Індетті жою – міндет
Өңірде ауылшаруашылығындағы жетістіктердің дені қай уақытта да эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығына байланысты. Бұл орайда ветеринарлық қызметтің атқарып отырған ауқымды шараларын айтпасқа болмайды. Алайда, жетістіктермен қатар ветеринария саласының проблемалық мәселелері де жоқ емес. Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат кеңесінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбай өңірде қалыптасқан ахуал жайлы баяндап берді.
Оның айтуынша, облыста екі жылдан бері бруцеллезге шалдыққан қара малдың саны азайған. Берікжан Қайыпбайдың айтуынша, 2015 жылы өңірде аталған көрсеткіш 0,87% болса, өткен жылы оның деңгейі 0,59%–ке дейін төмендеген. Бұған сала мамандарының аурудың дер кезінде алдын алу шараларын қолға алуы септігін тигізген. Әулиекөл ауданында соңғы екі жыл ішінде ахуалы нашар 12 мекен сауықтырылса, өткен жылы қауіпті індетті жұқтыру деңгейі 2,5 есеге төмендепті. Бұл кезеңде барлығы 4418 қара мал сойылған.
Дегенмен, кей өңірлерде жағдай әлі қалыпқа келе қойған жоқ. Мәселен, Арқалық қаласының аумағында 2017 жылы жұқпалы мал ауруының деңгейі 1,8 %-ке өскен. Сондықтан, індетті ушықтырып алмас үшін салалық басқарма қалалық әкімдікке Фурманов, Жалғызтал, Екідің, Көктау, Жаңақала ауылдарында бруцеллезді қосымша зерттеуді міндеттеген-ді. Бірақ, одан еш нәтиже шыққан жоқ. Аты аталған елдімекендерде ауруға шалдыққан 5030 қара мал есепке алынса, соның бар болғаны 1562-сі ғана тексерілген.
Ветеринария басқармасы жоспарлы тексерулерден кейін, өткен желтоқсан айында сойылған малдардан түбіркүллез ауруын анықтапты. Бұл аша тұяқтылар «Арқалық тәжірбие стансасы» ЖШС-іне тиесілі. Осыдан кейін шаруашылықтағы барлық 417 ірі қара тексерілген. Соның 26-сы қауіпті індетті жұқтырғаны белгілі болды. Мұны Астанадағы ветеринарлық референт орталығы да растады.
Өкінішке қарай, жергілікті жердегі мамандар індетті таралуын жасырады. Бұл ауруды өршітпесе, кемітпесі анық. Аталған факт Арқалық қаласы әкімдігінің бекітілген Стратегиялық міндеттерді орындамағынын айғақтайды. Мәселен, ауру ошағы жиырма күн бұрын анықталғанмен, індет жайлаған шаруашылық ахуалы төмен мекендердің қатарына жатқызылмаған. Сәйкесінше, алдын алу шаралары дер кезінде жүргізілмегендіктен, оны сауықтыру да біраз уақыт алады.
Мұндай кемшіліктер облыстың бірқатар аудандарына да тән. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов басқарма басшысына мал ауруы өршіп тұрған өңірлерді қатаң бақылауда ұстау қажеттігін қатаң тапсырды.
– Атқарылған жұмыстарға еш шүбә келтірмеймін. Бірақ, ол жеткілісіз. Жұқпалы дерттің алдын алу шараларын пәрменді түрде жүргізу қажет. Егер жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылмайтын болса, онда тиісті мамандар жауап беруі тиіс, – деді өңір басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ