан үй соғушылар жетерлік. Тұрмысқа қолайлы, туу көрсеткіші, балалардың үлес салмағы да артып келеді. Сондықтан жаңа балалар алаңы салынбаса да, қолда барды қадірлеу парыз. Әкімдікте барынша көмектесіп жатыр, – дейді ауыл белсендісі Ринат Насыров.
Әрине балаларға дат басқан әткеншектен түрлі-түстісіне мінген әлдеқайда жағымды. Көшенің сәні де кіріп, алаңдардың аумағы халық көптеп жиналатын орынға айналды. Әрине, балалар үшін бұл да жеткіліксіз болуы мүмкін. Ең бастысы, жергілікті билік пен тұрғындардың бірлігі жақсы өзгерістерге алып келетіні анық.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ