«Бір ғана Қонысбектің тойы емес…»
Белгілі театр және кино актері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрының артисі Қонысбек Бегайдаровтың 60 жылдық мерейтойына жиналған жұртшылық осылай деді. Расымен де жексенбі күні Ілекең атындағы қарашаңырақта өткен шығармашылық кеш барша қазақ өнерінің мерекесіне ұласқандай.Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер институтында Кәукен Кенжетаев, Рахилам Машурова, Марияш Жақсымбетова бастаған қазақ руханиятының марғасқаларынан тәлім алған Қонысбек Бегайдаров алғашқы еңбек жолын Арқалықтағы жаңадан іргесін көтерген театрда бастады. Бүгінгі күнге дейін талай басты рөлдерді сомдап, халықтың шын ықыласына бөленген жан. Театр сахнасынан бөлек, І.Есенберлиннің тарихи эпопеясы желісімен түсірілген «Көшпенділер», кейінгі уақытта көрерменнің көңілінен шыққан «Мың бала» көркем фильмдерінде рөлдерде ойнап келді. Облысымызда тұңғыш түсірілген қысқа метражды «Саяқ» фильмі де – әкелі балалы Қонысбек, Олжас Бегайдаровтардың төл туындысы. Салтанатты шараға қатысқан Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов өнер қайраткеріне облыс әкімінің құттықтау хатын тапсырды. Ал руханият жанашырлары мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин мен ел ағасы Тарғын Әбенов те дарын иесінің жеткен биігіне тоқталып өтті.
Мерейтойға еліміздің өңірлерінен де құтты болсын айта келгендер баршылық. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова. «Қазақтың Майрасы» атанған әнші Қонысбек Бегайдаровпен бірге оқыған, өнерде де өмірде де досы. Бозбала Қоныстың студент кезіндегі алғырлығын, дарынын ерекше атап өтті.Ал Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты әрі өнер жанашыры, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков те жомарттығын таныта келіпті. Қоныс ағамыз бір кездері Жезқазған театрында еңбек еткен. Сол себептен қасиетті Ұлытау өңірінің сәлемін жеткізе келген Бекзат мырза Тобыл өңірінде жыл сайын театр саласындағы жастарға «Қонысбек Бегайдаров атындағы арнайы жүлде» тағайындалатын болса, оған өзі қаржылай демеушілік жасайтынын жеткізді.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.