Жанболат Олжабаев: «Қазақстан полициясы мақсатына жетті»
Полиция саласында 40 жыл! Гурьев (Атырау) қалалық ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру жөніндегі жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, бөлім бастығының орынбасары, облыстық ІІБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл, кезекші бөлім бастығының орынбасары, облыстық ауданаралық бопсалау мен рэкетпен күрес бөлімінің бастығы, Мақат ауданының ІІБ бастығы, Атырау облыстық ІІД бастығының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, департамент бастығының бірінші орынбасары, ҚР ІІМ «Интерпол» Ұлттық орталық бюросының бастығы, Астана қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары. Бұл 2017 жылы өңірімізге ауысып келгенге дейінгі Қостанай облыстық Полиция департаменті бастығының қазіргі орынбасары Жанболат Құспанұлы Олжабаевтың еңбек жолы. Осы қырық жылдың жиырма жылдан астамы облыстық департамент бастығының орынбасары, бірінші орынбасары лауазымдарына тиесілі екен. Атырау облысы қазіргі Махамбет ауданының Егізкөл елді мекенінің тумасы саналы ғұмырын КСРО милициясы мен Қазақстан полициясына арнап келе жатыр. Тәжірибеге бай, түйгені мол полиция полковнигі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР ІІМ құрметті қызметкері Жанболат Құспанұлымен Қазақстан Полициясы күні қарсаңында қызығынан гөрі шыжығы көп өмірі мен кәсіби қызметіне қатысты аз-кем әңгімелескен едік.
– Жанболат Құспанұлы, полицияда табанды қырық жыл еңбек ету қазіргі заманда сирек көрініс. Осы салаға келуіңізге нендей жағдай себеп болды, отбасыңыз, туыстар шешіміңізді қалай қабылдады? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Он жасымда әкем дүниеден өтті. Әкем Құспан соғысқа қатысқан, ҚазМУ-дің журналистика мамандығын бітірген, ұзақ жылдар партия саласында, Қазтұтынуодағы аудандық филиалының басшысы болған жан. 1971 жылы дүние салды. Анам Акзия аудандағы мектеп-интернатта есепші. Әкеміз өмірден өткенде, сегіз баламыз – бес ұл, үш қыз. Менің алдымдағылар Алматы, Жамбылда оқуда болған соң, үйдегі үлкені мен болып қалып, бүкіл шаруашылық мойныма артылды. Еңбекке үйрендім, анама қолғабыс болсын деп қара жұмысқа жегілдім. Алтыншы-жетінші сыныптардағы каникул уақытында қатарластарым ойнап жүргенде, мен керісінше электриктің көмекшісі, мекемелерде түрлі қара жұмыстар істедім. Сол кезде ата-анамның тәрбиесімен тәртіп, адалдық, әділдікке жақын өстім. Әділетсіздікке, тәртіпсіздікке, әлімжеттікке қаспын. Негізі милиция саласына келуіме осы себеп болды. Өзімді неғұрлым тәртіпті ұстауға тырыстым. Ерте есейдім. 1978 жылы мектеп бітіріп, Қарағанды жоғарғы милиция мектебіне оқуға тапсырып, алғашында оқуға түсе алмай қалдым да, бір жыл мұнай саласында еңбек ете жүріп, келесі 1979 жылы жолым болды. Сол бір жыл аралықта мұнай зауытындағы басшыларым «милиция оқуын қайтесің, Алматының политех институтына бар, ертең бізге мұнайшы болып ораласың» деп көндіргісі келген, бірақ мен алған бетімнен қайтқан жоқпын. Менің ойым – әділдіктің жақшысы, тәртіптің адамы болу. 1983 жылы оқуды аяқтап келген соң Атырау қалалық ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл болып қызметімді бастадым. Өзім туған елде отыз жыл еңбек еттім.
Менің шешіміме туғандарымның ешкімі қарсы болған жоқ. Бірақ үлкендер «адал жүр, әділ бол, сақ жүр, біреуге қиянат жасама» деген ақылдарын айтты. Сол ата-ананың тәрбиесімен өзімізге адал жүруге ант бердік. Қарағанды жоғары мектебіндегі ұстаздарымыздың тәлім-тәрбиесі де үлкен жолға бастауыма себеп болды. Құлжақаева, Мұхамедшин, Фролов, Баймұрзин, Макин қатарлы нағыз өз ісінің мамандары, беделді профессорлары еді. Және ішкі істер саласына деген қызығушылығым бірінші курста оқып жүргеннен-ақ басталды – 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатыстым. Бізге керегі кез келген шараның тыныш өтуі ғой. Ал 1985 жылы Мәскеуде екінші мәрте болып, Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінде де қоғамдық тәртіпке жауапты болдық.
– Ең алғашқы милиция шенін алған кезіңіздегі әсеріңіз қандай болды?
– Жоғары оқуда төрт жыл казармада жатып, күн-түні жаттығу-жиындардажүрген біздің қолымызға лейтенант шенін беріп, туған ауылымзға шығарып салған сәтті сөзбен айтып жеткізу қиын. Ол кезде практикаға ауылға да жібермейтін, сол Қарағандының өзінде өттік. Тағы бір әсерлі сәт ҚР ІІМ Қарағанды академиясына Бәрімбек Бейсеновтің есімін берген кезді айтуға болады. Оқуға түскенде Бәрімбек Бейсеновті көзім көрді. Екі жүз адам бітірдік, менен басқасының барлығы зейнетте. Кейбірі орта жолдан кетіп қалды. Жиырма жылдан астам орынбасар болып келем.
– Сіздің еңбек жолыңыздың нағыз шытырманға толы қайнаған шағы деп тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезін айтуға болады. Рекэт, бопсалау, адам өлтіру қылмыстары артқан. Милициядан көп офицерлердің кетіп жатқан уақыты. Ішкі істер саласында тек табандылық танытқандар ғана қалды десем, артық емес. Сол бір қиын-қыстау шақпен бөлісе отырыңызшы.
– Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халықтың жағдайы төмен, жарық бірде бар, бірде жоқ кез. Жұрт тамақты көшеде пешке пісіруге дейін барды. Дүкендер бос, зат талонмен таратылады. Ол кезде ішкі істер басқармасының (қазіргі департамент – Қ.Қ.) бастығы атышулы Мақат ауданын көтеріп кел деп жіберді. Сонда төрт жыл қызмет атқардым. Қылмыс көп, Мақатқа жұмыс істеуге көбінің батылы бара қоймайтын. Мұнайлы ауданды кезінде сотталғандар салған да, ол жерде жазасын өтегендер көп болды.
Міне, сол тоқсаныншы жылдары көп мықты мамандар жұмыс кетіп қалды. Айлық аз, жұмыс ауыр. Бір мысал, мен аудандық ІІБ бастығы болып отырғанда, еңбекақым 10 мың теңге болатын. Кейде мұнай саласы, электр желісі басшыларымен кездескен кезде, 10 мың жалақы алатынымды естіп таң қалатын. Ана жігіттер сол уақытта 120 мыңға дейін табыс табады. Жылдық, мерекелік сыйақыларын есептемегенде. «Мұндай жұмыста он мың теңгемен қалай күн көріп отырсың» дейтін. Ойлашы, мен он мың алғанда, қатардағы қызметкер қанша алады? Сол себепті, мықты мамандар жұмысын тастады. Тіпті, милицияға жұмыс істейтін адам табу қиындап кетті. Айталық, өзім Атырау облыстық ІІД-нде кадр бөлімінде жүргенде, облыс бойынша 300-ге дейін бос жұмыс орындары болатын.
– Мына сөздеріңізден естелік жазуға болатындай. Ол жағы ойыңызда бар шығар? Жалпы, қызмет бабында есіңізде айрықша қалған сәттермен бөлісе отырасыз ба?
– Қазір естілк жазатындай уақыт та жоқ. Бәлкім кейін қырық жылғы қызметті саралап, қағазға түсіруге болатын шығар. Ұстаздар тәлімі жайында, қаза тапқан әріптестер жайында жазуға болады. Мына бір оқиғалар көз алдымнан кетпейді. Атырауда жүргенде, менің алдымда Асқар Бисекенов есімді майор болды. Мықты жігіт еді. Сол азамат түнде жұмыстан үйіне бара жатқанда, қылмыскерлер жолдан сабап, машинаға салып алып, далаға апарып, 13 жерден пышақ салып өлтіріп кетті. Сол қылмысты апта бойы көз ілмей жүріп аштық.
Өзімді де қастасқан қылмыскерлер бірнеше рет пышақтай жаздады. Қызметтік тапаншаның арқасында аман қалдым. Ол кезде қарумен жүреміз. Бірде түнгі сағат үште жұмыстан үйге қарай жаяу келе жаттым. Көшеде үш адам бір жігітті ұрып-соғып, тонап жатыр. Бірі курткасын, бірі сағатын, тағы бірі әмиянын сыпырып шешіп алған. Мен ол кезде аға жедел уәкілмін. «Жігіттер, бұларың не?» дедім. «Тағы біреуі келе жатыр» дейді әлгілер мені көрсетіп. Енді олар маған жабыла кетсін. Біреуі пышақ шығарды. Спортпен шұғылданғанның арқасы, әлгілермен айқаса кеттім. Қалай дегенмен бір адам үшеуге қарсы тұра алсын ба, бір кезде тапаншамды суырып, «ананың заттарын қайтарыңдар, әйтпесе атып тастаймын» деп есткерттім. Үшеуі үш жаққа қашты. Куртка шешкенін қуып жетіп ұстап алып, бөлімшеге алып бардым. Таңғы алтыға дейін әлгі бұзақыға қарсы іс қозғап барып үйге кеттім.
Тағы бірде нашақорлардың пышағына түсе жаздадым. Жұмыстан үйге келіп, подъезге кіргенім сол еді, күні бұрын аңдып отырған басбұзарлар қанжар сілтеген кезде пышақ ұшы сырт киімді тіліп өтті. Құдай сақтап, ол жолы да тапанша суырып үлгердім. Қаншама қылмыскерлерді ұстайсың, жолын кесесің, түрмеге отырғызасың, соған еркіндікте жүрген жақтастары өштігіп алады.
Ал Мақат ауданында ішкі істер бөлімі бастығы қызметінде отырғанда, үйіміздің терезесіне бірнеше рет тас атқан кез болды. Көшеде жарық жоқ. Қиын болғаны сол, ол кезде соғыстағыдай автомат асынып жүретінбіз.
Қостанайға келгенде, қоғамды дүр сілкіндірген атышулы Д.Махартова өлімін қалайша ұмытасың. Өткен күздегі Қарасу ауданында далада жас өспірім қыздың мүрдесі табылған А. Лаптева ісі де көптің есінде. Сол жолы Қарасу ауданына өзім барып, қылмыстық топты басқарып, сезікті адамды тауып, қылмысты дер кезінде ашқанбыз. Жас адамдардың өлімі өте ауыр тиеді. Ондай қылмыстар ашылғанша, ұйықтамай, күшейтілген түрде жұмыс істейміз. Себебі, ол жайттар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қылмыс ашылса, жеңілдеп қаласың. Өзің қылмысты ашуға тікелей қатысқасын, оның әсерін айтудың өзі артық. Жоғарыдан министрлік, мына жақтан халық қарап отырады. Егер ашылмаса, өзіңді ыңғайсыз сезінесің.
2010 жылы министрдің ұсынысымен Интерполға ауыстым. Бір жылға жақын жұмыс істеп, Астана қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары болдым. Мен жеті жыл елордада жүргенде, ЕҚЫҰ саммиті, Азиада ойындары, әлемдік дін өкілдерінің құрылтайы, ЭКСПО қатарлы ірі халықаралық, әлемдік жиындардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Сырттай қараған адамға біліне қоймасы анық, бірақ біздің жұмыс өте қауырт, жауапты.
– Сіздің келуіңізбен Қостанай облысында қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар пайда болды?
– Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары лауазымына кіріскеннен бастап, бірінші кезекте қылмыстық іздестірудің жедел уәкілетті қызметкерлері тарапынан қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмысқа ден қойдым. Сонымен қатар, облыс бойынша учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, криминогендік жағдайды, есепке алынған элементті зерттеу мақсатында әрбір жедел қызметкерді белгілі бір аумаққа бекітіп, учаскеге қызмет көрсетудің аймақтық-аумақтық әдісін енгіздім. Бұдан басқа, дүкендерде, автобустарда, кеңселерде, пәтерлерде бейнекамералар орнату, сондай-ақ олардың мүлкін күзет дабылына тапсыру мақсатында пәтер иелерінің кооперативі қызметкерлерімен, шағын және орта бизнес, автобус парктерімен кездесу ұйымдастырды.
Өткізілген іс-шараларының нәтижесінде өңірімізде қылмыстық ахуал тұрақты, бүгіндері қылмыс 4,7%-ға төмендеген (6737-ден 6420-ға).Қылмыстың мына түрлері бойынша төмендеу байқалады: кісі өлімі – 44%, қарақшылық – 7%, ұрлық – 10%, бұзақылық – 38% төмендеген. Бұған қоса, қылмысты ашу деңгейі де өсті. Атап айтсақ, қарақшылықты ашу 100%, бопсалау 93,3-тен 94,1%-ға артты, соның ішінде ауыр деңгейі – 100%. Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысын ашу өткен жылғы 37,6% болса, биыл 52,% құрайды. Бұлардан бөлек, пәтер, автокөлік, телефон ұрлығын ашу деңгейі анағұрлым жоғары.
– Жақындарыңыздан полиция саласында еңбек етіп жүргендер бар ма? Жалпы, олардың полиция болғанын қалар ма едіңіз?
– Біздің әулетте менен басқа ішкі істер салсын таңдаған ешкім жоқ. Оларға бұл жолды таңдаңдар я болмаса таңдамаңдар деп айтпаймын. Біздің жұмыс ауыр. Қырық жылдан бері балаларым көріп келеді ғой, «әке, күн-түні бір демалмайсың, қалайша шыдап жүрсің» деп отырады. Рас, демалыс күндері, мейрамдарда біз ел қатарлы көшеде отбасымызбен қыдырудың орнына кезекшілікте жүреміз. Себебі, біз осы жолды таңдадық, мемлекет пен халық алдында ант бердік. Шен тақтық, қасымызда ұжым, мына жақта ел қарап отыр. Ұятқа қалмауымыз керек. Қызметімнің негізгі бөлігі қылмыскерлерді іздестірумен өтіп келеді. Екі қыз, бір ұлым бар. Үлкен қызым Әсел Қазақ-Британ университетінің түлегі, мұнай саласында еңбек етеді. Екінші қызым Гаухар Алматыда халықаралық заң университетін тәмамдаған, қазір Сыртқы істер министрлігінде қызметте. Екеуі де кейін екінші жоғары мамандық алды. Жамбыл, Ақмола елінің азаматтарына тұрмысқа шықты. Ұлым Азамат Атырауда жеке кәсіпкер, анасына бас-көз болып отыр. Келініміз Атыраудың қызы. Ұл-қыздарымнан жеті немере көріп отырмыз.
– Байқағынымыздай, сіздерде бос уақыт деген болмайды. Дегенмен қолыңыз қалт ете қалғанда, немен шұғылданасыз?
– Бос уақыт жұмыс арасындағы үзілістерде ғана бар. Қазір сұқбатымыз аяқталған соң түскі ас мезгілінде үйге кетпей, бірден бассейнге барамын. Аптаның күндерін спорттық жаттығуларға бөліп қойғанмын. Күштік жаттығулар, бес шақырымға жүгіру бар. Керек десеңіз, әне бұрышта (кабинетте – Қ.Қ.) гантельдер жатыр. Жұмыс арасындағы үзілісте солармен жаттығамын. Жас күнімнен спортпен шұғылданып өстім. Мектепте спорт секторы болдым. Бокстан спорт шеберлігіне үміткермін. Футболдан аудандық құрамада ойнадым. Милиция мектебінде болсын-болмасын дене шынықтыру бар. Егер спорт болмаса, мұндай жұмысқа бір күн де жүре алмас едің. Айтайын, қазір кезінде өзіммен бірге Қарағандыдағы оқуды бітіргендер 200 адамның ішінде ішкі істер саласында мен қалып отырмын.
– ХХІ ғасырдың полициясы қандай болу керек?
– Ертеректе милицияға комсомол, партия көмектесті. Мысалы, қылмыстық-іздестіру бөлімінің бастығы болуым үшін мен партияға өтуім керек. Қазір ондай талап жоқ. Дегенмен жас мамандардан білім, адалдық, адамгершілік қасиеттерді талап етеміз. Қазіргі жастардың бойында ондай қасиеттің бәрі бар. Біз – халыққа қызмет етуіміз керек. Осыны талап етеміз. Біз жас тәртіп сақшыларына «халықпен тіл табысып жұмыс істе, пара алма, дөрекі болма, қылмыскерге қосылма» деп үнемі ескертіп отырамыз. Ертең олар бұл талапты орындамаса, бүкіл ішкі істер саласына сөз келеді.
Бұрын тоқсаныншы жылдары көлік те болған жоқ, жаяу жүрдік. Қазір материалдық-техникалық жағдай жақсарды, табыс көтерілді. Әр учаскелік инспектордың өз қызметтік көлігі бар. Жол патрульдік полиция өзімізде құрастырылған жаңа көліктермен жабдықталды. Соңғы модельді компьютерлер, планшеттер. Жергілікті әкімдік тарапынан көше, аула бейне камералары, қызметтік көліктер жақсы көмек көрсетіліп жатыр. Жуырда ұшу аппараттарын алмақшымыз. Себебі, мал ұрлығы көп, жолсыз жерлерде көлікке қиын, тікұшақ көтеру қыруар шығын, сол себепті, дрон тиімді. Ал облыс орталығында орнатылған «Автоуараган» фиксациялық құрылғыларын Рудный, Лисаков қалаларына орнатып жатырмыз.
– Осы орайда алдымдағы мақсатыма жеттім деп толық айта аласыз ғой?
– Өз басымнан гөрі, ішкі істер саласы мақсатына жетті. Бейбіт күнде қаншама жас сержант-офицерлер, небір мықты мамандар басын бәйгеге тігіп, жарақат алып жатыр, қыршын кеткендері қаншама. Соған қарамай, тәуелсіз Қазақстанның полиция деген үлкен институты әбден бекіді. Алдағы уақыт біздің ішкі істер саласының жүйесі бұдан да жақсарады деген сенімім бар.
Р.S. Рас, полиция жұмысы өте қауырт. Біз Жанболат Құспанұлымен сұқбатымызды аяқтай бергенде, телефон соғылып, ар жағынан облыс орталығында бір азамат өз-өзіне қол жұмсады деген ақпарат түсіп жатты.
Сұхбаттасқан Қыдырбек Қиысхан