Көпқабатты үйдің шатыры құлады
Арқалықта көпқабатты үйдің шатыры опырылып құлады, деп хабарлады «Костанайские новости» порталы.
Үйдің жабыны ретінде бетон плиталар орнатылған. Плита мен пәтерлер арасында техникалық қабат бар.«Бұл жағдай түнгі он екіге қарай болды. Дәл біздің залдың үстіндегі шатыр плитасы құлады. Тиісті инстанцияға хабар бердік. ТЖ қызметі, әкімдік, қызмет көрсететін компания өкілдері оқиға орнына келді», – деді осы үйдің тұрғыны Людмила Генш. Қажетті маманның тұжырымы болмағандықтан, шатыр мәселесі бір тәулікте шешілген жоқ.
Құзыретті органдар құрылысты тексеріп, қорытынды шығаратын маман келмейінше, плитаны алып, жөндеу жұмыстарын бастауға болмайтынын айтады.
Арқалық қаласы әкімінің коммуналдық мәселелер бойынша орынбасары Батыржан Распаевтың айтуынша, плитаның не себепті қирағаны туралы ресми қорытынды жоқ.
«Бірақ, плитаның тірек бөлігіндегі бетонның қирау себебі сыртқы жағдайлардан немесе зауыттық ақау болуы мүмкін. Оқиғадан кейін, әрине, үйдің барлық шатырын тексеріп шықтық. Қалған плиталарға зақым келмеген. Қирандыларды алып тастадық. Жаңасына тапсырыс бердік. Жақын арада орнатамыз», – деді әкім орынбасары.