Тұқым да, күтім де маңызды
Техника паркін жаңартып, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім көлемін еселеу. Бұл – ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүрген азаматтарға қойылып отырған міндеттер. Осы мақсатқа жету үшін жасалып жатқан қадам, жан-жақты қолдау, бағдарламалар да жетерлік. Оның бәрін шаруалар игеріп жүр ме? Қандай мәселелер бар? Не істелуі керек? Қостанай жерінде өткен «Jańa Dala/GreenDay» арнайы көрмесінде мамандар мен диқандар осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Айта кетейік, көрме бұған дейін, 13-14 шілде күндері республикалық деңгейде Ақмола облысында ұйымдастырылған еді. Бұл соның жалғасы іспеттес, Тобыл-Торғай өңірі фермерлерінің өтінішімен Қостанай ауданындағы «Қазақ тұлпары» ЖШС алқабында өткізіліп отыр.
Іс-шараның салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов және басқа да сыйлы қонақтар сөз сөйлеп, ұйымдастырушылардың жұмысына сәттілік тіледі.
Мамандандырылған көрмеге осы аймақтан және көршілес облыстардан бес жүзден астам қатысушы келді. Оларға елде құрастырылған үш жүзден артық ауыл шаруашылығы техникасы, асыл тұқымды Қостанай жылқылары, алқап өсірілген дәнді дақылдардың сұрыптары, агрохимиялық өнімдер мен тұқымдардың түрлері көрсетілді.
Меймандар алаңқайды аралауды алдымен егістіктен бастады. Ол тұста Тобыл төңірегінде жақсы өнім беріп, климатына бейімделген дақылдар туралы Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибелі станциясының басқарма төрағасы Дамир Қалдыбаев мол мағлұмат берді.
«Бізде ең мол түсім беріп келе жатқан сұрыптың бірі – «Айна». Қуаңшылыққа төзімді. Сондықтан, көбі сұрап жатады. Мен рекордшылар жайында бір-екі ауыз айта кеткім келіп тұр. Меңдіқарадағы «Тимотин» шаруа қожалығы осы бидайды егіп көріп, былтырғы құрғақшылық кезеңінде гектарына 51 центнерден өнім алды. Бұл – шілде айында бір-ақ рет жаңбыр жауғанда алған өнімі. Алтынсарин ауданындағы «Ай-Дала» шаруашылығы әр гектардан 44 центнер астық түсірді. Былтыр елімізде 150 мың гектар алқапта осы бидай себілген, осы жылы 300 мың гектардан кем түспеуі тиіс. Сұраныс жыл сайын көбейіп келеді», – деді Дамир Қалдыбаев.
Оның айтуынша, диқандарды ғаламдық жылыну қатты алаңдата бастаған. Өзі тұратын Қарабалық өңірінде 10 жыл сайын +2 градус жылыну байқалғанын мысалға келтірді. Сондықтан, кәсіпорын басшысы шаруаларды ғылыми технологияларға сүйенуге, құрғақшылыққа әрі ыстыққа төзімді сұрыптарды көбірек егуге шақырды.
Қостанайлық диқан Нұркелген Өтеулин бидай тұқымы климатқа қана емес, жердің жағдайына қарай да таңдалатынын айтады.
«Ерте пісетін, жаздың ортасынан ауа және күзге қарай, кеш пісетін дақылдар болады. Өзіме алқаптағы сұрыптардан «Кудесница» дегені ұнады. Алдағы жылдары егіп көруіміз тиіс. Мына жерден-ақ гектарына 30-35 центнер беретінін көрініп тұр. Өнімнің жақсы шығуы тұқымға байланысты. Күтім де керек. Жерге инвестиция салмасаң – еңбегің еш, тұзың зор», – дейді диқан.
Тұқым демекші, қазір шаруашылықтың осы түріне мемлекет тұрғысынан үлкен көңіл бөлініп жатыр. Бұл туралы «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» ҰАҚ басқарма төрағасы Дархан Балпанов тілге тиек етті.
«Тоқсаныншы жылдары елде қырықтан астам тәжірибелі станция болса, қазір 18-і ғана жұмыс істеп тұр. Біздің мақсатымыз – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан, шаруалардан бір апта көлемінде ұсыныстар күтеміз. Соның бәрін талқылап, кәдеге жарайтынын ескеріп, ортақ қағида жасап шығарамыз. Президент осындай тапсырма беріп отыр. Импорт көлемін бірте-бірте азайтуымыз керек», – деді Дархан Балпанов.
Диқандар мен мамандардың ұсынысы талқыланған соң, арнайы стратегиялық бағдарлама қабылдануы тиіс. Елордадан келген өкіл осы жайында да айтты.
Көрме жұмысы ертең семинармен жалғасады. Зерделі жиынға «Агроөнеркәсіпті онлайн-сервис басқару» тақырыбы таңдалып отыр.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.