ТЕЛЕХАБАР ТАРАТУДЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛДЫ
Қостанай облысы шілде айынан бастап аналогты телехабар таратуды өшіріп, эфирлік телехабар таратудың цифрлық жүйесіне біржола көшті. Осыған орай, өңірлік коммуникация қызметінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Байменова мен «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Вахитов БАҚ өкілдерімен кездесіп, телехабар таратудың жаңа жүйесі туралы әңгімеледі.
Зәуре Байменованың айтуынша, облыста цифрлы телехабар тарататын 59 радиотелевизиялық станса жаңартылған. Бүгінде шалғай елді мекен тұрғындары 11 телеарнаға цифрлы желіде қосыла алады. Ал облыс орталығы мен оған жақын орналасқан елді мекендер 26 телеарнаны көру мүмкіндігіне ие. Алдын-ала атқарылған дайындық жұмыстарының нәтижесінде цифрлық эфирлік хабар тарату сигналы облыс аумағының 98%-ін қамтып отыр.
Облыстағы 627 елді мекеннің 42-сі цифрлық телехабар тарату аумағына енбей қалған. Жергілікті атқарушы билік мұндай елді мекендерге «Отау-ТВ» спутниктік телевидение желісімен қамтуды көздеп отыр. Бүгінге дейін 1500-ден астам үй шаруашылығына арнайы спутниктік қондырғылар орнатылған.
Үйдегі теледидарды цифрлық жүйеге қосу үшін цифрлық қабылдағышы бар арнайы қондырғы сатып алуға тура келеді. Бұл құрылғы бұған дейін «Складское» сауда алаңындағы дүкендерде 3 мың-3 жарым мың теңге тұратын. Соңғы 10 күн ішінде оған да сұраныс күрт өсіп, бағасы 4-5 мың теңгеге жеткен. Нарық пен халықтың арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында облыста тұрмысы төмен 687 отбасы мемлекеттік бюджет есебінен тегін цифрлық қабылдағыштармен қамтамасыз етілген.
Жиын барысында «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Вахитов цифрлық эфирлік хабар таратудың артықшылықтарына кеңінен тоқталвп, сандық теледидардың облыс аумағында таратылатын отандық телеарналар спектрін кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Бұл «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған нақты қадамның бірі. Осы қадам арқылы мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашылады. Өйткені отандық арналардың хабар тарату үлесі мен сапасы артқалы отыр. Тағы бір айта кететін мәселе, цифрлық хабар таратуды енгізу қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтықты төмендетеді, – деді ол.
Егер теледидарыңызды цифрлық жүйеге қоса алмай немесе қандай да бір нәрсеге түсінбей жатсаңыз, «193» телефон санын теріп, «Қазтелерадио» АҚ жанынан жұмыс істейтін Call-орталыққа тегін хабарласуға болады. Бұл орталық аптасына 7 күн, 24 сағат бойы жұмыс істейді.
Нұрқанат Құлабаев